Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілге мән беру тіл ұшында тұр

0 261

Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 4-тарауы, 21-бабында: «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады», – деп анық көрсетілген. Соған қарамастан, біздің мемлекетіміздегі кейбір жекеменшік органдар осы заң тармағының соңғы жолын ғана ұстанатындай, асхана, бар-кафелер өз міндетін толық атқармай отыр.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Біз осы заңның атқарылу аясын тексеріп көру мақсатында Тараз қаласында орналасқан бірқатар асханаға барып көрдік. Онда барғанымызда, кей асханаларда ас мәзірі қазақша, кейбірінде тек ұлттық тағамдар мәзіріндегісі ғана қазақша, тіпті кей асханалардың іші-сыртында да қазақша әріп жоқ. Мысалы, өзбек ағайындардың «Самарқанд» кафесінің сыртында «Мархабо» деп жазулы тұр. Сонда біздің бір ауыз «Қош келдіңіздер» деген сөзіміз сыймай қалғаны ма? Ал ішіне кіріп ас мәзірін көргенімізде, онда бірде-бір тағамның атауы қазақша жазылмаған екен. Осыған орай мұндай жағдайларға қаншалықты мән беретінін білмек мақсатта көшедегі қала тұрғындарына сауал қойып көріп едік, Индира Исмайлова деген Тараз қаласының тұрғыны: «Қазақша ас мәзірі жоқ бір бұл ғана емес, мен барып жүрген көп асханада солай. Оған біздің де бойымыз үйренген, оны барған дәмханалардан талап етіп те жатпаймыз», – деді. Ал Нұржан Серікбол деген көлік жүргізушісі кей асханалардан талап еткенмен де, олар ондай сөзді құлағына да қыстырмайтынын, тіпті «асханамыз ұнамаса, ұнайтын асханаға барыңыз» деп жауап беретінін айтты. Біз бұл туралы шетел көрген қазақтардың да ойын білгіміз келіп, Шырын Сатыбалдиеваға сауал жолдадық.

– ТМД елдерінің өзінде көп мемлекеттер не жазса да, өз тілінде жазады. Асханалардың ас мәзірінен де ана тілін үстем орынға қоятынын көре аласыз. Мен кейде шетелдік достарымнан ұяламын. Олар менен тағам аттарының асханаларда не үшін қазақшасы жоқ екенін сұраған кездер болды, – дейді.

Ары қарай бұл мәселенің басы-қасында жүрген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаевадан сұрадық. Бақыт Тілегенқызы бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар турасында кеңінен тоқталып, толықтырып айтып берді. Жалпы қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қазақ тілінің мәртебесін көтеру турасында бірқатар кешенді шаралар атқарыпты. Оның бір бөлігі – қаладағы және ауыл-аудандардағы көше аттарын қазақшалапты. Мысалы: Тараз қаласының 4-ші округіндегі ұзындығы 840 м Краснознаменский көшесінің аты атақты Наурызбай батыр көшесі болып өзгертіліпті. Ал 7-ші округ бойынша ұзындығы 1260 м Калинин көшесі Байкент деген қазақша атауға ауыстырылыпты. «Көлтоған» шағын ауданындағы ұзындығы 1200 м Первомайская көшесі Алтын орданың ірі сауда орталығы болған ортағасырлық қала Сарайшықтың атына ауыстырылған. Міне, осы сияқты бірталай көше аттары қазақшаланған әрі бұл тек орысша атауларға ғана тиесілі емес. Жалпы ескірген атаулар мен бір ауданда немесе бір аумақта екі рет қайталанған адам аттарын да өзгерткен. Себебі ондай көшелерде жедел жәрдем шақырған жағдайда шатасатын жайттар көп орын алады. Сонымен қатар Бақыт Тоқсанбаева көше атауын өзгерте салу ол бір күннің шаруасы емес екенін айтады.

– Тіпті кей жылдары жоғары жақтан өзгертуге мораторий жарияланады, сол кездерде біз қанша өзгерткіміз келгенмен амалсыз қаламыз. Ал енді тіл мәртебесінің басқа да қырларына келер болсақ, біз мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін қаланың бүкіл кәсіпорындарына ескертумен, кеткен қателерді өзгертумен қатар, орысша жазылған жарнамаларды немесе қазақша қате жазылған сөздерді ылғи тексеріп, сол орын иелеріне ескерту беріп отырамыз. Алайда біз олардан тек талап етумен шектелеміз. Оларға айыппұл немесе басқа да әкімшілік жазалар қолдана алмаймыз. Тіпті кей іс орындары жекеменшік кәсіп иелеріне қай сөз, қалай аударылатынына дейін үйретеміз. Қате жазылған сөздер болса, оны өзіміз түзеп жазып беріп кетеміз. Ал енді кафелердегі ас мәзірінің қазақша болуын қадағалау мүмкін емес. Қадағалаған күннің өзінде оларға біздің сөзіміз жүрмейді, – деді Бақыт Тілегенқызы.

Сондай-ақ ол: «Біз оларға «Тіл туралы» Заңды айтсақ, олар бізге «Жарнама туралы» Заңның 6-бабын көлденең тартады. Сондықтан әр кәсіпкер сол кәсібін тіркейтін кезде Үкімет олардан жазу-сызулары «Тіл туралы» Заңға сәйкес келе ме, келмей ме, соны бізбен де ақылдасып, біздің де бір тексеруімізден өтулерін талап етсе, біз олардың маңдайшаға жазатын жазуларын қатесіз жазуына және қазақ тілінің қолданылуын қадағалайтын едік. Және бізге қазақ тілін қолданбайтын орындарды реттейтін құзыреттілік берсе, сонда ғана барлық жазу-сызулар қазақ тілінде жайнап тұрар еді», – дейді.

Сонда біздің тіліміздің тағдырына заңымыз жауап беру керек пе? Жоқ, әлде сол заңды атқарушылар жауап беру керек пе? Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанмен, қазақ тілінің үстемдігін көре алмасақ, не қайыр? Әр ұлттың өз тілі өзіне ғана керек емес пе? Бұл сұрақтарға әркім өз арына салып жауап іздеп көрсін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.