Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құқық қорғау органдары жастармен берік байланыс орнатады

0 216

Жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алудың жолы қандай? Жас буынды келеңсіздіктерден қалай сақтандыра аламыз? Бұл сұрақ бұрын да өзекті болған. Қаңтар оқиғасынан кейінгі сансыраған ата-аналардың жай-күйі жасөспірімдер тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау керектігін тағы бір еске салды. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне немқұрайлы қарамау қажет екенін ескертті.

Облыс прокуратурасының бастамасымен құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі жастармен өткізген кездесудің түпкі мақсат, мәні де осы болды. Жас буынның аңғалдығынан орын алған жағымсыз жайттардың салдары қандай түйткілдерді туындататынын еске салған сала басшылары студенттермен ашық әңгімелесуге ұмтылды. «Тәйт» деуден бұрын, терезені тең ұстап кеңесуге, «қылмыстың соңы – жаза» деп қорқытудан гөрі мәселені бірге шешуге шақырғаны – профилактикалық жұмыстардағы бетбұрыстың басталғаны.

Жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровоблыстағы жастар мен кәмелеткетолмағандар арасындағы профилактика саласындағы проблемалықмәселелерге кеңінен тоқталды.Оны шешудің жолдарын тарқатып айтты. «Жастарды түрлі құқық бұзушылықтардан сақтандыру үшін құқық қорғау органдарының жасауы тиіс бірден-бір тиімді қадамы – оқу орындарымен тығыз байланыс орнату. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз мобильдік топтар құрдық. Олар осы айда барлық мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарын түгел қамтып, жұмыс жүргізетін болады», – деді Нұрғалым Мәжитұлы.

Облыс прокуроры кез келген құқық бұзушылықтың арғы жағында оған түрткі болатын проблема тұратынын атап өтіп, әділетсіздік, кейбір бармақ басты, көз қысты әрекеттердің соңы – жұртты ашындырып, қылмысқа итермелейтінін сөз етті. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, түпкі түйткілді анықтау үшін жабық сауалнамалар жүргізіп, студенттер арасында түрлі акциялар өткізуді ұсынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыс бойынша депарамент басшысы Ә.Әшірбаев та жастар арасында ашық диалог орнауы тиіс деп есептейді. Жиында департамент тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған ол жастарды әрқашан белсенді болуға шақырды.

Кездесудің модераторы – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов қоғамда қалыптасқан жағдайларға тоқталып, өңір жастардың негізгі тобының Тараз қаласында топтасуы жоғары оқу орындары мен колледждердің орталықта орналасқандығынан екенін айтып өтті.

Расында, қоғамдағы өзекті мәселелердің  бірі – жастар және жасөспірімдердің жағымсыз әдеттерге үйірлігі. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру – қоғамдағы аса маңызды міндеттердің біріне айналғаны да сондықтан дейді.

– Бүгінде кәмелетке толмағандармен түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстар орын алып отыр.Облыстық полиция департаменті2 айда кәмелетке толмағандар 7 қылмыс (Тараз-2, Жуалы – 3, Кордай-1, Сарысу-1) жасағанын мәлімдеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,3 пайызға төмен көрсеткіш болса да, жас жеткіншектердің жаман аты шыққаны жақсы емес. Сондай-ақ бізді оқушылар арасындағы топтық төбелестің белең алуы алаңдатып отыр.Мысалы, ақпан айында оқушылар арасында 2 топтық төбелес (Т.Рысқұлов, Қордай аудандары) тіркелсе, наурыз айында Тараз қаласы бойынша 4 төбелес (№№11,18,55,40 мектептер) тіркеліп,

5 кәмелетке толмаған әр түрлі дене жарақаттарын алған.Оқушылар арасында иықтарымен соқтығысып қалу секілді болмайтын келіспеушіліктердің соңы қылмысқа, бір-бірлеріне дене жарақатын келтіруге әкеліп соққан. Бұл секілді мысалдар көп.

Облыста 154 кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары жұмыс істейді.Барлық мектептер мен колледждерде заңмен қайшылықта болатын балалармен жұмыс жүргізу үшін Құқықтық кеңестер құрылған. Сонымен қатар, облыс бойынша облыстық прокуратура, ішкі істер департаменті мен білім саласы қызметкерлерінің 785 өкілінен құрылған 91 мобильдік топбар, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Рахымберді Әшкеев жастарды жағымсыз әдеттерден аулақ болуға шақырып, тәртіп пен талапты сақтағандардың жайсыз жағдайлардан алыс жүретінін еске салды. Студенттерді қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға шақырды.

Жалпы бұл кездесуге Тараз қаласының әкімі, бірқатар басқармалар мен департаменттің басшылары да қатысқанын айта кету керек. Ашық әңгіме барысында көтерілген мәселелер мен түрткі болған түйткілдердің қай салаға да қатыстысы болды.Жастар тәрбиесіне, қоғамдағы жайлы әлеуметтік ахуалды қалыптастыруға жауаптылардың түгел бас қосқанының пайдасы да осы шығар. Олар керегін өздері түртіп алып отырды.

Қай кезде де ашық диалог – көкейдегі көп сауалды қозғайтыны сөзсіз. Студенттер құқық қорғау органдарының басшыларына бірқатар өзекті сұрақтарды қойды. Соның бірі – жастарды қаржы пирамидаларының алаяқтығынан сақтандыру жолдары. Құқықтық нигилизммен күресудің жолын сұрап, жасөспірімдер арасындағы булингке қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатқан сұраған жастар өздерінің ойы озық, көп нәрсеге құлағы түрік жүретінін аңғартты.

Түйін:Еліктеушілік, сөзге ерушілік, көзжұмбайлық, қызбалық – жас буынды жарға жығатын мінез-құлық та тап осылар. Алысқа бармай-ақ кешегі Қаңтар оқиғасындағы жағдайды айтсақ та жеткілікті. Күдікті ретінде тергеуге алынғандардың көпшілігінің айтқаны – «еріп барып едім» болды. Бір ғана бұл емес, жастар арасындағы түрлі жанжалдар да көп. Бір-біріне жұдырық ала жүгіріп, қоқан-лоққы көрсететіндері қаншама. Оның соңы келеңсіздіктерге ұласып, арнайы тізімге ілініп жатады. Одан кейінгі жағдай – перзентінің жаман атын шығарғысы келмейтін, жаманатқа қимайтын ата-аналардың сабылысы.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.