Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ұлттық руханияттың негізі мектептен қалыптасуы керек»

0 103

Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтуде. Осы жылдар ішінде еліміз биік белестерді бағындырды. Әлбетте, бұған егемендіктің елең-алаңында еңбек майданына араласқан жандардың қосқан үлесі орасан екені анық. Сондай азаматтың бірі, Тараз қаласының Құрметті азаматы, облыстық №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының басшысы Балабек Нарбаевпен жуырда тілдесудің сәті түскен еді.

– Балабек Жанбекұлы, күні кеше ғана берілген «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағымен құттықтаймыз! Жалпы қандай әсердесіз?
– Рақмет. Жалпы бұл менің ел алдында жасаған еңбегіме берілген баға деп білемін. Негізі, мен еңбекке ерте жастан араласқан адаммын. Өйткені 6 жасымда әкемнен айырылдым. Отбасымызда 7 бала болды да, бар ауыртпалық анама түсті. Ол күндіз жұмысшы болып еңбек ететін де, кешке бір дүкеннің еденін жуатын. Күнделікті үй шаруасы тағы бар. Қазіргідей барлығы дайын тұрған жоқ. Таңертең сүт алудың өзіне де кезекке тұратын. Әкем өмірден қайтқанда үлкеніміз 11 жаста, кенжеміз 9 айлық қана-тұғын. Шиттей бала-шағаны жеткізу оңай емес. Сонда анамның: «Шіркін, бізде бір сиыр болғанда еш қиналмайтын едік», – деген сөзі әлі күнге дейін есімде. Елбасының екі сиыр туралы айтқанын қазір көпшілігі әжуаға айналдырып жүр. Шын мәнінде, тар замандағы жоқшылықты көріп өскендер сол сөздің мәнісін жан дүниесімен ұғынады. Содан болар, бұғанамыз тез бекіді. Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, сол жылы университетке түсе алмадым. Құр жүргенше анама көмектесейін деп бұрынғы Шоқан кинотеатрының маңында орналасқан универмагта жүк тасушы болып жұмыс істедім. Әрине, одан жаман болғаным жоқ. Қалаға жеткізілген тапшы дүниелердің барлығы ең алдымен сол сауда орнына келіп түсетін. Сауда-саттыққа ебі барлар соны сатып, пайда табатын. Біз де өз нәпақамызды айырып, күн көрдік. Бұдан кейін Севастополь қаласындағы теңіз әскерінің қатарында Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерден оралған соң отбасын құрып, Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтына оқуға түстім. Күндіз оқуда, түнде жұмыс істеп, отбасымды асырадым. Мен негізі дәрігер болғым келген. Бірақ мені оқытуға жалғыз анамның, бауырларымның шамасы келмегендіктен, «инженер-гидротехник» мамандығына құжат тапсырдым. Институт пен үйдің арасын жалғап жүріп, үздік аяқтадым. Ол кезде жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, арнайы жолдамамен жұмысқа жіберетін. Қолыма диплом алған соң ректорға кіріп, осы жақта қалуға сұрандым. Содан мамандығым бойынша «Тас-Өткел» кәсіпорнына инженер болып жұмысқа орналастым. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жағдай өте қиын болды. Көптеген мекемелер жабылып, адамдар жұмыссыз қалды. Күйбең тірліктің қамымен кәсіпкерлікке бет бұрдым. Сауда-саттық саласындағы жұмысым да жеміссіз болған жоқ. Кейін анам: «Балам, бизнес те жақсы ғой, бірақ мемлекеттің де жұмысын істеп көр-сеңші», – деген соң, мемлекеттік қызметке ауысуға бел будым. Содан Тараздағы №2 қарттар мен мүгедектердің интернат-үйіне директор болып тағайындалдым. Бұл жақта да біраз тәжірибе жинадым. Кейін психоневрологиялық интернат-үйін, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқардым. Халықтың сеніміне ие болып, мәслихат депутаты болып сайландым. Екі мәрте қалалық мәслихаттың хатшысы қызметін атқардым. Бұдан кейінгі еңбек жолым жұртшылықтың көз алдында. Сарысу ауданының әкімі, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болдым. Бүгінде осы орталықты басқарып отырған жайым бар.
