Қалалық қоғамдық-саяси газет

Цифрлы майнинг туралы не білесіз?

0 1  238

Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Иә, күні кеше Мемлекет басшысы өз Жолдауында да бұл туралы кеңінен айтты. Сонымен майнинг дегеніміз не? Біз оны қалай, қайда пайдаланып жүрміз? Саралап көрелік…

Арайлым Шабденова

«Біз Қазақстанның мәліметтерді өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылдадық. Былтырдың өзінде цифрлы майнинг ісіне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Елімізге әлемдік алпауыт цифрлы компанияларды тартуымыз керек. Әйтпесе өзге мемлекеттер алдымызды орап кетеді. Бес жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуі қажет», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында қатаң тапсырма берген-ді. Ал бұл үрдіс өзге елдерде шарықтап, қолданысқа енгелі қай заман.

Майнинг қалай жұмыс істейді?

Майнинг деген Bitcoin немесе басқа криптовалюталарды өндіру немесе іздеп табу болып табылады. Майнингті басқа ақша өндіретін құралдармен шатастыруға болмайды. Себебі криптовалютаны іздеп табудың өзіндік ерекше функциясы бар. Майнинг негізі ағылшын тілінен аударғанда «mine» – өндіру деген мағынаны білдіреді. Биткоин немесе басқа криптовалютаны табу үшін майнингті қолданамыз. Майнинг негізі Блокчейн технологиясы арқылы жұмыс істейді. Блокчейн дегеніміз – кез келген операцияларды белгілі блоктарға бөліп жұмыс істеу. Ал майнингтің өзін кез келген компьютер арқылы жасауға болады. Майнер (криптовалюта табушы адам) биткоин немесе криптовалютаны табу үшін өте мықты компьютер немесе процессор керек. Себебі барлық блокчейн операциясы процессор арқылы өтеді. Блокчейн технологиясы әлемдегі кез келген процессор арқылы жүреді. Майнер электронды цифрлық қолтаңбаны (хэш) табу үшін арнайы есептеулерді орындау үшін процессор қуатын пайдаланады. Сол цифрлық қолтаңбаны «тапқан» үшін майнерге криптовалюта сыйақы түрінде беріледі. Майнинг арқылы қауіпсіз транзакция жүргізе алуға мүмкіндік болады. Bitcoin және басқа да көптеген криптовалюталар үшін бұл – эмиссияны ұлғайтудың жалғыз жолы. Майнингтің басты мақсаты – осы. Алғашқы сатыларда кез келген адам процессордың қуатын пайдаланып майнингпен айналыса алатын. Бірақ қазір ол жеткіліксіз, кем дегенде мықты процессор керек. Сатоши Накамото 2009 жылы Bitcoin-ды ойлап тапты. Және оған белгілі сан эмиссия белгіледі. Ол максималды 21 000 000 BTC (биткоин) болды. Қазір сол бар биткоиндарды әлемде барлық майнерлер іздеп өндіруде. Болжам бойынша, барлық биткоиндар ХХІІ ғасырдың ортасында өндіріліп болады.

Майнингтің түрлері де бар

Майнинг жұмыстарын қолданылатын құралына байланысты ажыратуға болады. Негізгі түрлерінің алғашқысы – компьютерлік процессорлардағы өндіру (CPU). Криптовалютаны өндірудегі тиімсіз тәсілі болып табылады. Monero сияқты криптовалюталарды ғана өндіруге болады. Бірақ тіпті қуатты компьютерлер де нақты табыс әкелмейді.

Ал екіншісі – видеокарта арқылы өндіру (GPU). Көптеген криптовалюталарды осы арқылы өндіруге болады. Соның ішінде эфир, dash-ты өндіруге болады. Radeon немесе GeForce видеокарталарын қолданған тиімді. Тұрақты режим арқылы криптовалюталарды өндіруге мүмкіндік бар.

Үшіншісі – ASIC арқылы. Криптовалютаны шығарудың тиімді тәсілі болып табылады. ASIC – арнайы архитектурамен жасалған процессорлар. Мұндай құрылғыларда өтемақы жоғары деңгейі бар және оларды сақтау оңай. Бірақ бір жаманы – тез арада істен шығып қалады.

