Қалалық қоғамдық-саяси газет

Теңдессіз нығметтер айы

0 269

Рамазан айында ораза тұту – Алланың екі дүниедегі қисапсыз қазынасына кенелу деген сөз. Халқымыз «Бұл өмір – сынақ» деп жатады. Иә, өмірде кездесетін қиыншылықтар өте көп. Сондай сәттерде сауық-сайран құрып, қуаныштан аяқты қамсыз басып жүру бақытты адамның сипатындай көрінер.

Бірақ нағыз бақыт Алланы танып, оның қамқорлығын сезіну. Бір хадисте Алла Тағала: «Пендем мені қалай ойласа, Мен ол үшін сондаймын. Ол Мені есіне алса, Мен онымен бірге боламын. Ол Мені іштей есіне алса, Мен де оны іштей есіме аламын. Ол адамдар арасында есіне алса, Мен оны сол ортадан артық ортада есіме аламын. Пендем Маған бір кез жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Егер Маған жүріп келсе, Мен оған қарай жүгіремін», – деген. Осы хадисте Раббымыз «Пендем Мені қалай ойласа…» деп ең әуелгі ерікті өзімізге беріп отыр. Ендеше, сауаптар еселеніп, жақсылықтар берекеленетін Рамазан айы мұсылмандарға нағыз сынақ деуге болады. Сондықтан мейірім иесі болған Раббымызды қуантатын амал жасап, разылығына ұмтылу басты мақсатымыз екен. Өзінің құлдарының әлсіздігін білетін Алла Тағала Рамазан айын қасиетті нығметтерге толтырған. Оған тек Алланың белгілеген тәртібіне мойынсұнып, 30 күн ораза тұтып, намазға ұмтылып, Құран оқып, садақа беру секілді Раббымыздың жақсы көрген құлшылықтарын орындау арқылы жетеміз. Халқымыздың «Алланың рақымы жаусын!» деген қасиетті батасы бар. Осы бір ауыз сөзде қаншама құпия, береке бар. Өйткені Алланың мейірімі, рақымы төгілген адам ғана ораза тұтып, құлшылыққа ден қоймақ. Раббымыздың мейірімінен үміттеніп, мұсылмандық парыздарды түйсініп, жақсылық жасауға асығуымыз керек. «Адамды Алланың өзі өзгертпесе, бізден не шара?» деп шарасыздық таныту – мұсылманға жат қылық. Өйткені пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері арқылы дұға құлшылық өзегі, мұсылманның қаруы екенін жақсы білеміз. Біздің қолымызда керемет қару – дұға. Сондықтан өзіміз үшін де, өзгелер үшін де Алланың рақымын тілеу маңызды.
Ендеше, Ұлы Жаратушымыздың рақымына бөлену мүмкіндігі туған сын сағатта әрбір мұсылман бейқамдық пен шарасыздықты жеңіп, нәпсісін бағындыруы – нағыз мықтылық. Өйткені Раббымыз біз үшін шайтандарды кісендеп, тозақтың қақпасына құлып салып, жәннат бақшаларының есігін айқара ашқан сәтте қалайша оған ұмтылмаймыз? Бойындағы нәпсісіне емес, әлемдердің Жаратушысына құл болу бақытын қолдан жібермей, рақымға тұнған Рамазанның нығметтерінен құр қалып қою – мықты мұсылманның сипатынан емес. Алланың рақымына бөлер асыл дініміздің діңгегінің бірі болған Рамазан оразасын барынша бірлік-ынтымақпен жалғастыру арқылы Раббымыздың рақымынан үміттенген мұсылманға қасиетті Рамазанның кешірімі мен сансыз мейіріміне бөлейтін нығметтер есігі ашылмақ.

Ержан АМАНБАЕВ,
Тараз қаласының бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.