– Көптеген шет мемлекеттерде балалар мен қарттар үйін біріктіру тәжірибесі қолданылуда. Бір кездері елімізде осы мәселе қарастырылған болатын. Сіздің ойыңызша, осы екі әлеуметтік мекемені біріктіру қандай нәтиже береді?
– Әрине, бұл бастама «балалар қарттарға ермек болады, бір жағынан, ата-әженің тәрбиесін көріп өседі» деген ойдан туындап отырғаны белгілі. Алайда мен бұған түбегейлі қарсымын. Себебі ата-анасының қамқорлығынсыз өскен баланың бойында қатыгездік қалыптасады. Сондықтан олар оңайлықпен бөгде адамға жіби қоймайды. Оның үстіне қазақта «Өз балаң өзегінен тепсең де кетпейді, кісі баласы кісендесең де тұрмайды» деген аталы сөз бар. Ал енді бұл балалар ертең қарттарға қарайласады деу, меніңше, бос әңгіме. Одан да қарттар үйін күндізгі стационар түрінде оңтайландыру қажет. Мәселен, қазір елдің барлығы тіршіліктің қамымен үй бетін көрмейді. Баласы мен келіні жұмысқа, немерелері сабаққа кетеді. Егде тартқан кісілер 4 қабырғаға қамалып, үйде жалғыз қалады. Сондай кезде осындай қарттар үйіне келіп, замандастарымен шер тарқатысып, біраз уақыт көңілдері бөлінер еді. Тиісті ем-шарасын да қабылдап, 3 мезгіл тамағын ішіп, кешкісін үйіне қайтса, жақсы емес пе?! Қазір осы орталықта қарттардың барлық жағдайын жасап отырмыз. Жатын орындары жылы, тамағы уақытылы беріледі, тіпті көңіл көтеру кештерін де ұйымдастырамыз. Осыны енді күндізгі стационар түрінде де жасауға болатын шығар деп ойлаймын. Әрине, ата-анасын қарттар үйіне сүйрейтін перзенттердің мүлде болмағаны жақсы. Мысалы, мен қарттар үйін алғаш басқарған жылдары ол жақты паналап жүргендердің 70-80 пайызы орыстар, қалғандары қазақтар болатын. Ал қазір керісінше болып кетті. Сол мені қатты қынжылтады.
– Осындай орталықтарда, өзіңіз айтқандай, қазақтардың көбеюі идеологияның нашарлығынан емес пе?
– Мұның бірнеше себебін атауға болады. Ол жылдары орыстардың саны көп, қазақтар аз болды. Қазір өзіміздің қаракөздеріміздің саны артуда. Алғашқы себебін мемлекетті құраушы ұлттың өсімімен байланыстырамын. Екіншіден, өзің сөз еткендей, идеологияның нашарлығы. Оның үстіне отбасында бұрынғыдай жылулық жоқ. Барлығының санасын тұрмыс билеген. Әрқайсысы күнкөрістің қамымен жан-жаққа кетеді де, әке-шешемен сырласып, олардың мұң-мұқтажына құлақ түрмейді. Содан арадағы ізгіліктің жібі біртіндеп үзіле бастайды да, ақыры осындай қасіретке әкеледі. Жалпы ұлттық руханияттың негізі мектептен басталуы керек. Мен Сарысу ауданында әкім болып тұрған кезде білім саласының басшыларына әр сабақ сайын 5-10 минут саяси-тарихи оқиғалар жайлы оқушыларға мағлұмат беруді тапсырғанмын. Себебі қазір 10-11 сыныптың балаларының өзі аудан, облыс былай тұрсын, республикамызды басқарған адамдардың аты-жөндерін білмейді. Сонда біз кімді оқытып жатырмыз? Біздің облысымызда идеология жұмыстарымен айналысатын бірнеше жауапты орган бар. Ашығын айту керек, олар жұмыс істеп отырған жоқ. Қазір олардың бар атқаратыны – жиналыс жасау, пәленшені марапаттау, түгеншенің кешін өткізу. Өкінішке қарай, тек осымен ғана шектеліп отыр. Соның нәтижесінде бұл сала ақсап тұр. Мәселен, мен Ленин жайлы тақпағымды әлі күнге ұмытпаймын. Себебі бұл идеологияның күштілігі еді. Бізге де осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу қажет.
– Парламент сайлауының қарсаңында «Nur Otan» партиясы праймериз өткізді. Осы бір саяси науқан еліміз бен партия үшін не берді деп ойлайсыз?