Төртіншісі – ферма. Ферма ол қуатты графикалық видеокарталарды (GPU) біріктіру арқылы жұмыс істейді. Бір немесе бірнеше компьютерге қосылу арқылы. Бұл жоғары тиімділікті көрсетеді. Ал жабдықтар шынымен қайталама нарықта сатылады. Майнерлер санының артуы видеокартаға деген сұраныстың артуына әкелді. Сондай-ақ оның тағы бір түрі – бұлтты (облачный) майнинг. Бұл дегеніміз кез келген фермадағы процессорға жалға алу арқылы жүзеге асады. Мысалы, айы белгілі бір процессорге ақша төлеп отырса болғаны. Ал қалған процессордың тапқан пайдасы тікелей өзіне түседі. Бұл әдіс тиімділігі бұлтты майнинг жұмыстарының тарифтеріне, ағымдағы тарифке және желі күрделілігіне байланысты. Майнингтің телефон, браузер, HDD деген түрлері де бар. Бірақ олардан ешқандай пайда болмайды. Оны көбінесе хакерлер қолданады. Адамдардың компьютерлеріне немесе телефондарына белгісіз майнингті орнатып, криптовалюта тауып жатады. Сондықтан ондай жағдай болмау үшін белгісіз сайттардан ештеңе жүктемеңіз.

Виртуалды валютаның уақыты келді

Ал криптовалюта – криптографикалық әдіспен жасалған, нақты бір жүйемен бақылауға келмейтін виртуалды валюта. Негізін криптографиядан алатын блокчейн, ацикликалық графика, консенусты реестр іспетті технологиялық жүйелермен жұмыс істейді. Криптовалюталардың айналымы ашық жүргізіліп, электронды цифрлы қолтаңбаның ашық кілті, яғни криптографиямен реттеледі. Цифрлық қаржы биткоиннан бастау алады. Одан кейін блокчейн, Р2Р, Cash іспетті басқа да түрлері пайда болды. Жаңбырдан соңғы жауқазындай қаптаған криптовалютаны кім, қалай атаса да, оның негізі бір – криптография. Жалпы криптовалюта термині алғаш рет атақты «Forbes» журналында 2011 жылы аталғанымен, тарихы 90-шы жылдардан бастау алған деседі. DigiCash деген атауға ие болған қаржы жүйесі жекелей өтемақы есебінде 1990 жылдан бастап кәдеге жаратыла бастаған. Ағылшын кәсіпкері Дэвид Чом негізін қалаған электронды қаржы орталықтандырылғандықтан өрісі кеңеймей, 1998 жылы банкрот болады. 2009 жылы өздерін «Сатоси Накамото тобы» деп атаған азаматтар аяқсыз қалған істі қайтадан қолға алып, Bitcoin жүйесін құрады. Одан кейін Namecoin, Litecoin, PPCoin, Novacoin іспетті бірнеше тармақтары пайда болады. 2013 жылы халықаралық биржа мен саудаға араласып, дүкен, мессенд-жер іспетті инфрақұрылымдық жүйелердің жұмысына қатысуға қауқарлы криптовалюталар қалыптасты. Виртуалды ақшаны көшіріп алуға да, ұрлап алуға да болмайды. Қазіргі уақытта валютаның 8 мыңнан астам түрі бар. Ең танымалдары: Bitcoin, Ethereum, Ripple, Bitcoin Cash, Litecoin, Dash. Әлемде кең таралған түрі биткоин 2015 жылы Еуропа Жоғарғы сотының шешімімен баламалы төлем құралы есебінде мойындалған.

Қиялыңыз ұшқыр болса, электронды ақшаның иесі атанып, онымен халықаралық қаржы транзакцияларын орындау мүмкіндігіне қол жеткізесіз. Кәдеңізге қалай жаратасыз? Биткоинды майнерлерден сатып алуға немесе біреуге қызмет көрсетіп, соның ақысы ретінде ие болуға болады. Айтпақшы, ұтқан биткоиныңызды компьютеріңізге орнатылған оффлайн әмиянда сақтай аласыз. Ол жердегі виртуалды валютаны құпия кілт сөз арқылы жұмсайсыз. Биткоинды кәдеге жарату үшін онлайн әмиянға да жүгінуге болады. Онлайн әмиянға технологияның барлық түрімен кіре аласыз. Биткоинға қатысты барлық транзакциялар ашық жүргізіледі. Дерекқорында ақша қашан, қанша жұмсалғандығы нақты жазылып тұрады. Тек ақшаны алушы мен жіберуші туралы мәлімет болмайды. Фермерлер арасындағы ауызбіршілік, биткоин өндірушілерінің жасырын тапсырмаларын бірлесе орындауы мен тапқан табысты теңдей бөлісуі осы бір жүйенің айналасына түрлі қауымдастықтың көптеп құрылуына негіз болуда. Алғашында цифрлы монеталар геймерлердің өзара ойын алмасу, ойын қосымшаларын сатып алу мақсатында пайдаланылды. Уақыт өте тұтыну ауқымы кеңейіп, үлкен нарыққа жол тартты. Қазіргі уақытта жаһандық сұранысқа ие болған биткоинның монетасы 10700 АҚШ долларынан саудаға салынған.

