Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеата өңірі дамудың даңғыл жолында

0 239

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп берді. Аймақ басшысының айтуынша, ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында берілген тапсырмаларды тиімді іске асырудың арқасында негізгі саладағы көрсеткіштердің серпінді өсуі қамтамасыз етілген.

Айталық, биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 5, ауыл шаруашылығы – 1,5, құрылыс – 8, пайдалануға берілген тұрғын үй – 18,5, негізгі капиталға салынған инвестиция 7,1 пайызға артқан. Ал инфляция деңгейі жыл басынан бері – 107,7, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған.
– Жаһанды жайлаған пандемия елімізді біраз әбігерге салды. Бірақ дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінде өңірімізде індетке қатысты жағдай тұрақты болып отыр. Пандемия басталған кезден бастап 21 341 адам науқастанса, оның 20 565-і ауруынан айықты. Сондай-ақ медицина ұйымдарында 4241 төсек қоры жасақталса, оның 399-ы реанимациялық сипатта. Тұрғындарды егу жұмыстары да қарқын алуда. Мәселен, жамбылдықтарды «COVID-19» коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинациямен қамтамасыз ету мақсатында 45 көшпелі егу пункттері қызмет көрсетуде. Соның нәтижесінде қазіргі таңда жоспарланған 631 300 адамның 613,2-сі екпе алды. Ал америкалық «Pfizer» вакцинасымен 3674 адам қамтылып отыр. Бұл бойынша межеленген жоспар – 139 230 адам. Бұдан бөлек, 38 мониторингтік топпен жүргізілген 3657 рейд нәтижесінде 992 хаттама толтырылып, 126,3 миллион теңгеге айыппұл салынды, – деді облыс басшысы.
Өңірге инвестиция тарту жұмыстары да қарқын алып жатқан көрінеді. 2025 жылға дейін 2,7 триллион теңгені құрайтын 107 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде екен. Ал ағымдағы жылы 65,8 миллиард теңгеге 13 жоба, 10 айда 50,7 миллиард теңгеге 5 жоба жүзеге асқан. Сондай-ақ Президенттің Жолдауындағы міндеттерді орындау аясында фармацевтика саласы да белсенді дамып, есепті кезеңде 2,4 есеге өскен. Осы орайда Қордай ауданы, Гвардейск ауылында орналасқан биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыт құрылысының бірінші кезегі аяқталған. Бүгінгі күні зауытта «QazVac» вакцинасының 2,5 миллион дозасы «СК-Фармация» хабына жіберілсе, жыл соңына дейін мұны 3 миллионға жеткізу жоспарлануда.
Бердібек Машбекұлы келтірген деректерге сүйенсек, аймақта әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияны ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұл өнімдердің импортын алмастыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылуда.
– Есепті мерзімде егістік алқабы 30 мың гектарға ұлғайып, 752 мыңға жетті. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан 112,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 82 мың гектарға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар 41 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, көлемі 179,8 мың гектарды құрады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2021-2025 жылдары 350,4 миллиард теңгені құрайтын 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Онда 3,6 мың жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде биыл 18 жобаның 16-сы өз жұмысын бастады. Жоспарланып отырған сондай ірі жобалардың бірі – қуаттылығы жылына 150 мың тоннаға жетіп, 300 жұмыс орнын қамтитын нысанның құны 93 миллиард теңгені құрап отыр. Кәсіпорынды іске қосу 2023 жылға жоспарланған. Бұдан бөлек, түрік инвесторларының қатысуымен «Гокнур Гида» ЖШС 42 миллиард теңгеге 1 300 гектар жерге қарқынды бақтарды өсіру және жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу бойынша жобаны іске асыру көзделуде. Сонымен қоса «Алель Агро» АҚ мен бройлер етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорынның қуаттылығы 45 мың тоннаға жетіп, құны 26,5 миллиард теңгені құрайды. Соның нәтижесінде 800 жұмыс орны құрылмақ. Бүгінге бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 43 тонна құс еті өндірілді. Экспорт саласы да қарқынды дамуда. Айталық, есепті кезеңде 4,5 мың тонна ет экспортқа жөнелтілді. Балық шаруашылығына да басымдық берілуде. Бүгінде облыс бойынша аталған шаруашылықты жүргізуге арналған 142 су қоймасының 24-і жасанды. Ал форель балықтарын өсіруге арналған 17 тау учаскелері анықталды. Жыл басынан 363 тонна балық өндірілді. Бұл мақсаттағы жоспар 105,9 мың тонна болатын. Сондай-ақ осы өндірісті 2025 жылға қарай 3 мың тоннаға дейін жеткізу көзделуде, – деген аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілгенін алға тартты.
