Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көп тіл білу – өмір қажеттілігі

0 141

Қазіргі уақытта көп тіл білу – заман талабы, өмір қажеттілігі. Ешкім тумысынан қос тілді болып тумайды. Ол қажеттілік негізінде пайда болып қалыптасады. Бірнеше тіл білу арқылы жас ұрпақ білім кеңістігіне самғап, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуға мүмкіндік алады.

Заманауи қазақстандық қоғамда тілдер саласындағы саясат адами капиталды дамытудың маңызды факторы ретінде танылып отыр. Мектеп оқушылары әлемдік білім кеңістігінде өз орнын табысты түрде тұрақтандыруы үштұғырлық тілді меңгеру арқылы жүзеге асады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы «Болашаққа 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында тіл саясатына басты назар аударуы үштілділіктің қажеттілігін және маңыздылығын дәлелдей түседі. Мектеп оқушыларының бірнеше тілді қатарынан меңгеруі Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың экономикалық және мәдени саласына интеграциялануына бастама болмақ. Бұл міндетті шешу мектеп қабырғасындағы білімнің тұтас жүйесін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады. Ол, бірінші кезекте, мектеп оқушыларының шетел тілін меңгеру негізіндегі коммуникативтік құзыреттілігінің барлық компоненттерін қалыптастырады. Бүгінгі таңдағы мектеп оқушысы үшін коммуникативтік құзыреттілік өзінің келешегіне деген сенімділікті білдіреді. Сондықтан қазіргі мектеп үшін шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту өзекті мәселе болып отыр. Ағылшын тілін меңгеру еліміздің әрбір азаматына өзінің шексіз жаңа мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі.

«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» демекші, тіл білетін адам көп нәрсеге қол жеткізеді, басқаларға қарағанда мүмкіншілігі мол, қай елге барса да жолы ашық. Келешекте жеті жұрттың тілін біліп, мемлекеттің мүддесін, ұлты мен жұртының жай-күйін әлемге дауысы жететін мінберден асқақтата айтып тұратын күнге жетуіміз керек. Сондықтан да еліміздің бәсекеге қабілетті елдермен терезесі теңесетін жағдайда үш тілді жетік меңгерген білікті мамандардың қажеттілігі артатыны белгілі.

Білім мекемелерінде жаратылыстану пәндерін, яғни химия, биология, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту жалғасын тауып келеді. Осы мақсатты іске асыруда мектептердің химия, биология, физика, информатика пәндерінің мұғалімдері ағылшын тіліндегі біліктілік арттыру курстарынан өткізіліп, А1-96, А2-41, В1-87, В2-186, С1-26 деңгейлерін меңгерді.

2020-2021 оқу жылында 57 мектептің 6-10 сыныптары аралығында сабақ беретін 310 педагог өз пәндерін ағылшын тілінде кіріктіріп оқытуда. Инвариативті компоненттегі негізгі пәндерден 8, 9, 10-шы сыныптар аралығында 5020 оқушы, вариативті бөлімнен 5, 6, 7-ші сыныптар аралығында 3625 оқушы білім алуда.

Шетел тілін оқушыларға үйретудегі негізгі қағидалар: олардың сөйлеу, оқу, жазу, тыңдау дағдыларын дамыту, қалыптастыру, оқушылардың белгілі бір дәрежеде шетел тілінде сөйлеуге, өз ойын басқаға жеткізе алатын, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу.

Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы 2017-2020 жылдар аралығында «Жалпы орта мектептегі үштілді білім берудің ғылыми-педагогикалық аспектілері» тақырыбында эксперименттік алаң ретінде жұмыс жүргізіп, үштілді оқытуды енгізуді іске асырды. Ондағы негізгі идея жоғары сыныптарда бірнеше пәндерді ағылшын тілінде оқытуға дайын болу үшін көптілді ортаны қалыптастыра отырып, 7-10 сынып оқушылары бейімделді.

Эксперимент алаңы ұстаздарының 2017-2020 жылдары аралығында жеткен жетістіктері көп болды. Экспериментке қамтылған педагогтар өзге тілде өз пәндерін еркін жүргізуге дағдыланып, қала, облыс, республика көлемінде авторлық бағдарламаларын жасап, жүлделі орындарға ие болды. Оқушылардың білім деңгейлері жылдан-жылға жоғарылап, тілге деген сүйіспеншіліктері артты. Мұғалімдердің өзге тілде сөйлеу мәнерлері, көпшілік алдында өздерін еркін ұстауы, ұйымдастырушылық қабілеттері, әрбір оқушыға жеке қолдау көрсету қабілеттерін дамытуға мүмкіндік болды.

Тіл – қай ұлтқа да, қай мемлекетте болмасын қастерлі де қымбат қазына. Бүгінгі заман баршаның бәсекеге қабілетті болуын талап етіп, ұстаздар қауымына жан-жақты тұлға тәрбиелеудің ауыр салмағын жүктеп отыр. Халықаралық қауымдастықтың құрамындағы өркениетті жұрттың алғашқы легіне орнығу үшін білімі мен білігі жағынан кәсіби сауатты мамандардың үздік шоғыры даралануы тиіс.

Біліктілік пен шеберлігімізді ұштастырып, жас ұрпақты әлемді мойындататын рухани биікке көтеру – біздің міндетіміз. Осы бағытта жұмыстар жалғасын тауып, белгілі нәтижеге жеткізеді.

Саясат ЕСЕЕВ,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.