Кімдер қолдайды? Криптовалюта жүйесінде инфляция деген ұғым жоқ және оған қатысты транзакция сыртқы күштің басқаруына көнбейді. Десек те, биткоинның құны аяқ астынан шарықтауы я болмаса әп-сәтте құлдилап кетуі ғажап емес. Бұған қоса биткоинның қолданысы ешқандай заңмен реттелмейді. Сондықтан әлем елдерінің криптовалютаға деген көзқарасы әртүрлі. Мәселен, АҚШ-тың жекелеген штаттары мен Сингапур, Нидерланды, Австралия, Германия сынды мемлекеттер биткоинды хош көрсе, Ресей, Украина, Индонезия, Қытай дәл осы төлем құралына түрлі шектеу қойған. Ал Еуроодақ биткоинды қолдап, соты онымен жасалатын қаржы операцияларына қосымша құн салығын салмау керек деген шешім шығарды. Десек те, экономикалық сарапшылар мен банкирлердің арасында биткоинге күмәнмен қарайтындар бар. Олар төлем құралының осы түрі алаяқтық жасауға негіз болуы мүмкін деген пікірде.

Бізге қажет пе? Қазақстандықтардың да криптовалютаға аңсарының ауа бастағанын айта кеткен жөн. Парламент депутаттарының мәліметінше, сауда-саттықтың кейбір түрлері, жылжымайтын мүлік саудасы осы валютамен жасала бастаған. Бұған «Krisha.kz», «Olx.kz» сайттарындағы «мүлікті криптовалютаға сатамын» деген хабарландырудан-ақ көз жеткізуге болады. Қазақстандық ғаламторда «Майнинг жасау тәсілдерін үйрету», «Цифрлы қаржы табу» іспетті түрлі онлайн семинар-тренингтердің қаптауына қарағанда, криптовалюта біздің елде де қанатын кеңге жая бастаған сыңайлы. Ерекше атап өтерлігі, ҚР заңнамасында биткоин төлем құралы болып белгіленбеген. Оны қолдану мен қолданбауға қатысты да сөз қозғалмаған. Қолданыстағы заңымызға сүйенетін болсақ, Қазақстанда криптовалютамен есеп айырысу құқық бұзушылық болып табылады. Сарапшылардың уәжіне құлақ асар болсақ, табиғи шикізат немесе құнды қағаздарға байланбаған валютаның болашағы бұлыңғыр. Криптовалюта ешбір заңмен реттелмейді. Құнын қаржы ұйымдары емес, қарапайым тұтынушылары реттеп отырады. Дамыған елдерден бастау алып, сол елдердің ішкі өнімділігімен шақталған виртуалды қаржының әр тиыны 20 мың АҚШ долларына дейін көтерілген еді. Ауқымы кеңейіп, дамушы мемлекеттерге тарай бастағанда, оның бағасы 10 мың АҚШ долларына дейін түсті. «Үшінші сұрыпты» мемлекеттерге таралған шағында криптовалютаның құны одан да төмен құлдырауы тиіс. Яғни валюта тұтынушыларының тұрған жеріне, мемлекеттердің ішкі өнімділігіне тікелей байлаулы. Криптовалютаның тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін (мәселен) Америка мен Андола, Канада мен Қырғызстанның экономикасы тең болуы тиіс. Мұнсыз биткоинмен байимын деп айта алмассыз. Ресейде биткоинды жеке тұлғаға сатуға тыйым салайын деп отыр. Ал Қазақстан билігі криптовалюта жүйесін зерттеп біткен жоқ. Биткоинды Германияда кейбір кезде ақша бірлігі ретінде қарастырады. Ал Жапония елінде төлем жасау құралы ретінде заңды түрде пайдаланылады. Қытай банктерінде биткоинмен қандай бір операциялар жасауға рұқсат етілмеген.

Бүгінгі таңда елімізде виртуалды ақшаны қолданудың үрдісі қалыптасты. «Kaspi.kz» қосымшасын қолданбайтын адам бүгінде жоқтың қасы. Тіпті жол жүру ақысын да QR-код арқылы төлеп, арнайы карта арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысып жүрміз. Қазір біздің ел электронды үкіметті дамыту индексі бойынша БҰҰ-ның әлемдік рейтингінде 33-ші орында тұр. Ол адами капиталды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылым және онлайн қызметтер индикаторларынан тұрады. Алдағы уақытта технологиялық прогресте көшбасшы елдердің қатарына қосыламыз деп сенеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.