Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құтыдағы бақыт қанша тұрады?

0 309

Бала – өмірдің жалғасы, өзеніңнің арнасы. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады. Дегенмен мұндай қуаныштың барлық отбасында бола бермейтіні өкінішті-ақ, әрине. Әйел болып жаратылғаннан кейін өмірде баласыз өту ең үлкен бақытсыздық сияқты. Елімізде бір балаға зар болып, басын тауға да, тасқа да соғып жүрген жандар көп. «Әйтеуір, бір баланың иісіне тұшынсам» деген аңсарына жету үшін көбінің бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Кейбіреуі ақыры болмаған соң, үмітін де үзеді. Ал бірі квота арқылы болсын, ақылы болсын, ЭКҰ-ға жүгінгенді жөн көреді.
Күні кеше жарияланған Мемлекет басшысының Жолдауында да бұл тақырып назардан тыс қалмай, Тәңірден дұға тілеген талай ата-анаға үміт сыйлады. Осы орайда тек шаһарымызда емес, республикамыздың ірі қалаларында орналасқан «Экомед» медициналық орталығының басшысы Перизат Байқошқаровамен жолығып, жасанды ұрықтандыру тақырыбында кеңінен әңгімелескен едік.

– Перизат Берденқызы, денеден тыс ұрықтандыру әдісі арқылы нәрестенің іңгәлаған үніне зар болып жүрген талай жанның алғысын алдыңыз. Бақыттың үлкені – бала сүю десек, сіздің жасап жүрген ісіңіз – нағыз ізгіліктің өзі. Жұртшылықтың өзіңізге құрметпен, сүйіспеншілікпен қарайтыны да сондықтан. Осы орайда, сұхбатымызды сіздің салаға келуіңізден бастасақ.

– Экстракорпоральді (ЭКҰ), яғни денеден тыс ұрықтандыру әдісін елімізге, тіпті Орта Азияға алғаш рет алып келген – биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог, менің әпкем Салтанат Байқошқарова. Талай отбасыға бала сүю бақытын сыйлап келе жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт болды. Шыны керек, 1998 жылы мені Салтанат медициналық университетте сабақ беріп жүрген жерімнен шақыртты. Ол кезде клиника енді құрылып, жұмысын бастап жатқан-ды. Ол заманда салаға маман жетіспейді. Бар болса да, біліктілікті арттыру үшін, қосымша оқыту мақсатында шетелге барып тәжірибе алмасады. Содан бұл салаға келіп, акушер-гинеколог мамандығын қосымша оқып, біліктілігімді арттырдым. Ал 2007 жылы жолдасыммен өңірге келіп, жеке кәсіп ашып, осында тұрақтап қалдық. Бүгінгі таңда еліміздің ең ірі қалаларында «Экомедтің» 11 медициналық орталығы бар. Әрбір орталық АҚШ, Жапония сынды дамыған мемлекеттердің медициналық аппараттарымен жабдықталып, қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Ал бұл мекеменің негізін қалаушы Салтанат Байқошқарованың орталықты ашудағы тарихын барлығы біледі деп ойлаймын. Салада жүргеніме 20 жылдан асты.

– Статистикаға сүйенер болсақ, елімізде әрбір алтыншы отбасы балаға зар. Бүгінгі таңда белсіздік пен бедеуліктің белең алуы неліктен?

