Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әуелеп әні Кененнің

0 300

Таразда Кенен Әзірбаев атындағы ІХ республикалық «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер байқауы мәресіне жетті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Жетісудың жыр дүлдүлі, ақын, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың қазақ өнеріндегі орны Алатаудай асқақ. Кешегі сал-серілердің соңғы шыңы деп бағаланған Кенен атамыздың ән мен жыр қазынасы – күллі қазақ даласына мұра. Бүгінде сол тұңғиық өнер кенін тәбәрік санап, көгіне көтеріп, күмбірлетіп әнін, бұлбұлша жырын шырқап жүрген таланттар Таразға жиылды.

«Баласағұн» орталық концерт залында үлкен салтанатпен өткен додаға республиканың әр аумағынан, сондай-ақ ТМД елдерінің әр қиырынан өнерпаздар ат басын бұрған. Күллі қазақ даласына ортақ Кенен Әзірбаевтың ән әлемінің байлығы сонша, көршілес мемлекеттердің де өнерпаздары киелі өнердің бұлағынан су ұрттап, қазақ елінің топырағына табан тіреп отыр. Байқаудың шымылдығы түріліп, назары сахнаға ауған сәттен бастап осыған дейін екі-үш шығармасы ғана орындалып жүрген сайыстың ауқымы кеңейіп, таланттардың талғамы өскенін аңғардық.

Дәстүрлі әншілердің додасы жыл сайынғы тәртіп бойынша баспасөз мәслихатынан басталды. Ең әуелі байқауды ұйымдастыруға мұрындық болған Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз алып, сал-серілердің жалғасы болған Кенен атамыздың атындағы доданың деңгейі жылдағыдан жоғары екенін атап өтті.

Мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеев болса, Кенен Әзірбаев шығармашылығының қазақ халқының төл өнеріндегі орнын айшықтап, байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлерге сәттілік тіледі. Жыл сайынғы дәстүрлі додаға Кенен атамыздың перзенттері Бақытжан Кененұлы мен Төрткен Кененқызы арнайы қатысып, қолдау білдіріп келеді. Биыл да бұл үрдіс ізін жоғалтпай, Таразға келген өнерпаздар әншінің перзенттерін көзбен көріп, баталарын алды.

– Биыл біз әкеміз Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуын республика көлемінде атап өтпекпіз. Осымен тоғызыншы рет жалауын көтерген бұл байқауда жыл сайын тек «Ой жайлау», «Базар-Назар», «Көкшолақ», «Қайран жастық» әндері орындалатын. Биыл доданың репертуары кеңейіп, үміткерлер әкеміздің өзінен басқа ешкім орындамаған туындыларын шырқағалы жатыр екен. Осы бір үрдіс үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз, – деді Төрткен Кененқызы.

Сондай-ақ Бақытжан Кененұлы көпшілікке Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық музейде Кенен Әзірбаев атындағы көрме ашылып, оған жетпістен астам экспонат қойылғанын сүйіншілей жеткізді. Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сейтқасым Түктібаевқа Кенен Әзірбаев ұрпақтарының атынан «Ұлы Дала жыршысы» кітабы мен «Көңіл кептері» атты музыкалық топтама сыйға тапсырылды. Шара аясында Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы мен өміріне арналған бұрыштың тұсаукесері өтті.

Өнер аламанының алғашқы кезеңінде 33 өнерпаз бақ сынады. Микрофонсыз, жанды дауыста шырқаған әншілер мүмкіндіктерін молынан көрсетті деуге болады. Үміткерлер белгіленген ереже бойынша бірінші кезеңде Кенен Әзірбаевтың әндерін шырқады. Айта кету керек, байқауда бақ сынаған өнерпаздарға Қазақстанның мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеев бастаған, өнер майталманы, әнші Дүйсенбек Өмірәлиев, өнертану ғылымдарының магистрі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының оқытушысы, ҚР Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков, қазақ өнерінің қайраткері Есенбек Сәтпаев төрелік етті.