– Өңірімізде 19 әлеуметтік азық-түлік тауарларының 9-ы артығымен, 8-і 50 пайызға қамтылып, 2-і басқа өңірлерден жеткізілуде. «Айналым сызбасы» жобасы аясында жергілікті бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлініп, 1,8 миллиард теңгеге 4,9 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар мен 6,5 миллион дана жұмыртқа өткерілді. Сонымен қатар тұрақтандыру қоры арқылы 577,9 миллион теңгеге 4,5 мың тонна өнім өткеріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Бүгінгі күні сондай-ақ 3,5 мың тонна көкөніс қоры жасақталды. Шекті бағадан төмендетілген азық-түлік тауарларын өткеретін 32 әлеуметтік павильондар мен ірі сауда желілері арқылы 22,2 миллион теңгеге 3,9 мың тонна өнім сатылуда. Бұдан бөлек, 54 жәрмеңке өткізіп, 463,3 миллион теңгеге 1,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтан 8-20 пайызға төмен бағада ұсынылды. Осы мақсатта тауар өндірушілер және сауда желілерімен 1171 меморандум жасалды, – деді спикер өз сөзінде.
Жамбыл жерінде кәсіпкерлік саласы да кеңге құлаш сермеуде. Қазіргі таңда өңірде 71,7 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істесе, онда 123 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 1177 кәсіпкерге 5,1 миллиард теңгеге шағын несие берілсе, 4,7 мың адам 2,7 миллиард теңгеге қайтарымсыз мемлекеттік гранттың иегері атанған. Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1062 кәсіпкердің несиесін ішінара кепілдендіруге 2,1 миллиард теңге бөлінсе, 1242 кәсіпкердің несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 5,3 миллиард теңге жұмсалған. Сонымен қоса, «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тетігі бойынша 15 кәсіпкерге инфрақұрылым жүргізуге 2,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Қабылданған шаралардың арқасында шағын және орта бизнестің үлесі 21,2 пайыз артып отыр. Тағы бір қоса кетерлігі, «Қарапайым заттар экономикасы» негізінде 71,3 миллиард теңгеге 179 жоба мақұлданып, 64,3 миллиард теңгеге 177 жоба несиелендірілген. Тиісінше кәсіпкерлік субьектілерінен 33,9 миллиард теңге салық түсіп, 16,8 пайызға ұлғайған.
Бүгінде еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда жүйелі жолға қойылған. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері 598,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен 651 мың шаршы метр беру жоспарлануда.
Облыс әкімі автожолдары дамыту бо-йынша қолға алынған ілкімді істерге де тоқталып өтті. Оның сөзінше, есепті кезеңде осы мақсатта 12,7 миллиард теңге бөлініп, мемлекеттік бағдарламалар аясында 479,1 шақырым жолдар салынып, жөнделген.
– Жалпы 191 жоба іске асырылып, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 90 пайыздан 95 пайызға, елді мекен көшелерінде бұл көрсеткіш 77,2 пайыздан 79,2 пайызға жетті.
32 жаңа автобус сатып алынса, жыл соңына дейін тағы 40 қоғамдық көлікті қолданысқа беру көзделуде. Сондай-ақ «Тараз-Алматы» бағытындағы әуе рейстері жандандырылды.