– Праймериздің берген мүмкіндігі өте көп. Қазір мемлекеттік қызметке араласып, ел дамуына үлес қосқысы келетін жандар аз емес. Міне, праймериз осындай тұлғалардың өзін көрсетуіне жол ашты. Қатысамын деп ниеттенген адамдардың ешқайсысына шектеу қойылған жоқ. Әркім қабілеттері жеткенше өздерін танытты. Өңірде қандай түйткілді мәселелер бар, соларды жіті назарға алып, шешу жолдарын ұсынды. Праймеризде топ жарғандардың дені халықтан қолдау тауып, Парламент депутаты болып сайланды. Бұрын тұрғындар өздері сайлаған депутаттың түр-түсін де білмейтін. Бұл жолы олай емес, барлығы әділ әрі тартысты бәсеке түрінде өтті. Себебі үміткерлердің бәрі халықтың алдына шығып, пікір таластырып, сөз сайыстырды. Өз бағдарламаларының өзектілігін дәлелдеп, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Екінші жағынан, бұл өзге партиялардың да жігерін жанып, жұмысын жүйелендіре түскендей.
Бұл жолғы Парламент сайлауы да өзгеше болды деп сеніммен айта аламын. Мәслихат депутаттары да партиялық тізіммен сайланды. Бұрын «бір адам – бір мандат» жүйесі ауылдағы ағайынның арасын ашып, жүз-жүзге, ру-руға бөліп жібере жаздағанын көзіміз көрді. Сондықтан партиялық тізіммен сайлау осы жағдайдың алдын алды. Бұдан кейін партия әр өңірге арналған даму жоспарын бекітіп, бағдарламасын жасады. Бағдарлама сол өңірдің әлеуетіне, тұрмысына сай әзірленді. «Nur Otan» партиясының бағыты айқын, келешегі кемел. Күні кеше Елбасы партия тізгінін Мемлекет басшысына тапсырды. Бұл – саяси маңызы зор тарихи шешім. Бұл да партия ішіндегі ауызбіршілік пен тұрақтылықтың мықтап орныққанын айғақтайды. Ал бірлік бар жерде тірлік бар екені белгілі. Сондықтан бұл ұйымның бағындырар биігі әлі де алда деп ойлаймын.
– Алдымызда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі белесі келе жатыр. Егемендік пен Елбасы бүгінде егіз ұғымға айналды. Өзіңіз қызмет барысында Елбасымен бірнеше мәрте жүздескен едіңіз. Сол кездерде есте қалған ұмытылмас сәттерден сыр шертсеңіз…
– Мен Тұңғыш Президентімізбен «Nur Otan» партиясының бірнеше съезінде кездестім. Сондай бір жиналыстың соңында аты-жөнін ұмытып тұрмын, өзіміздің зауытта жұмыс істейтін бір жас жігіт тұрды да: «Елбасы, сізге датым бар», – деді. Алғашында барлығымыз таңырқай қарап, қасына жинала қалдық. Сол кезде Елбасы: «Қандай датың бар, айт», – деді. Сонда жаңағы жігіт: «Түнде сіз менің түсіме кіріп, қаламсабыңызды сыйға тарттыңыз, сол өңімде де орындалсын, қаламсабыңызды беріңізші», – деді. Нұрсұлтан Әбішұлы әуелі сасқалақтап қалды да, кейін жазып отырған қаламсабын беріп тұрып: «Міне, ал, сен де мендей ел басқаратын азамат бол», – деп тілегін білдірді. Бұдан кейін менің қасымда тұрған картоп өсірумен айналысатын бір кісіге: «Картоптарың өсіп жатыр ма, дұрыстап қара оларға», – деп әзілдегені бар. Тағы бірде Жамбыл облысынан барған делегация мүшелері өзара жиналып тұрғанбыз. Елбасы келе жатқаннан кейін барлығымыз жапа-тармағай сол жаққа беттеп, амандасуға ұмтылдық. Қасындағы оққағарлары жақтырмай, қолымызды қаға бастағаны сол еді, Елбасы: «Әй, тиіспеңдер, амандасып алсын, бір-екі күн қолдарын жумай жүреді», – деп қалжыңмен қағытып өткен еді. Осындай жарқын сәттер есімде қалыпты.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.