Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Әулиеата жастары»: Алғашқы баспананың кілті табысталды

0 744

Облысымызда биыл жеңілдікпен үй алуға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бүгін аталған бағдарлама аясында тұрғын үйге қол жеткізген Самат Бекболатовтың отбасына баспана кілтін тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов, Талас аудандық мәслихатының депутаты, аталған бағдарламаға қатысушылардың өтінімдерін қарау және бағалау жөніндегі комиссия мүшесі Үміт Битенова қатысты.

Әуелі сөз алған Жомарт Дүйсенұлы қуаныш иелерін қоныстойымен құттықтап, ізгі лебізін жолдады.

– Мемлекет тарапынан жастарға үнемі қамқорлық жасалып келеді. «Әулиеата жастары» бағдарламасы соның айқын көрінісі. Жастарды баспанамен қамтуға арналған жоба өз жемісін беруде. Алдағы уақытта бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, қаржысын арттыруды көздеп отырмыз, – деді басқарма басшысы.

№15 ықшамауданнан баспаналы болған Самат Бекболатов та қуанышын жасырмады.

– Қазір тұрғын үй тауқыметін тартып, пәтер жалдап жүрген жастар өте көп. Осындай бағдарламалар сол олқылықтың орнын толтырып, көпшілікті шаттыққа кенелтуде. Іріктеуден іркілмей өтіп, баспаналы болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл үшін облыс басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Отбасым да жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатындарына шексіз риза. Бағдарламаның ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін, – дейді қоныстой иесі.

Білім беру, денсаулық, мәдениет, спорт, журналистика салаларын қамтыған бағдарламаға  барлығы 690 жас қатысып, 71 өтінім берудің соңғы күніне дейін қайтарылып алынған. 619 өтінім комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 54 қатысушыға «Отбасы Банк» АҚ-на жолдама берілген. Ал банк тарапынан 21 адамның өтініші расталып, оның 5-і баспаналы болды. 13 қатысушының өтінімі төлем қабілеттілігі расталмағандықтан кері қайтарылса, 1 қатысушы несие алудан бас тартқан. Қалған 19 қатысушының өтінімі банк қарауында тұр. Сондай-ақ тағы 13 үміткер резервтік тізімге енгізілген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.