– Бедеулікке алып келетін себептер әртүрлі. Көбінесе ерлер мен әйелдердің бұл мәселемен бетпе-бет келуіне өздерінің өмір сүру салты, мысалы, ерте басталған және ретсіз жыныстық қатынастар, суық тигізу немесе түрлі инфекциялардан болатын қабыну процестерінің орын алуы, дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеу, тіпті дұрыс тамақтанбау сияқты жайттар да әсер етеді. Одан бөлек, экологиялық жағдайлардың, ғылыми-техникалық прогрестің әсері де баршылық. Басқа аурулар сияқты бедеуліктің де алдын алуды бала кезден бастаған жөн. Мәселен, бала кезінен қыз баланы уақтылы балалар гинекологына, ұл баланы андрологқа апарып, баланың ағзасының, жыныстық жүйесінің дұрыс дамуын, денсаулығында асқыну ауруларының бар-жоқтығын тексертіп тұру керек. Осылайша, бедеулікке алып келетін кейбір аурулардың алдын алуға болады. Ата-ана өсіп келе жатқан ұрпақты жастайынан жіті бақылап, баланың денсаулығында қандай да бір ауытқулар байқаса, бірден дәрігерге жүгінуі керек. Қазіргі кезде ер балалар 14-15 жасқа толмастан махаббат ләззатын татқысы келіп, жыныстық қатынасқа тым ерте түседі. Сондықтан ұлдарды осы уақытта жіті бақылау маңызды. Ерте жыныстық қатынасқа түсу себебінен әртүрлі созылмалы жыныстық ауруға шалдығып, бұл өз кезегінде аталық ұрықтың қабынуына әкеліп, ұрпақ өрбітетін жасқа жеткенде белсіздікке тап болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар ерлердің ұрпақ жалғастыра алмауының тағы басқа біршама себептері бар. Оған еркектен бөлінетін сперматозоидтың аз немесе сапасыз болуы, аталық ұрық безіндегі ісік, қант диабеті, созылмалы жұқпалы аурулар мен басқа жағдайлар да әсер етеді. Бірақ, ең бастысы, дер кезінде балаға дұрыс тәрбие бермегендіктен, ата-аналар кейін зардабын шегіп жатады.

Қыз балалардың да ерте жыныстық қатынасқа түсіп, құрсақ көтеріп қалатын жағдайлары көп кездеседі. Ұятты болып қалғанын білдірмеу үшін түсік жасатып, өзін бедеулікке апарады. Алғашқы жүктілік кезінде жасалған түсіктер көп жағдайда әйелдің ағзасын қатты жарақаттайды. Әрине, бедеуліктің себептері әртүрлі. Оған тек түсік жасатқандарды ғана жатқызуға болмайды. Мәселен, нәзік жандарда гормоналды ауытқулар, эндокринді аурулар, жағымсыз экологиялық жағдайлар, жатыр түтігінің бітелуі, эндометриоз, миома, етеккірдің бұзылуы, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі патология, тағы басқа көптеген факторлар себеп болады. Мұндай аурулардың кейбіреуі суық өту әсерінен болады. Кейбір әйелдерде іштен туа біткен бедеулік те болады. Оған жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы – басты себеп. Мұндай ауытқуларды асқындырып жібермеу үшін қыз баланы, әсіресе кәмелеттік жасқа толған кезден бастап-ақ қатты бақылауға алып, гинеколог дәрігерлерге тексертіп тұру қажет. Кезінде аналарымыз үйдің берекесін сәбилердің дауысымен толтырып, 10-12 баланы дүниеге әкелетін. Біздің заманда бұл таң қаларлық жағдай болса, о заманда жұрт үшін бұл қалыпты жағдай болатын. Ал бүгінде мұндай мәселені өте сирек кездестіресіз. Тіпті жоқтың қасы десек болады. Табиғатынан әйелдердің ағзасы 6-9 балаға дейін туа алатын мүмкіндіктері бар. Бірақ олар көбіне 2-3 сәби туумен шектеледі. Алайда бүгінде бір баланың өзін көтере алмай жүргендерді көргенде, оған да шүкір, ХХІ ғасыр бедеуліктің күш алып бара жатқан заманы ғой дейсің. Ол ең алдымен жас отбасының шайқалуына, артынан ерлі-зайыптылардың ажырасуына алып келеді.

