Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулетінің алтын қазығы

0 346

Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көпбалалы ана болу оңай емес. Биыл 92 жастың биігін бағындырып, өмірден озған алтын құрсақты ана Ұяткүл Еркебайқызының өмір жолы талайға үлгі.

Толғанай АТАБАЙ

Ғасырға жуық жасаған қария 10 құрсақ көтерген, қазір солардың 8-і аман. Ақ жаулықты Ұяткүл әжеміз – көзі тірісінде дүниеге әкелген ұрпақтарынан 23 немере, 33 шөбере сүю бақытына бөленген жан. Бір қауым ел болған әулеттің жапырағын кеңге жайған алып бәйтерегі ағымдағы жылдың ақпанында жарық дүниемен қош айтысты. Сүйегі асыл ананың мейірімі, жан жылуы мен аялы алақанын аңсаған ұрпағы дария ана жайлы естелігін бізбен бөліскен еді.

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Себебі көненің көзі саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды. Тамырын тереңге жіберген берекелі отбасының берік іргетасы Ұяткүл әже тек елінің, ұрпақтарының амандығын, береке-бірлігін тілеп, немере-шөберелеріне дариядай ақылын айтудан жалыққан емес. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, ана бар тіршіліктің қайнар көзі екені ақиқат. Ұяткүл әжей жолдасы Темірхан Райымбаев атамыз екеуі он баланы дүниеге әкелді. Тағдырдың жазуымен екі баласы кішкентайында шетінеп кетті. Көпбалалы жанұя алдарында кездескен өмір сынақтарына төтеп беріп, қиындыққа мойымады.

– Анамыздың балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келді. Бала күнінде әкесі өмірден озып, жалғыз анасына ауыртпалықты салмас үшін еңбекке ерте араласты. Жеті жылдық мектепті бітіріп, хат танитын болған соң, колхозға жұмысқа алынды. «Сен мектеп бітірдің, хат танисың, есеп білесің, менің қағаздарымды жазып бересің» деп әкесінің інісі өзінің қасына жұмысқа орналастырған екен. Ол кезде Ұлы Отан соғысы басталып, ауылдың бас көтерерлері әскер қатарына алынып жатқан-ды. Тіпті ол уақытта он жетіге келген қызды тұрмысқа беру қажет деп табылған көрінеді. Теңсіздік шырмауы самсап тұрған шақта анамызды ағасы егде жастағы азаматқа қосқысы келген. Алайда анамның таңдауы өзінің құдабаласы болған әкемізге түсіпті. Көңілі жарасқан жұп 1948 жылы тұла бойы тұңғыштарын өмірге әкелді, – дейді ақ жаулықты ананың қызы Раушан Райымбаева.

Осылайша, араға жыл салып Ұяткүл ананың алтын құрсағынан ұрпақтары тарап, оқудың тегін шағында бірі Мәскеуде, бірі Алматы секілді қалаған оқу орындарында білімін жетілдірген. Жолдасы Темірхан Рахымұлы Шу ауданындағы «Жайсаң» совхозында директор болып қызмет еткен. Мал шаруашылығы саласына едәуір еңбегі сіңген. Саладағы толайым табысының арқасында ҚССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және өзге де орден-медальдермен марапатталған.

– Әкем мен анам жанұя татулығы бірлікте деп ұдайы айтып отыратын. Жастайымыздан екеуінің бір-біріне қабақ шытып, ренжіскенін көрмедік. Бала тәрбиесіндегі осынау үлкен қателікке жол бермеді. Тіпті ағайын-туыс, көрші-қолаңмен әй-шәй десіп көрген емес. Мұнысының өзі біз үшін үлгі боларлықтай. Үлкен аталарымыз өз заманының аузы дуалы ақсақалдары болған екен. Біздің барлығымызды әжеміз бағып-қақты. Сол кісінің тәрбиесінде болдық. Себебі анамды әжеміз өзінің қызындай көріп, біздердің өсіп-өркендеуімізге үлес қосты. Әкеміз де білімді жан. Білікті маман болған. Барлығымызды жастайымыздан білімге баулып, еңбекке тәрбиеледі. Сабақ үлгерімімізді өзі қадағалайтын, – дейді Раушан Темірханқызы.

Дана қазақ «Баланы жастан» деп бекер айтпаған. Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді. Расында, Ұяткүл әжейдің ұрпағы бүгінде өмірден өз орындарын тапты. Ұлы ананың құрсағынан тараған балаларының алды ғылым саласында еңбек етсе, бірі кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, келесі бірі қаржы саласының білікті маманы. Әр кез бір-бірін қолдап, жабырқағанының жанынан табылу – балаларының басты ұстанымы. Ұлы Абайдың қара сөзінде: «Әділеттік пен мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та жақсылыққа жеткізе алмайды», – делінген. Иә, мейірімге бөленіп өскен бала айналасына қамқор, бауырмал болады. Кез келген түйткілді ашумен емес, ақылмен шешуге тырысатын алтын құрсақты ананың шаңырағы – шаттық мекені.
Балам, озық өрен бол,
Қыз көзіндей терең бол,
Ел сынаса құлақ сал,
Ал мақтаса керең бол.
Жақсылыққа шеген бол,
Жамандыққа шемен бол,
Өз әкеңнен биік бол,
Өз ұлыңнан төмен бол! – деп Ұяткүл әже үнемі осылай өсиетін айтып отырған екен. Бұл даналығы әжейдің балаларының жадында түюлі. Тіпті оны «біздің отбасымыздың әнұраны» деп те жүреді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.