Ағымдағы жылы тағы 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 82,2 пайыздан 88,7 пайызға дейін артатын болады.
Ең бір маңызды мәселе – газдандыру. Биыл 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылып, оның үлесін 88,6 пайызға жеткізбекпіз.
Өңірде «Еңбек» бағдарламасы аясында 54,4 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 1191 жұмыс орнын құратын 29 жобаны іске асыруға 9,5 миллиард теңге бөлінді. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 67 ауылдық елді мекенде 8,7 миллиард теңгеге 119 жоба іске асырылып, 400-ден аса жұмыс орны құрылды. Осы және басқа да мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар нәтижесінде жыл басынан бері жалпы 33,9 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 18,7 мыңы тұрақты екенін айта кеткен жөн. Соған сәйкес тұрғындардың әл-ауқаты көтеріліп, бір қызметкердің орташа жалақысы 184,4 мың теңгеге, жан басына шаққандағы халықтың орташа табысы 92 мың теңгеге жетті, – деді Бердібек Машбекұлы өз баяндамасында.
Облысымыздағы білім саласы да қанатын кеңге жаюда. Соның жарқын айғағы – ағымдағы жылы білім саласын дамытуға 218,2 миллиард теңге бөлінсе, 23 білім нысанының құрылысын жүргізуге қазынадан 11,1 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ бүгінгі күні 6 білім нысаны пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 3 мектеп ғимаратына жапсарлас нысанның құрылысы аяқталып, 2 білім ордасы есігін айқара ашпақ. Соның нәтижесінде облыстағы 2 апатты, 1 үш ауысымды, 3 орын тапшылығы бар оқу ордасының мәселесі шешілген. Ал қалған 2 апатты, 4 үш ауысымды мектептердің мәселесі 2022-2023 жылдары кезең-кезеңімен шешілмек. Сонымен қатар 12 білім нысаны 2022 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, жеке бастамалар есебінен 12 жекеменшік мектеп ашылса, 2,8 миллиард теңгеге 16 мектеп күрделі жөндеуден өткен.
Өңірімізде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылғанын да зор мақтанышпен атап өтуіміз керек. Сондай-ақ «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 4 үздік тәжірибе орталығы құрылып, мейірбике ісінде медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша инновациялық медициналық-әлеуметтік технологиялар енгізілген.
Спорт саласында едәуір ілгерілеу бар. Соның жарқын мысалы, осы саланы дамытуға жалпы 11,7 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі таңда облыста 2836 спорт нысаны бар, онда 405,6 мың тұрғын салауатты өмір салтымен жүйелі түрде шұғылдануда. Бұдан бөлек, 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, 5 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде.
Туризмді дамыту мақсатында облыста туризм саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Соның негізінде Айша бибі кесенесі және «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында тегін туристік қызмет түрлері ұсынылатын туристік ақпараттық дүңгіршектер орнатылып, іске қосылды. Бұдан бөлек, «Тектұрмас» этнотарихи кешенін қайта қалпына келтіріліп, жеке инвестиция есебінен «Қаралма» тау-шаңғы және «Көксай» этнотуристік кешендерінің құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, аймақтық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру да игі үрдіске айналғаны мәлім. Соның бірі «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 2,8 миллиард теңгеге 67 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Ал «Асар» жобасы аясында 133 үйдің құрылысы жоспарланып, 76-сы пайдалануға берілсе, «Таразға тарту» арқылы шаһар аумағында 1 миллиард теңгені құрайтын 41 нысанда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» шегінде 12,7 миллиард теңгеге демеушілер қаражаты есебінен облыс орталығында 10 əлеуметтік нысанның құрылысы жасалып, 2-і есігін айқара ашты.
Міне, осындай жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек еткен Бердібек Машбекұлы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да тұшымды жауап берді.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.