Қалалық қоғамдық-саяси газет

Токиода топ жарған

0 434

Олимпиада ойындары қазақстандықтар үшін сәтті басталды.

Сәндібек Піренов

Пандемияға байланысты бір жылға шегерілген Токио Олимпиадасы жалауын желбіретті. Төртжылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасынан Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ту көтеріп бастап шықты. Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде спорттың жаңадан енген түрлері, яғни бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбордингтен сынға түсетіндер де жүлделі болады. Биылғы Олимпиаданың ерекшеліктерін спортшылар да әлеуметтік желідегі парақшаларында жарыса жариялауда. Тағы бір ерекшелік, жарысқа қатысатын спортшылардың 49 пайызы әйелдер болмақ. Ол гендерлік теңдікті білдіреді екен.
Жалпы додаға қазақстандықтар спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алды. Олимпиаданың алғашқы күндерінен-ақ спортшылар өздерінің мықтылығын дәлелдеп, ел қоржынына үш бірдей қола медаль салды.
Елдос тағы да ерледі
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Токио төріне алтын медаль үшін барғанын бұған дейін де айтқан. Қалың жұртшылық Олимпиаданың алғашқы күніндегі жүлде алтынға татиды деп оң бағасын беріп жатыр. Расында, екі Олимпиада да спорттық бабын сақтап, жүлде алу деген екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десек те болады. Себебі байрақты бәсекеге осал қарсылас келмейтіні белгілі. Елдостың алғашқы қарсыласы түркиялық Михраш Аққұс болды. Қос спортшы бұрын бірімен-бірі кездеспесе де, Токио татамиінде оны таза жеңді. Ал екінші айналымдағы қарсыласы Оңтүстік Корея спортшысы Ким Уон Жин Сметовпен жиі кездескен балуандардың бірі еді. Жарыстарда қос балуанның жолы осымен төртінші рет түйісіпті. Ең қызығы, алғашқы екі белдесуде (2013 жылғы Азия чемпионатының жартылай финалы және 2016 жылғы Дюссельдорф Гран-приінің финалы) Кимнің асығы алшысынан түссе, кейінгі екеуінде (2020 жылғы Париж «Үлкен дулығасының» қола жүлдесі үшін және биылғы Токио Олимпиадасының ширек финалы) Сметов басымдық танытты. Осылайша, жанкүйерлер күткендей, Елдостың жолы жапониялық Наохиса Такатоға түсті. Есе қайтар кез келді дедік. Бірақ тартысты белдесуде жапон балуанының жолы болып, ұпай айырмасымен жеңіске жетті. Осыдан кейін қола жүлде үшін болған белдесуде Елдос Нидерланд балуаны Торнике Тсакодеадан басым түсті. Сметов бұл балуанмен осыған дейін 2019 жылғы Будапешт Гран-приінің жартылай финалында жолығып, жеңіске жеткен еді. Токио төрінде екі балуанның белдесуі «алтын ұпаймен» шешілді. Жарыстан кейін жамбылдық балуан пікір білдіріп, қазақстандық дзюдошыларға сәттілік тілеген еді.
– Шыны керек, мен қола емес, алтын аламын деп келдім. Рио Олимпиадасынан кейін татамиден алыстап кетпей, үлкен спортта қалуымның да бір себебі осы еді. Күмістен кейін алтын алғым келді. Еліміздің Әнұранын шарықтатып, көк байрағымызды биіктен көруді армандадым. Сол үшін тынбай еңбек еттім де. Бірақ маған бұйырып тұрғаны қола жүлде екен. Мен барымды салдым. Спортқа арнаған осынша жылдағы бар өнерімді, бар күшімді бүгін Токио татамиіне тастап шықтым. Бойымда күреске деген қандай қасиет болса, соның бірін де аяп қалмадым. Жартылай финалдағы жекпе-жекті көрдіңіздер. Өте тартысты өтті. Қайта-қайта шабуылға иек артып, қарсыласымды тұқыртуға тырыстым. Алайда жеңіс бүгін менің жағымда емес екен. Иә, жапондық балуан Наохиса Такато менімен кездесуге финалдық белдесуге шыққандай дайындықпен келді. Оның финалға және оған дейінгі жекпе-жектерге қалай дайындалғанын көрдім. Жартылай финалға ерекше әсермен беттеді. Екеуміз талай мәрте кездесіп жүрміз. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Бүгінгі белдесудің тым ұзаққа созылғанының себебі де – осы. Міне, екінші Олимпиадада алтынға сынық сүйем жерден тоқтап отырмын. Мен алмасам да, менің бауырларым, қазақ дзюдошылары Олимпиада чемпионы атанса, содан артық бақыт жоқ. Жарыс мұнымен біткен жоқ. Әлі еліміздің намысын қорғайтын төрт балуанымыз бар. Соларға сәттілік, жеңіс тілеймін, – дейді Елдос Сметов.
Елдостан кейін қазақстандық ауыр атлеттер Зульфия Чиншанло мен Игорь Сон да Олимпиада қоласын алып, ел қоржынына тағы да қос қола жүлде салды. Бұл, әрине, Олимпиаданың алғашқы күндеріндегі жүлде болғандықтан, жылы көрінетіні рас. Дүбірлі додада қазақстандық спортшылардан әлі де жеңіс күтеміз, сенеміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.