Алғашқы кезеңде «Сынаптай сырғақ дүние», «Шырқа, даусым!», «Бал құйылды даладан» атты туындыларды нақышына келтіріп, жетер жеріне жеткізіп шырқаған Өзбекстан Республикасының үкілеген үміті Бек Нуриддинов, Алматының рухын көтере келген Сәуле Жұмабайқызы, Қытай Халық Республикасынан арнайы алыс шақырымдарды артқа тастай келген әсем дауыс иесі Манура Таңнұр, жерлесіміз жамбылдық Мадияр Шалабаев ерекше дараланып, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осылайша, қазылар шешімімен екінші кезеңге сынақтан сүрінбей, төрешілердің қатаң сүзгісінен өнерінің арқасында алға оза шапқан 15 үміткер жолдама алды.

Екінші кезеңде байқауға қатысушылар қатарынан үш ән орындады. Алғашқы әнге арнайы жеребе тартылды. Бірінші айналымда шырқалған әндер қолдарына түссе, қайта таңдауға мәжбүр болып жатты. Бұл кезеңде жеребеде ұсынылған әндерді мүдірмей, әуені мен әуезін бұзбай шырқағандардың қатарында қызылордалық Бейсенбек Төлеубаев, алматылық Сәуле Жұмабайқызы, кентаулық Қуанбек Ербол, алматылық Айдана Асанбаева, Қытайдан келген Сымбат Елтоқ көрерменді өзіне баурап, көп үміткердің ішінен ерекше көзге түсті.

Таңнан қас қарайған шаққа дейін жалғасқан дәстүрлі доданың жеңімпаздары анықталмастан бұрын көпшілікке Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы мен өміріне арналған «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильм көрсетілді. Екі ғасырдың куәгері Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы түсірілген деректі фильмде ақынның өмір жолы, туған жері, өскен ортасы туралы сыр шертілді. Кенен Әзірбаев жайлы ғалымдардың, әдебиет және өнер зерттеушілерінің ойлары айтылды.

Қазылар алқасының шешімімен үшінші орын Қытай Халық Республикасынан арнайы келген қандастарымыз Сымбат Елтоқ пен Манура Таңнұрға бұйырды. Жүлдегерлерге 150 мың теңгенің сертификаты табысталды. Жүлделі екінші орынды Қарағанды облысынан келген талант Алуа Қалымбекова мен қызылордалық Бейсенбай Төлеубаев еншіледі.

Екеуіне де 200 мың теңгелік сыйлық тапсырылды. Бірінші орынның жүлдесіне өңіріміздің үкілі үміті Мадияр Шалабаев пен түркістандық Балжан Талғат ие болды. Оларға 300 мың теңге көлеміндегі сыйақы табыс етілді. Алматы облысынан келген Сәуле Жұмабайқызы өнер аламанының жеңімпазы атанып, 500 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. Расында, Сәуле бұл додада топ жарды. Ол домбыра мен жетігенде шебер өнер көрсетіп, өзін өнерпаз ретінде жан-жақты көрсете білді.

– Мен бұл байқауға бірнеше рет қатысқанмын. Тағы да бақ сынауға келдім. Кенен атамыздың әндері – қазақтың ғажап қазынасы. Оны бәріміз жақсы білеміз. Боз даланың иісі сіңген туындылар – әрбір жүректің емі. Ұлттық өнердің туын көтерген қатысушылардың барлығы да жоғары деңгейде өнер көрсеткені сөзсіз. Ең бастысы, алаштың асыл мұрасы кеңінен насихатталды деп ойлаймын. Төл өнерімізді дәріптеуде белсенділік танытқан әрбір азаматқа деген алғысым ұшан-теңіз. Менің бір арманым – осы өнер сайысында топ жару. Сол мақсатыма қол жеткіздім. Қуаныштымын, – деді байқаудың жеңімпазы Сәуле Жұмабайқызы.

Бұл күні ән мен жырдың кеніне айналған Кенен Әзірбаевтың шығармашылығымен тереңінен сусындаған көпшілік жеңімпаздарға зор ризашылық білдірді. Ұйымдастырушылар да байқаудың биік деңгейде өтуіне атсалысқан барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, белсенділік танытқан әр өнерпазға 30 мың теңге сыйақы, конкурс дипломанттарына 50 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.