Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарихтан сыр шерткен шежірелі жылдар

0 1  280

Тарихшылар арасында мерзімді басылымдарда жарияланған мәліметтер мен мұрағат қорларында сақталып келген деректердің құндылық деңгейлері бірдей деген пікір кеңінен таралған. Шындығында да, газеттердің мұрағат сөрелерінде көп жатып ескірген тігінділерінің сарғайған беттері құм сағаттай сусыған уақыттың әр кезеңіндегі елдің тыныс-тіршілігінен, елеулі оқиғалардан сыр шертеді, басылымды шығарушы қаламгерлердің бірнеше ұрпағының өз замандарының зейініне, саясатына сай мақсаттарды насихаттап, елге мұрат етіп ұсынғанына қанығуға болады. Осы себептен де, облыс тарихының жылнамашысы «Ақ жол» газетінің өз шежіресін зерттеу, баспасөзде жариялау басылымның шыға бастағанына 85 жыл толуы қарсаңында қолға алынған еді. Бұған бастамашы болған басылымның сол кезгі бас редакторы, газет жұмысына көп жаңалық әкелген, жатқан жері жұмақтан болғыр Мақұлбек Рысдәулет болатын. Газет шежіресін жасау сол тұста жауапты хатшы болып істейтін маған тапсырылды. Облыстық мұрағатта бар тігінділерді ақтарып, керекті деректерді жинақтаған соң, 2007 жылдың қаңтар айынан бастап басылым шежіресі газетте жариялана бастады. Сол жылы Алматы қаласындағы «Қазақпарат» баспасынан шыққан, өзім құрастырушы болған «Шежірелі жылдар» жинағына енді.
Міне, араға он бес жыл салып, газеттің ғасыр- лық шежіресі толықтырылып, «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеуімен басылым мерейтойына арнап шығарғалы жатқан кітапқа енгізіліп отыр.
Елмен бірге жасап, өзіне жүктелген міндеттің үдесінен шығып қана қоймай, сол елдің сөзін сөйлеген, ғасыр жасаған басылымның аты осы уақыт ішінде заманның зәйіліне, қоғамның дамуына қарай тоғыз рет өзгерген. Солардың ең алғашқысы – «Кедей еркі».

«Кедей еркі»
(1 мамыр, 1922 жыл – маусым, 1924 жыл)

Бастадым қаламменен сөздің басын,
Оқыған халқым сөзге таңырқасын.
Жарқ етіп шыға келді «Кедей еркі»,
Тәңірім ұзақ қылсын өмір жасын…
Алғашқы санында қоғам қайраткері, ағартушы, әдебиетші, драматург Сыдық Абылановтың осындай жолдармен басталатын өлеңмен жазылған құттықтауы жарияланған «Кедей еркі» газетінің қымбат жәдігерге айналған Ташкент қаласындағы мұрағатта сақтаулы жиырмасыншы жылдардағы сандарын, өкінішке қарай, оқудың сәті түспеді. Әйтсе де, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары арамызда аман-сау жүрген, өлкемізде Кеңес өкіметінің орнауын көзбен көрген ардагерлердің жазып қалдырған естеліктеріне, алдыңғы толқын журналистердің зерттеу мақалаларына сүйене отырып, орыс тіліндегі «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде шығарылған газет алғашқы санынан бастап ел тірлігін жазуды мақсат тұтқанын білуге болады. Сол қариялардың естеліктерінде қағаз тапшылығынан аз таралыммен шығатыны, әрі ол кез сауатты адамдар аз екендігі ескеріліп, газетті қызыл отауларда, шайханаларда дауыстап оқу ұйымдастырылып тұрғаны, әдетте он адамға бір данадан таратылғаны айтылады. Журналист Әкпарбек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» деген мақаласында («Еңбек туы», 1972 жылғы, 12 қараша) «Кедей еркінің» қалай шыққаны, тұңғыш редакторы кім болғаны туралы да біраз деректер бар. Үзінді келтірелік:
«…Әулиеатада газет шығару мәселесі шешілген-ді. Бірақ оның редакторы кім болуы керек? Осы сұраққа жауап бәрінен де қиын соқты. Себебі жергілікті сауатты жігіттердің бәрі журналистика, әсіресе полиграфия мәселелерінен бейхабар болатын.
Ұмытылмас сол тұста уездік-қалалық партия комитетіне Ташкенттен Түркістан телеграф агенттігінің тілшісі Анна Владимировна Алматинская келе қалады. 1908 жылдан бері журналистикамен айналысып, талай-талай әңгіме, очерк жазып жүрген бұл тілші әулиеаталықтарға қатты ұнап қалады. Оған орыс және мұсылман газетін шығаруға атсалысу мәселесі ұсынылады.
Анна Владимировна қазақ тілін білмейтіндігін айтып, жауапты міндетті мойнына алғысы келмейді. Басшы партия қызметкерлері Сыдық Абыланов, Үсіп Сатыбалдинов және басқалар Әулиеатаға келген журналисті қолқалап қоймайды. Оған халық мұғалімі Шарап Балтабаевты көмекші етіп белгілейді. Жаңа баспаханаға Шәріп Сандыбаев, Өмірзақов және Халметов деген қазақ жігіттерін жұмысқа алады. Алыстан келген журналист бұдан соң газеттің шығарушысы болуға келіседі. Сөйтіп, «Кедей еркінің» тұңғыш нөмірі сол кісінің редакторлығымен қанат қағады…».
Әулиеата уездік-қалалық комитеті мен уездік атқару комитетінің органы орыс тілінде «Вольная беднота», қазақша қосымшасы «Кедей еркі» аталатын газетке редактор ретінде қол қойған Анна Владимировна Алматинская КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болған. «Қанау» романының, «Дауылдың тынысы», «Ұлы шайқас» повестерінің авторы. Ташкент қаласында тұрған. Өмірінің соңына дейін сол кезгі Әулиеата, қазіргі Тараз қаласындағы бір кездері өзі редакторлық еткен газет ұжымымен байланысын үзбеген. 1972 жылы «Еңбек туы» газеті «Құрмет белгісі» орденімен марапатталғанда құттықтау жеделхат жолдаған. Келесі 1973 жылы А.В.Алматинская 90 жасқа толғанда «Еңбек туының» сол жылдардағы бас редакторы Б.Жаңабаев пен «Знамя труда» газеті бас редакторының орынбасары Б.Кан және дербес зейнеткер Ш.Достанбаев Ташкентке барып, А.В.Алматинскаяға облыс атынан Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлық тапсырып қайтқан.
«Кедей еркі» 1924 жылға дейін екі тілде, аптасына үш рет шығып тұрған. Бір жолғы таралы- мы – 300 дана, барлығы 180 нөмірі жарық көрген.

