Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ыстық су тоқтатылады

0 215

1 тамыздан 15 тамызға дейін қалада ыстық су тоқтатылады

Шапағат МАМЫТХАН

Жылу беруші кәсіпорындардың іс-шаралар жоспарына сәйкес, жыл сайын алдағы жылыту маусымына жылу желілері мен қазандықтарды дайындау мақсатында ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 15 тәулікке (яғни 15 тамызға дейін) ыстық судың берілуі уақытша тоқтатылады. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Мұздыбеков айтты.
– Жоспарға сәйкес, барлық дайындық іс-шараларын ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін аяқтау қажет. Оның ішінде қазандықтардың, жылу, электр, су, газ желілерінің, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдениет нысандары мен тұрғын үйлердің дайындығын ағымдағы жылдың 1 тамызына 60 пайыз, 15 қыркүйегіне 90 пайыз, 10 қазанына 100 пайыз қамтамасыз етілуі тиіс. Ал білім беру нысандарының 100% дайындығы 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етілуі керек, – деді Руслан Орынбекұлы.

Сонымен қатар облыстық нысандардың 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары бекітіліп, облыстық штабтың тұрақты бақылауына алынғанын да жеткізді. Қазіргі таңда отын-энергетика кешендерімен бекітілген іс-шаралар кестесіне сәйкес жылу қазандықтары мен желілерде дайындық жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар облыстағы 444 автономды қазандық, 340 шақырым жылу желілері, 103 шақырым ауыз су желілері, 9 369 шақырым электр желілері, 2 053 шақырым газ желілері және 782 білім, 387 денсаулық сақтау, 466 мәдениет саласы нысандары мен 1 622 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы қамтамасыз етілуде. Жалпы бүгінгі күнге нысандардың дайындығы 60 пайызды құрайды. Көгілдір отын көмір мәсәлесін де көңілден шығармаған спикер облыс тұрғындары үшін 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде 188,0 мың тонна көмір жеткізу жоспарлануда екенін, бүгінгі күнге көмір қоймаларында 9,2 мың тонна көмір барын, сонымен қатар шілде-тамыз айларында 15,5 мың тонна көмір жеткізілетінін де айтты. Бюджеттік ұйымдардың қажеттілігіне орай автономды қазандықтар үшін 64,5 мың тонна қатты отын қорымен қамту жоспарланған, оның ішінде білім нысандарына – 56,7 мың тонна, денсаулық сақтау нысандарына – 5,7 мың тонна, мәдениет нысандарына – 2,1 мың тонна.

Бүгінгі таңда барлық әлеуметтік нысандар бойынша көмір сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, жеткізушілермен келісімшарттар жасалған. Жылыту маусымы аяқталысымен, қалада ыстық су үздіксіз, тұрақты түрде беріліп келеді. Жалпы қалада барлығы 919 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілген. Алайда кәсіпорындармен қазандықтардың негізгі және қосалқы жабдықтарына түгендеу, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу желілерін гидравикалық сынақтан өткізу, құбырлардың жылу қуатын тасымалдау деңгейін тексеру жұмыстары ұйымдастырылатынын да айтып, тұрғындарға ескерту жасады. Бұл жұмыстар желілердің жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету, анықталған ақауларды қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар болып табылады. Жоспарланған іс-шараларды орындау жылыту маусымы кезеңінде тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Іс-шаралар аяқталғаннан кейін ыстық су беру жылыту маусымына көшумен қатар жалғастырылатын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.