Қалалық қоғамдық-саяси газет

Теңге – экономикалық дербестіктің кепілі

0 1  491

Мемлекеттің тұрақты ұлттық валютасының болуы нарықтық қатынастардың дамуы мен елдің экономикалық тәуелсіздігінің негізгі критерийлерінің бірі болып есептеледі.

1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валюта – теңге айналысқа енгізілді. Бұл мемлекетіміздің экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болды. Теңге – біздің дербес ел болғанымыздың белгісі. Басқаның валютасына тәуелді болу – барлық байлығыңды біреудің билігіне беру. Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Ол барлық уақытта тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді.

Ұлттық валюта күннен-күнге өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де сенімді беделге ие бола бастады. Өндіріс дамыған сайын елге шетел капиталының ағыны ұлғайып, отандық ірі инвесторлар пайда болған сайын ұлттық валюта да, сонымен қатар валюта нарығы да нығая түсті.
Дербес ақша кредиттік және бюджеттік-салықтық саясатты және тиісінше неғұрлым тиімді макроэкономикалық тұрақтылық саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Әрине, бәрі оңайлықпен орнығып, қиын-қыстау кезеңдерсіз, кедергісіз болған жоқ. 90-жылдардың ортасында еліміздің экономика саласында үлкен қиындықтар болды. Сол кезде ескі жүйедегі өндіріс орындары тоқтап жатты. Халықтың қаражаты тапшы, қазіргідей көптеген жәрдемақылардың түрлері жоқ еді. 1997-1998 жылдары бюджеттің кіріс бөлігінің тапшылығынан әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар уақытылы төленбеген кезеңдері болғаны жасырын емес. Ол кезде Ұлттық қор жоқ. Дегенмен мемлекет тарапынан жүргізілген бюджеттік-салық саясатының нәтижесінде түйінді мәселелер толығымен шешімін тауып, қиындықтар артта қалды.
Сондай-ақ жаhандық қаржы дағдарысы жағдайында ұлттық валютаның тұрақтылығы мен орнықтылығын сақтаудағы мемлекеттің ақша-несие саясатын жүргізудегі Үкімет тарапынан жасалған антикризистік іс-шараларды атап өткеніміз жөн. Олар: қаржы секторын тұрақтандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Дағдарыс салдарына бейімделген жаңа қаржы жүйесі қалыптасты. Әлеуметтік салаға ерекше назар аударылды. «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнестің жол картасы», «Нұрлы жер», «Өңірлік даму» сынды ілкімді жобалар жүзеге асты. Соның нәтижесінде отандық экономикамыздың жүйесі орнығып, теңгеміз тұрақтанып, инфляция ауыздықталды. Екінші деңгейлі банктер тұрғындарға қайтадан несие бере бастады.
Бүгінде қаржы саласының ахуалы жақсарып, бюджет көлемі жылдан-жылға ұлғайып, әлеуметтік-экономикалық саланы жақсартуға мол мүмкіншілік қалыптасты.
Тараз қаласына келетін болсақ, бюджет көлемі жылдан-жылға артуда. Атап айтқанда, осыдан 5 жыл бұрынғы бюджет көлемі 42,9 миллиард теңгені құраса (оның ішінде өзіндік кірістер – 7,9 млрд теңге), бүгінгі күні 82,8 миллиард теңгеге жетіп отыр (өзіндік кірістер – 21,6 млрд теңге). Нәтижесінде көптеген әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіншілік туды. Қаланың инженерлік инфрақұрылымдары жаңартылып, көптеген көшелер күрделі және орта жөндеуден өтті. Бюджет қаражатының қомақты көлемі және басым бағыты білім, әлеуметтік салаға жұмсалды.
Қаламыз кеңейіп, инфрақұрылымы дамып, жаңа ықшамаудандар, массивтер бой көтеруде. Орта есеппен бес-алты жылда бір ықшамаудан қолданысқа берілуде. 2005 жылы құрылысы басталған «Астана» ықшамауданы 2010 жылы толық абаттандыруымен аяқталса, 2011 жылы басталған «Бәйтерек» ықшамауданы 2016 жылы ел игілігіне беріліп, қаламыздың шырайын кіргізді. Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысының іргетасы 2017 жылы қаланып, бүгінгі таңда жетпіске жуық көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп үлгерді. Болашақта бас жоспарға сәйкес бірнеше әлеуметтік нысан салынып, №15 ықшамаудан толыққанды қаламыздың игілігіне айналады.
2021 жылдың қаңтар-қазан айларында мемлекеттік бюджетке 66,9 миллиард теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 108,4 пайызға орындалды. Оның ішінде қалалық бюджет 21,6 миллиард теңге немесе 130,9 пайызға артығымен орындалды.
Үкімет тарапынан экономиканы тұрақтандыру мақсатында жүргізіліп жатқан әлеуметтік қолдау шаралары аясында Тараз қаласының бюджетіне республикалық қазынадан қосымша қомақты қаржылар бөлініп отыр. Осы бөлінген қаржыларды уақытылы әрі тиімді игеріп, жаңа жұмыс орындарын ашу және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін қалыптастыру – біздің үлкен міндетіміз.
Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу, қазынашылық жүйесі толығымен электрондық жүйеге көшірілді. Атап айтқанда, тендерлер, аукциондар және «Қазынашылық клиент» жүйесі арқылы жүргізілетін төлем құжаттары мен келісім шарттарды рәсімдеу электрондық форматта жүзеге асырылуда.
Теңге – дербестік тірегі, экономикалық дербестіктің кепілі. Теңге өзінің тарихи функциясын толығымен орындап шықты, әлі де өзінің құндылығын дәлелдей бермек. Ал теңгеміздің орнықты болуы, сонымен қатар қаржы саласының тұрақты болуы тәуелсіздігімізді арттыра түсетіні хақ.
Ұлттық валютаға байланысты Әулиеата жерінде орын алған тарихи дерек бар. Ол тұңғыш ұлттық валюта Жамбыл облыстық Ұлттық банкімен қабылданып, осы жерден 1993 жылдың 15 қарашасында сағат 8:00-де республиканың барлық аймақтарына таратыла бастады. Осыған байланысты Ұлттық банкінің облыстағы филиалының ұйытқысымен, қаладағы барлық екінші деңгейдегі банк филиалдарының ұжымдары бірлесіп қаланың орталығында тұңғыш валютаның 20 жылдығына арналған стела орнатты. Бұл күні ол «Қаржыгерлер» скверінде орналасып, қаланың архитектуралық және эстетикалық сәніне жарасып, халық сүйсіне баратын орынға айналып отыр.

15 қараша – Ұлттық валюта күні. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Сондықтан барша қаржы саласында еңбек етіп жатқан қызметкерлерді аталған мерекемен құттықтап, еңбектеріңізге жеміс тілеймін.

Жеңіс ПӘРІМБЕКОВ,
Тараз қаласы әкімдігінің
қаржы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.