Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазалық табалдырықтан басталады

0 1  577

Қаламыздың тазалығы – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Тіршілігіміздің өзі осы тазалыққа байланысты екені де рас. Біздер осыны қаншалықты түсінеміз? Бәрі қарапайым нәрседен басталады. Басқасын былай қойғанда, күнделікті өмір қажеттілігінен артылған тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстар қаламызды ластап барады. Оған шаһарымыздың батысында орналасқан химия зауыттарынан шығатын улы химикаттарды қосыңыз. Түрлі нәжістер мен өлекселер тағы бар. Осыншама қоқыс бүгінде қала тұрғындарының ортақ проблемасына айналды. Біз шаһардағы тазалық мәселесіне, тұрғындардың экологиялық тәрбиесіне мықтап мән беретін жағдайға жеттік. Бұрыш-бұрышқа көзіңіз түсе қалса, желмен көтерілген целлофандар мен қаудырлай ұшқан бос құтылар құтыңызды қашыраады. Өз басым осындай көріністерді жиі көретін болдым. Демек бізде жалпыға ортақ мәселе бар. Ендеше, қайтпек керек?
Бүгінгінің жастары бас қосып отыра кетсе, артында 3-4 келі қоқыс қалатын болды. Бұдан бөлек, тұрғын үйлерден шығып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтар қаншама?! Арнайы қоқыс жәшіктеріне баруға ерініп, көзден таса жерге қоқыс тастап кететіндер де жоқ емес.
Қаламыздағы әр ауланың тазалығын сақтау және осындай керағар әдеттерге тосқауыл қою үшін пәтер иелері кооперативінің жұмысын жандандыруымыз қажет. Оның маңыздылығын тұрғындарға түсіндіруіміз керек. Өкінішке орай шаһардың кейбір аумақтарында мұндай кооперативтер атымен жоқ.
Кооперативтер ұйымдастырылған аумақтарда олар өздеріне жүктелген міндетті адал орындайтынына сенімдіміз. Оған қоса бақылау бейнекамераларын қаланың қоғамдық орындары мен орталық маңызды аумақтарына ғана емес, сонымен қатар бірінші кезекте тазалық тәртібі сақталмайтын аудандарға да орнатып, соған жауапты мобильді топтардың камералардың көмегіне жүгіну жұмыстарын жолға қою қажет. Мен депутаттыққа сайланған №15 округте қоқысты тасымалдауға жауапты мекемелер арнайы техниканың көмегімен қоқыс тастайтын орындарды белгіленген мерзімде тазалап тұратынын байқадым. Тұрғындар қоқыс жәшіктерін белсенді, мақсатты пайдалану керек. Алайда, көше бойы лас су және тұрмыстық қатты қалдықтардан тазарар емес. Қала тұрғындары үшін арналған кейбір қоқыс жәшіктері сол маңдағы ірі супермаркеттердің, дүкендердің қоқысымен толып отыр. Кейбір жәшіктердің қолайсыз жерде орналастырылуына тұрғындар наразы. Бұл қисынсыз әрекеттердің бәрі өзгенің емес, өз қолымызбен жасалып жатыр. Ойланатын кез келген сияқты.
Сондықтан «Жұмыстың басым көпшілігі қала әкімдігінде, нәтиже де солардан сұралады» деп қол қусырып отыруға болмайды. Шаһардың тазалығына тек қала әкімі емес, бізде жауапты екенімізді ұмытпауымыз қажет. Сол үшін жұмысты бірлесе атқарып, шаһар тазалығына өз үлесімізді қосқанымыз жөн. Себебі бұл мәселеде босаңситын болсақ, еш жұмыс нәтиже бермейді. Осы орайда қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тазалық мәселесін табалдырықтан бастау керек. Жауаптыларға жұмысқа білек сыбана кірісетін кез келді. Тазалық – бәрімізге ортақ. Біз негізі көп нәрсеге көз жұмып қараймыз. Бірақ соның зияны айналып келгенде өзімізге тиеді. Қала тазалығына бірге атсалысайық! Тараз – ортақ үйіміз!

Кенжеғали ШИЛІБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының директоры,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.