Бедеулік – демографияға кері әсер ететін биологиялық және психологиялық қасірет. Ішімдік ішіп, темекі шегуге, есірткі заттарға әуес болған жастар көбіне бала табуға, дені сау бала тууға қабілетсіз болып келеді. Сондықтан ата-ана бақытына бөленгісі келетін жастар жаман әдеттерден құтылып, құнарлы тамақ тұтынып, денсаулығына аса мән беру керек. Әсіресе, отбасын құрайын деп жатқан жастар міндетті түрде алдын ала ұрпақты болу мүмкіндігіне көз жеткізу мақсатында арнайы медициналық тексеруден өтуі қажет. Жалпы бедеу деп қандай ерлі-зайыптыларды айтуға болады? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, егер жұп ұрпақты болуға қабілетті жаста болса, отбасы құрғаннан бастап бір жыл бойы еш сақтанусыз үнемі жыныстық қатынасқа түсіп, нәтижесінде жүктілік болмаса, онда олар бедеу болып саналады. Ұрпақсыздық отбасы үшін өте ауыр психологиялық қайғы болып келеді, ал қоғам үшін бұл жағдай экономикалық және әлеуметтік салдары бар күрделі мәселе болып табылады. Бүгінде әлеуметтік бедеулік деген үрдіс пайда болуда. Мәселен, мансап қуатындарды да осы тізімге қосуға болады. Әрине, әрбір адам өз баласына жақсы өмір сыйлағысы келеді. Білімі сапалы мектепке барса екен, жақсы жоғары оқу орнына түссе екен, өзгеден еш кем болмаса екен дейді. Сондықтан болса керек, бала тууды кейінге шегеріп қойып, алдымен аяқтан тұрып алуды ойлайды. Бүгінде мұндайлар біздің қоғамда өте көп. Олар 35-40 жастан асқанда балалы болуды жоспарлай бастайды. Бірақ еркек пен әйелдің жасы ұлғайған сайын ұрпақты болу мүмкіндігі нашарлайды. Сондықтан мұндай жағдай көбіне әйелдерге алғашқы перзентін көтеруіне қиындық алып келеді. Міне, соның салдарынан көбісі бедеу, әйтпесе бір баламен қалып жатады. Осы мәселенің өзі демографияға кері әсерін тигізеді. Елдің өсу саны тежеледі. Тұрмысты реттейміз деп жүргенде, біраз жастар уақытын зая өткізіп алып, ешқандай алтынға айырбастамайтын балалы болу бақытынан қол үзеді. «Бедеулік» деген диагноз өмір бойы бала сүю мүмкіндігі болмайды деген сөз емес. Оны түрлі жолдармен емдеуге болады. Тек бәрі уақытында болса болғаны. Бедеуліктен емделетін әйелдердің төрттен үші бала сүю бақытына қол жеткізеді. Жүкті болу мүмкіндігінің арнайы мерзімі немесе бір айда бола қояды дегенге 100 пайыз кепілдік жоқ. Жаратылыстың заңы бойынша 20 жастағы әйелдің табиғи жүкті болу қабілеті 1 айға шаққанда 15-20 пайыздай ғана болады. Бұл жерде ең маңыздысы – репродуктолог дәрігерге барып, дұрыс ем-дом қабылдап, балалы болуына сену, сол үшін барлық мүмкіндікті жасау.

– ЭКҰ әдісі қалай жүзеге асырылады? Бұл тәсіл бала сүйгісі келген кез келген ерлі-зайыптыға қолданыла бере ме? Табиғи жолмен дүниеге келген сәбилерден жасанды жолмен туған балалардың өмір сүру қарым-қабілетінде айырмашылық болады ма?

