Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әуезді ән ырғағында

0 274

Тараздықтар «Баласағұн» орталық концерт залында өткен облыстық «Тараз симфониясы» фестивалінің гала-концертін тамашалап, өңірдің түкпір-түкпірінен келген жас өнерпаздарға қолдау білдірді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Биылғы жылдың сәуірінен бастау алған өнер додасында өңірдегі ауыл-аймақтар мен шалғайдағы аудандардан 300-ге жуық өнерпаз бақ сынап, облыс орталығындағы басты музыкалық думанға қатысуға 36 үміткер жолдама алған. Аймақтағы классикалық музыка, джаз, романс жанрларын дамытып, өнерпаздардың орындаушылық шеберліктерін шыңдауға бағытталған гала-концертке маэстро ретінде жылдағы дәстүр бойынша Қазақстанның мәдениет қайраткері, дирижер, композитор Нұрлан Байкөзов арнайы шақыртылды. Дүбірі бөлек думанды Оңтүстік цирк ұжымының «X-Band» эстрадалық-джаз оркестрі сүйемелдеді. Өнерпаздарды ұйымдастырушылар дауыс ерекшелігіне қарай дуэтке, триоға бөліп, сахнада өздерін еркін ұстауға бағыт-бағдар берген. Нұрлан Байкөзов гала-концертке дайындық барысында барлық жас өнерпаздарды қатаң дайындықтан өткізіп, табиғи дауыста ән шырқауға машықтандырды.

– Қазір жас өнерпаздарға музыкамен айналысуға мүмкіндік өте мол. Өнер әлеміне ертерек енсе, соғұрлым жұлдызы жарық болмақ. Мысалы, мен бұл өнерге кеш аяқ бастым. Гитара ойнауды үйренгенде, жасым 19-да болатын. Ол кезде әскери борышымды өтеп жүргенмін. Казармада жанымда Криста есімді орыс ұлтының азаматы болды. Гитарада еркін ойнайтын. Алғашқы тәлімгерім де сол жігіт болды. Кейін ол менен жарты жыл ертерек әскерден еліне оралды. Кетерінде маған: «Сенің музыкаға икемің зор, гитараны жаныңа серік етіп, тамаша өнерпаз болатыныңа сенемін», – деп айтты. Содан кейін елге оралған соң ойлана келе Шымкенттегі музыка училищесіне түстім. Барлық бастамаларыма осыдан 7 жыл бұрын бақиға озған аяулы жарым қолдау білдіруші еді. Гала-концертте өмірлік серігіме арналған «Махаббат» балладасын орындадым. Жамбылдың жас өнерпаздары расында өнерлі екен. Музыкада еш мүдірмейді. Мені қынжылтатыны, қазір джазға қызығатындар өте аз. Бар үмітім осы балаларда, – деп ағынан жарылды маэстро.

Композитордың сөзінше, қазіргі таңда джаз жанрына бетбұрыс жасаған өнерпаздар некен-саяқ. Себебі бидің төресі балет болса, әннің төресі – джаз. Джаз – толассыз әуезді ырғақ пен өзгеше гармонияның біріккен нүктесі. Сонымен қатар қазір елімізде джаз аспаптарын жасайтын шеберлер жоқтың қасы. Музыканттар аспаптарды өте қымбат бағада шет мемлекеттерден тапсырыспен алдырады. Композитор джаз бағытында өнер көрсететін белгілі топтарға мемлекет тарапынан жасалынатын қолдаудың да тиісті деңгейде емес екенін алға тартады. Ал бүгінгі джаз фестивалі бірегей әрі сапалы шаралардың бірі деп айтуға толық негіз бар.

Гала-концерттің ашылу сәтінде облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова арнайы сөз алып, шараның басты мейманы Нұрлан Байкөзовке қазақы жоралғы бойынша зерлі шапан жауып, алғыс айтты. Ең алғашқы болып Мұқағали Мақатаевтың сөзіне, Нұрлан Байкөзовтің әніне жазылған «Адасқан шағала» шығармасын 18 жасар өнерпаз Айдай Жанай орындап шықты. Адия Сыздықова, Ахмет Бекарыс, Орынбасар Бақытұлы, Ақжол Бейшен, Нұрәділ Жаңабай сынды жас жарық жұлдыздар көрермен қошеметіне бөленді. «Sway», «Mariage d amour», «Тарантелла», «Токката» сынды әлемдік классика жауһарлары шырқалып, өнерпаздар «Ғашықтар мұңы», «Алматым», «Сағыныш тамшысы» сынды ретро әндерді нақышына келтіріп орындады.

Мөлдір Төлебекова есімді өнерпаз аталмыш фестивальдің қорытынды концертіне арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан ат терлетіп келіпті. Ол Нұрлан Байкөзовтің «Ел, Жер-Ана» шығармасын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

– Мен Таразда туып өстім. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алып жатырмын. Ұстаздарым мұндай шараға қатысып, үлкен тәжірибе жинайтынымды айтты. Өзіме ұсынылған шығарманы өз деңгейінде орындап шықтым деп ойлаймын. Көрермен жақсы қабылдады, – деді жас өнерпаз.
Сонымен қатар думанды шараға Нұрлан Байкөзовтің шәкірті, белгілі эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы шақырылып, әулиеаталықтардың ықыласына бөленді. Гала-концерт барысында барлық өнерпаздар атаулы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.