Қалалық қоғамдық-саяси газет

Поэзияның ақ гүлі

0 246

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы, ақын Күләш Ахметованың 75 жас мерейтойына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Поэзияның ақ гүлі» атты Күләш оқулары өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ақынның шығармашылығын насихаттау және дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында өткен байқауға облысымыздан және республиканың әр аумағынан бас-аяғы 100-ден аса өтінім келіп түскен.

«Жазылған жырлар» атты алғашқы номинацияда қатысушылар Күләш Ахметоваға арнау жазды. Келесі «Болашақ үшін» кезеңінде ақын шығармашылығына негізделген аталған тақырыпта эссе жазуға тиіс болды. Одан кейінгі айдар «Мен Күләшті оқимын» поэзия патшайымының өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, бейнеролик түсіруге негізделді. Бейнероликтің сапасы, креативтілігі, қатысушының мәнері басты назарға алынды.

Алғашқы болып М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы, ректор міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлы сөз алды.

– Ақынын ар тұтып, ардақтаған Ұлы дала елінің ұландары кешімізге арнайы дайындықпен ат басын бұрып келіп отыр. «Поэзияның ақ гүлі» атанған Күләш апамыздың құрметіне орай ұйымдастырылған шара үздіктерді анықтады. Әдебиет әлемінде өзіндік үлесі бар ақынның жауқазындай әсем жырлары жүрекке жылылық ұялатады. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деп қатысушыларды құттықтады.

Өз кезегінде сахна төрінен орын алған Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын жырын әдебиет айдынында қалықтатты. Одан кейін сөз алған «Jambyl-Taraz» қалалық газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали ақынның өмірі мен өнеріне тоқталып, жырынан маржан теріп, мәнерлеп оқып берді.

Жиын соңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова және «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырова жеңімпаздарды марапаттады. «Болашақ үшін» тақырыбындағы эссе жазу номинациясы бойынша І дәрежелі дипломға Аяулым Кенешбекова қол жеткізді. «Жазылған жырлар» тақырыбындағы ақындар номинациясы бойынша ІI дәрежелі дипломмен Әлібек Сейдәзім марапатталды. Ал «Жазылған жырлар» тақырыбындағы ақындар номинациясы бойынша І дәрежелі диплом Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Жамал Жүрсінбекке ұсынылды. Ал «Мен Күләшті оқимын» тақырыбындағы мәнерлеп оқу номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен Нұршахризада Салимова үздік деп танылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.