– Жоқ, бұл әдісті кез келген адамға қолдана бермейміз. Оның өзіндік асқынулары мен қарсы көрсетілімдері бар. Әйелдің денсаулығына зиян келіп, өміріне қауіп те төнуі мүмкін. Жалпы «Экомед» емханасын тек қолдан ұрықтандыру әдісімен ғана емес, бедеулікті емдеумен айналысатын орталық деуге де болады. Осында келген науқастарды алдымен бастан-аяқ тексереміз. Кейбіреулер ем-домнан кейін өзі-ақ бала көтеріп кетеді. Біреулеріне гормондық стимуляция жасаймыз, енді бірі жатырішілік инсеминация жасағаннан кейін жүкті болады. Денеден тыс ұрықтандыру әдісі басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады. ЭКҰ – күрделі процесс. Алдымен әйелдің ұрығын алу үшін дайындаймыз. Аналық ұрықты шығаратын фолликула жасушасын өсіру үшін гормондық дәрілермен стимуляция жасаймыз. Ең үлкен доминанттық фолликуланың көлемі 18-20 мм жеткен кезде фолликуладағы ұрық оны жарып шығу үшін тағы бір дәрі беріледі. Содан кейін жіңішке ине арқылы фолликуладағы сұйықтықты сорғызып аламыз. Оны арнайы микроскоппен қарап, ішіндегі титімдей ғана ұрықтың бар-жоғын тексереміз. Аналық ұрықты алып, инкубаторға саламыз. Оның температурасы, қолайлылығы – бәрі әйелдің жатырындағыдай етіп жасалған. Ал ұрығы мүлде жоқ әйелдерге донор ұрық қолдануға тура келеді. Осы уақыт аралығында еркектің ұрығын өңдеп, әртүрлі сүзгіден өткізіп дайындаймыз. Егер еркектің ұрығы аз немесе әлсіз болса, онда амал жоқ, ИКСИ әдісіне жүгінеміз. Нақтылап айтқанда, ең сапалы, жақсы деген сперматозоидтарды іріктеп аламыз да, арнайы микрохирургиялық құрылғының көмегімен аналық жұмыртқаға «қолмен» апарып кіргіземіз. Сосын қолдан ұрықталған эмбрионды ананың жатырына апарып саламыз.

– Эмбрионның әрі қарай дамып, жетіліп кететініне кепілдік бар ма?

– Бізден үміттеніп келетіндердің көбі осы сұрақты қояды. Кейбіреулер тіпті баланы ақшаға сатып алатын заттай көреді. Дүние жүзінде ешкім де ЭКҰ арқылы бірден бала болады деген кепілдік бермейді. Табиғат бермегенге біз қалай 100 пайыз кепілдік береміз? Оның үстіне әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Мысалы, он ұрық алсақ, соның екеуі ғана жарамды, қалғанын әлжуаз немесе хромосомдық ауытқулары бар болып шығады. Кейбір түсінігі аздар «он ұрық алдыңдар, он бала неге өсіп шықпайды» деп дауласатыны бар. Сондықтан бізге үміт артып келгеннен кейін төзімділік танытып, жақсылықтан күдер үзбеу керек.

– «Құтыдағы бақыт» қанша тұрады?

– Оның бағасы ерлі-зайыптылардың денсаулығына байланысты әртүрлі. Қысқасы, ем-домымен қосқанда, ЭКҰ әдісінің жалпы құны орта есеппен 1,2-1,5 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл тәсіл біздің елде ғана арзан. Кейбір шетелдіктердің біздің мемлекетке келіп емделетіні сондықтан. Ал АҚШ және Еуропа елдерінде дәрі-дәрмексіз жасанды ұрықтандыру 10 мың доллар көлемін құрайды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында елдің отбасылық-демографиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылатынын мәлімдеді. 2021 жылдан бастап арнайы бағдарламаны іске қосуды тапсырып, ЭКҰ бағдарламасы бойынша квота санын 7 мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту қажет екенін айтты. Жалпы квота саны сұранысты толық өтей алады ма?

– Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бастау алатынына өте қуаныштымын. Қоғамда бала сүю бақытына жете алмай жүрген жұптар қаншама! Алайда аталмыш бағдарламаны жүзеге асырмас бұрын елімізде бедеулік пен белсіздік статистикасын жасап алу керек. Бізде қазір нақты деректер жоқ. Ылғи әрбір 5-6-шы отбасы перзентке зар болып жүреді, жалпы отбасылардың 15-20%-ы осындай қиындықтармен бетпе-бет кездеседі деген халықаралық статистиканы айтамыз. Мұндай деректердің нақтыланбауының өзіндік себебі бар. Мамандар бедеулікті өмірге тікелей қауіп төндіретін, аз уақытта емделетін ауру болмағандықтан, осы уақытқа дейін оның статистикасы жасалмағанын айтады. Сонымен қатар адамдар бірнеше дәрігерге, мемлекеттік немесе жеке меншік мекемелерге қаралады. Осылайша, науқас туралы ақпараттар бір жерге жинақталмайтын көрінеді. Сондықтан өткен жылдың соңында бедеуліктің регистрін жасау туралы мәселе көтерілген. Мәселенің шынайы масштабы қандай екенін білгеннен кейін мемлекеттік бағдарламаны толықтыруға болады. Маман ретінде осы бағдарламаның арқасында квота кезегінде тұрған мыңдаған әйелдің 60-70%-ына көмек көрсетуге болатынын айтқым келеді. Нәтиже күтетін топқа аналық ұрығы бар әйел, аталық ұрығы бар ер адам жатады. Егер оларда ұрық болмаса, әрине, нәтиже болмайды. Біз маман ретінде болжам жасап, бұл жұптың бала сүю көрсеткіштеріне қараймыз. Мемлекеттік квотаның сұрауы қатты болғандықтан, нәтижесіз топтағы адамды ЭКҰ-ға ала алмаймыз. Онда ақшаны желге шашқандай боламыз. Қазір елімізде ЭКҰ-ға квота беру бойынша біркелкі кезек жоқ. Әр облыстың Денсаулық сақтау департаменті арқылы тізім жасап, жолдаманы бөледі. Ол – көбінесе қағаз жүзінде жасалатын тізім. Ал қағазға жазылған тізімді білесіздер. Жасыратыны жоқ, кейбір кісілер таныстар арқылы өтіп келдік деп жататын жағдайлар да баршылық. Бұл жерде жемқорлықты жойып, квотаны шынайы әрі әділ бөлу үшін барлығын электронды түрде жасау керек. Барлық тізімдегі адамдар қанша орын алға жылжығанын, кімнен кейін тұрғанын көріп отыруы керек. Тек сонда ғана барлығы әділ болады. Бұған қоса, әрбір адамға ЭКҰ жасататын мекемені өзі таңдайтындай мүмкіндік беру керек.

– Ерлер денсаулығы жылдан-жылға төмендеп бара жатыр деп дабыл қаққан дәрігер көп. Донор болатын ерлердің қарасы азайып бара жатқан жоқ па?

– Иә, еркектердің денсаулығына қатысты зерттелуі тиіс мәселе көп бізде. Еркектер белсіздігі бүгінде тар ауқымнан шығып, ғаламдық масштабтағы мәселеге айналып отыр. ДДСҰ мәлімдегеніндей, 1990 жылдары 1 мл шаухиттің ішінде 60 миллион сперматозоид болатын болса, ол қалыпты жағдай болып саналатын. Ал бүгінде 1 миллилитрде 15-20 миллион сперматозоид болса, қалыпты жағдайға айналды. Бұл дегеніміз 20 жылдың ішінде ерлер денсаулығы 3 есеге төмендеген. Егер дүние жүзіндегі барлық еркектің ұрықтары сапалы әрі сау болса, секунд сайын әйелдер бала көтеретін көрінеді. Сол себептен де еркектердің белінің беделі №1 мәселеге айналатын түрі бар. Уролог мамандар елімізде белсіздік белең алып барады деп дабыл қағуда. Ерлер арасында простатит 40 пайызға, аденома 28-30 пайызға артып кеткен. Баса назар аударатын бір жайт, бұрын белім деп безек қағатындардың жасы 50-ден асқандар болса, бүгінде тепсе темір үзетін 22-25 жастағы жігіттер «көк көрпені бүлкілдетуге» дәрменсіз. Оның себебі көп, жүрек-қан тамырлары, қан қысымы, сусамыр дертіне тұсалғандар басым. Оның бәрі де белсіздікке төтелей тартатын «тротуардың» бірі. Бүгінде тек еркектерде ғана кездесетін ауру түрлері де асқына түсіпті. Гипогонадизм, яғни аталық бездің дамымай қалуы, «монархизм» – бір аталық бездің болмауы, «анархизм» – барлық аталық бездің болмауы сынды аурулар бас көтере бастаған. Ал простатитпен қазір екі еркектің бірі ауырады десек қателеспеспіз. Аталық без ауруларының салдарынан мүлде бала болдыра алмайтын еркектерден, әрине, үміт жоқ. Ондайда тек донорлық ұрыққа ғана иек артуға болады. Шетелде бұл жүйе мықтап жолға қойылған. Ұрық доноры болған адам қомақты қаражатқа қол жеткізеді. Ал біздің елде бұл сала кенжелеп қалған. Оның басты себебі, еркектердің денсаулығының нашарлығында болса, екіншіден, донор болуға ниетті болғандардың басым бөлігі алғашқы медициналық тексеру сындарынан сүрініп жатады. Яғни түрлі аурулары бар немесе ұрығы жарамсыз болып шығады. Күллісінен өткенімен, ең соңында құжат жинау жағына келгенде бәрін тастап безіп кеткісі келетіндер көп. Өйткені белгілі ғой, бір парақ қағаз үшін қаншама уақытты құрбандыққа шалуға тура келетіні. Донор мәселесі де майшаммен қаралуы тиіс мәселелердің тізімінде тұр.
– Жұмысыңызда кездесетін қиындықтар бар ма?

