Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татулық – тұрақтылық кепілі

0 453

Халықтың құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету, ксенофобия мен этникалық және тілдік белгілері бойынша кемсітушілік, этносаралық шиеленіске алып келетін кез келген заңсыздықтардың алдын алу – еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі.

Осыған орай Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, Ассамблея құрылымдарының жетекшілері және құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық ішкі саясат бөлімі басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өтті.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған Еркін Құлымбайұлы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту үшін баршамыз бірлесіп жұмыс істеу керек екенін ерекше атап өтті.
– Өңірде этносаралық қатынастарға тікелей әсер ететін білім беру, тіл, ономастика, әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелер, халыққа қызмет көрсету кезінде этностық, тілдік немесе өзге тиесілік белгісі бойынша кемсіту­ші­лік­тер­ді болдыртпау, кәсіпорындарда тілдік және этникалық тұрғысынан ар-намысы мен абыройын кемсітуге жол бермеу, ұлтаралық қатынастарда «араздық тілін» ақпараттық алаңда алдын алу сияқты пәрменді іс-шаралар жүргізілуде. Осы орайда мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу және қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекет пен қоғамның «кері байланыс» тетіктерін ұйымдастыру қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Келесі кезекте облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы облысымызда 87 ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатқанын тілге тиек етті.
– Біздің заңымызда бөле-жару жоқ. Себебі заң барлығымызға ортақ. Барлық азаматтың құқығы заң аясында қорғалған. Бұл бағытта мүдделі органдармен қатар, жауапты құрылымдар арасында тиісті жоспарлар әзірленді. Дегенмен ел ішінде сирек те болса тұрмыстық сипаттағы жағдайлар орын алып жатады. Соның салдарынан ұлтаралық қақтығыстардың тұтанып кету қаупі де жоқ емес. Соның алдын алу мақсатында елді мекендерде тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл қоғамдық жұмыстарға елге танымал ардагерлер тартылған. Егер қандай да бір заң бұзушылық орын алса, айыптылар жазасыз қалмайды. Біздің міндет – заң талаптарында көзделген құқық нормаларының сақталуын бақылау, –
деді ол өз сөзінде.
Бұдан кейін облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова өңірде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатары артып келе жатқанын жеткізсе, облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Мүбарак Жинақбаева мекеме тарапынан ұйымдастырылып жатқан семинарлар мен кездесулердің ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, татулық пен достықты насихаттауда беріп отырған оң нәтижесіне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын жеткізді.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.