Қалалық қоғамдық-саяси газет

Туған жерге ту тіккен Бас редакторлар

0 551

Даңқты жазушы, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөзі қалам ұстаған кез келген әріптесіміздің өмірлік ұстанымына айналды. Осы тәмсілден қуат алған талай жас ақпарат айдынында шыңдалып, баспасөз майданында ысылды. Олардың бірқатары бүгінде бір-бір аудандық басылымның тізгінін ұстап отыр. 

«Жаңа өмірді» жандандырған Перизат

Перизат Шымыртайқызы журналист болуды бала кезінен армандаған. Тіпті 5-сыныпта оқып жүргенінде-ақ «Ұлан» балалар газетінде мақалалары жарық көрген. Арманы орындалған кейіпкеріміз бүгінде Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің Бас редакторы қызметін атқаруда.

– Менің балалық шағым еліміз тәуелсіздік алған аумалы-төкпелі жылдарға сәйкес келді. Электр жарығы жиі сөнетін және тек мөлшермен ғана берілетін. Ауылдың қым-қуыт тіршілігі бітпейді. Сондайда ата-анама көмектесіп, сабағыма да үлгеруге тырыстым. Арасында мақала да жазатынмын. Олардың жарамдысы баспасөзде жарық көретін де, жарамсызына міндетті түрде редакциядан хат келетін. Хатта жіберген қателіктерім көрсетілетін. Әр мақалам шыққан сайын қуаттанып, содан шабыт алатынмын. 10-сыныпта оқып жүргенде пошта арқылы «Ұлан» газетінен Баспасөз күніне орай белсенді болғаным үшін Құрмет грамотасын және газеттің жас тілшісі деген арнайы куәлік жіберіпті. Сол кезде қалай қуанғанымды көрсеңіз, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Ата-анам да, ұстаздарым да, достарым да құттықтап, мәре-сәре болдық. Бұл маған одан сайын жігер сыйлады, – деп еске алды кейіпкеріміз өткенге көз жіберіп.
1997 жылы Қошқарата ауылындағы Абай атындағы №9орта мектепті үздік бітірген талапты жас арман қуып Алматыға аттанады. Десе де түрлі себептермен оқуға түсе алмай қалады. Бұған еш мойымаған бойжеткен «Ұлан» газетінде тілші болып істей жүріп оқуға дайындалады. Ол ҚазҰУ-дің қабырғасында оқуды қалап жүрген шағында сол кездегі журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашевқа кіріп, рұқсат сұрап, сұхбат алғанын да жиі еске алып отырады. Осылайша ол ақыры Ұлттық университеттің «журналистика» факультетіне оқуға түседі. Сол жерде Намазалы Омашев, Бауыржан Жақып, Клара Қабылғазина сынды өз ісінің майталмандарынан жан-жақты дәріс алады.
Университетті тәмамдаған соң аудандық басылымға жұмысқа орналасады. Бұл туралы өзі: «Алғаш еңбек жолымды аға тілші болып бастадым. Мен жұмысқа кіргенде санаулы-ақ адам еңбек ететін. Маман тапшылығына байланысты корректор да, теруші де, фототілші де, тілші де, тіпті кейде еден жуушы да болып кететінмін. Уақыт өте газетке көңіл бөлініп, ұжымы үлкейіп, жағдай жасалды. Тәжірибе жинай отырып, жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болдым, – дейді.
88 жылдық тарихы бар Жуалы аудандық басылымында ширек ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан қазақтың қаракөзі 2020 жылдан бастап Бас редактор қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Журналист – ой адамы. Оның болмысы таза болғанда ғана оқырманның жүрегіне жетеді. Оның еңбегіне қаламақы да, жалақысы да өлшем бола алмайды Оның бағасы жазған материалының құдіретінде, оқырманның жігеріне жігер, ойына ой, ақылына ақыл қосылуында, ізгілікке бастауында жатыр. Журналисті халық адалдықтың биігінен іздейді. Газетте жарияланған мақала ешқашан оқылмай қалмайды. Жүздің, тіпті мыңның бірі оқыса да «ел құлағы елу» дегендей біреуден біреуге тарайды. Сондықтан газетте әрбір мақалаға емес, әрбір сөйлемге сергек қарау керек. Сергектік дегеніміз – алып отырған объектіңнің бары мен жоғына, ағы мен қарасына әбден көз жеткізу. Ол үшін үлкен жауапкершілік, ұқыптылық, тиянақтылық керек. Себебі мақала арқылы қоғамдық пікір туындайды, елдік сана қалыптасады, – деп түйіндеді бізбен әңгімесін «Жаңа өмірді» жандандырып отырған білікті қыз Перизат.