– ДТҰ саласындағы ең қиыны – маман дайындау мәселесі. Қазіргі таңда Қазақстанда ДТҰ 20-дан астам лабораториялары бар. Соның 11-і біздің орталықта. Маман тапшылығы 1998 жылы болған, басында тек 3 репродуктолог болса, тек 2 эмбриолог қызмет еткен. Бұл көрсеткіш еліміз бойынша. Ал қазір 400-ден астам сала мамандары халыққа мүлтіксіз қызмет етуде. Маман жетіспеушілігі біздің мекемеде жоқ.
Күнделікті жұмысымыздың өзі күрделі. Жоқтан бар жасау дегеніңіз оңай шаруа емес. Оның үстіне біздің пациенттеріміздің көпшілігі жай ғана бедеулікпен ауырмайды. Олардың біразы – дұрыс ем қабылдамай, уақыт өткізіп алғандар немесе басқа емдеуден нәтиже көрмеген жастары ұлғайған кісілер. Кейбір отбасылардың бала сүйе алмауына кей жағдайда жүйелі емделуге әрекет жасамаған ерлі-зайыптылардың өздері себепші болса, кейде дұрыс емдеу тәсілдерін жүргізбеген дәрігерлердің біліксіздігі де себеп болып жатады. Әрбір жүктілік біз үшін де, біздің пациенттеріміз үшін де қымбат. Шынын айту керек, ДТҰ әдісін қолдану қаржылай жағынан да қымбат. Өйткені бұл технология дүние жүзі бойынша қымбат технологиялардың қатарында. Сондықтан біз бұл әдісті кез келген науқасқа қолдана бермейміз. «Экомед» емханасы деп аталғанымызбен, тек қана қолдан ұрықтандыру әдісімен айналыспаймыз. Біздің емхананы негізінен бедеулікті емдеу орталығы деп есептеуге болады. Денеден тыс ұрықтандыру әдісін біз басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданар алдында толыққанды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, әрбір науқастың денсаулығына қарай ем тағайындалады. Қалыпты жағдайдың өзінде адамдарда жүктілік процесі төмен болып келеді. Дені сау ерлі-зайыптыларда жыныстық қатынас ретті болған жағдайда, 20 жастағы әйелдің бір етеккір циклында бала көтеру мүмкіндігі – 15-20%, 30 жаста – 10%, ал, 40 жаста – 5%. ДТҰ әдісінде көрсеткіш екі есе көбейеді, яғни 30-40 пайызға дейін барады. Егер ерлі-зайыптылардың жасы ұлғайып қалған болса, ер азаматтың ұрығы аз әрі әлсіз болатын болса, онда біз жоқтан бар жасай алмаймыз. Мұндай жағдайда басқа тәсілдерді қарастыруға тура келеді. ЭКҰ-мен туған балапандар клиникаға келіп, ата-аналарымен бірге алғыс білдіріп жатады. Жұмысымыздың жемісті тұсы да осы емес пе?! Біз үшін одан асқан бақыт жоқ.

– Бүгінгі таңдағы ең өзекті тақырыпты жан-жақты талдап, толыққанды жауап бергеніңіз үшін көп рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.