«Мойынқұм таңын» нұрландырған Уалихан

Уалихан Жайлау 1989 жылы 12 қазанда Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатын тәмамдайды. Сөйтіп Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «журналистика» факультетін, «Баспа ісі» кафедрасының «Өнер» бакалавры мамандығын және аталмыш университеттің «Халықаралық журналистика» факультетінің магистрі атанады.

Алғашқы еңбек жолын 2012-2013 жылдары республикалық «Дарабоз» ерлер журналында тілші-редактор болып бастаған. 2013-2015 жылдары Еуразия телеарнасындағы «Сапа бақылауда» бағдарламасының, 2015-2018 жылдары облыстық «Ақ жол» газетінің Мойынқұм ауданындағы, 2018-2021 жылдары аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі қызметтерін атқарды. Ал 2021 жылы аталған басылымның Бас редакторының орынбасары болса, сол жылдың желтоқсанынан бері Бас редакторы болып тағайындалды.
– Бұл сала бүгінде өрісі кеңейіп, бірте-бірте жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Дегенмен тәуелсіздік алған жылдардан бері отандық БАҚ-та ашықтық, еркіндік жетіспегені жасырын емес. Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай «Жаңа Қазақстан» құрудағы ұлы мақсаттарға жетелейтін батыл қадамдар бүгінде басталып та кеткенін көріп отырмыз. Бұл жолда алдағы уақыттарда отандық БАҚ-та да демократиялық оң өзгерістер орын алатынына кәміл сенемін. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамдағы төртінші билік екені даусыз, – дейді «Мойынқұм таңын» арайландырған Уалихан Жайлау.


«Шу өңірін» шырайландырған Ерғали

Жас та болса бас болып отырған «Шу өңірі» газетінің Бас редакторы Ерғали Қартайған туралы да айтылар әңгіме бөлек. 1994 жылы 7 қаңтарда Шу ауданы Белбарыс ауылында өмірге келген ол 2012 жылы туған ауданындағы А.С.Макаренко атындағы орта мектепті үздік аяқтайды. Сол жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «журналистика» мамандығына оқуға түседі. Оқуда озат болған ол білім ала жүріп аталған оқу ордасының «Универиситет тынысы» газетінде еңбек жолын бастайды.

Студенттік шағы туралы кейіпкеріміз: «Әр курсты тәмамдағаннан кейін тәжірибе жинақтау мақсатында өңіріміздегі басылымдарға жіберетін. Бұл – студенттерге өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік берді. Осыны мүлт жібермей, облысымыздағы бірнеше басылымда мақала жариялап, барынша көзге түсуге тырыстық. Бастапқыда облыстық «Жамбыл спорты» газетінде жұмыс істеп, осы тақырыпта мақалалар жазуға машықтандым. Уақыт өте келе, яғни 3 курста облыстық «Арай» жастар газетінде тәжірибе жинақтадым, – деп еске алады.
Университетті де үздік аяқтаған жалынды жасқа өңір баспасөзінің қарашаңырағына айналған, ғасырлық жолды басып өткен «Ақ жол» газетінен ұсыныс түседі. 2017 жылы ата басылымның Шу ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқарады. Кейіннен көршілес жатқан Мойынқұм ауданындағы тілшілікті қатар алып, бес жыл бойы осы қызметте еңбек етті. Өткен жылы аудандық «Шу өңірі» газетінің тізгінін қолына алып, аз уақыттың ішінде шаруасын шалқытып, тірлігін тіктеп отыр.

Байқаған болсаңыз, біздің үш кейіпкеріміз де өздері туып-өскен өлкелеріне қайта оралып, туған жердің дамуына үлес қосуда. Мұның өзі олардың туған мекенге ыстық ықыластарын көрсетеді. Ал өзің тербелген алтын бесікке деген сүйіспеншілік ұлы Отанға деген өшпес махаббатқа жетелейді.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.