«Еңбек»
(тамыз, 1924 жыл – желтоқсан, 1928 жыл)

Уақыт өте келе «Кедей еркінің» оқырмандарының қатары артты. Қазақ тілінде дербес газет шығару қажеттігі де айқын сезіле бастаған еді. Бұл міндеттің жүзеге асуына уездік комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Бекбосын Құлжабаев зор үлес қосқан. Бұл туралы Әкпарбек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» мақаласында кеңінен жазылған.
Бекбосын Құлжабаев 1921 жылдың мамырынан 1924 жылдың қарашасына дейін ВКП(б) Әулиеата уездік комитетінде алғаш ұйымдастыру бөлімінің, кейін үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып істеген. Сол 1924 жылы уездік комитет 13 маусымдағы мәжілісінде газетті қазақ тілінде шығару туралы арнаулы қаулы қабылдап, Құлжабаев, Әлиев, Камаловтарды редакциялық алқа мүшелері етіп бекітеді. Ал тамыз айында тұңғыш рет таза қазақ тіліндегі дербес басылым «Еңбек» газеті шыға бастайды. Бекбосын Құлжабаев осы газеттің түңғыш нөмірін редакциялап қол қойған. Таралымы 3 мың дана болған газеттің 224 нөмірі жарық көрген.

«Диқан дауысы»
(қаңтар, 1929 жыл – қаңтар, 1930 жыл)

РСФСР Орталық Атқару Комитетінің 1928 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы бойынша губерниялар, уездер және болыстар таратылып аудандар құрылды. Әулиеата уезі де аудан болып қалды. Осыған байланысты 1929 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Диқан дауысы» деген атпен аудандық газет шығарыла бастаған. Бас-аяғы екі жыл шығып тұрған, алпыс нөмірі жарық көрген апталық газеттің біржолғы таралымы үш мыңға жеткен. Редакторлары Сапарбеков пен Жанболатовтар болған. Бұлардың да өмір деректері жергілікті мұрағаттан табылған жоқ.
Ал газет жарияланымдарының негізгі тақырыбы, әрине, ең алдымен ВКП(б)-ның XV съезінде жарияланған ұжымдастыру бағыты болды.
Ардагерлердің естеліктерінде жазылғандай, газет атына сай диқандардың, ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жазумен қатар, сол кезгі саяси науқандарға да үн қосып, Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болған Голощекиннің «Кіші Қазан» саясатына сай жарияланымдар беріп отырған.

«Колхозшы»
(1 қаңтар, 1930 жыл – желтоқсан, 1939 жыл)

Елде жүргізіліп жатқан жаппай ұжымдастыру науқанының әсерімен газет аты кезекті рет, бұл жолы «Колхозшы» болып өзгертілді. Таралымы бес мың данаға жеткен. Редакторлары жиі өзгеріп тұрған, олар жоқта Сыдық Абыланов редактор ретінде қол қойып тұрды. Ал 1936 жылдан Ғабды Аманғалиев редакторлық еткен.
Педагогика ғылымының кандидаты, Тараз қаласының Құрметті азаматы Ыдырыс Сағынтайұлының «Колхозшы» кезінен-ақ кеңескенмін» деген естелігінде («Еңбек туы», 1 мамыр, 1992 жыл) жазылғандай, Қазақстанда жаппай ашаршылық орын алған қиын кезеңде шығып тұрған басылым колхоз құрылысын насихаттады, жұмысын жолға қойып кеткен шаруашылықтарды, олардың басшыларын үлгі етті. Әсіресе сол тұста облыста жаңадан қолға алына бастаған бағалы техникалық дақыл – қант қызылшасын өсіру қалай жүріп жатқаны туралы ыждағаттықпен жазды. Осы істің бастауында тұрған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы Жолтай Қадыровтың естелігін өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында жазып алып, «Еңбек туында» жариялаған едік. Онда ол «Колхозшы» газеті бағалы техникалық дақылдың агротехникалық шараларын жүргізу жолдарын елге жеткізуде көп көмегі тигенін ерекше ризашылықпен әңгімелеген болатын.

«Колхоз жолы»
(қараша, 1939 жыл – наурыз, 1940 жыл)

Газеттің кезекті рет, онда да болмашы ғана өзгеріспен жаңа атау алуына 1939 жылғы 14 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Жамбыл облысы құрылуының әсері тиді. Облыс Оңтүстік Қазақстаннан енші алып, бөлініп шықты. «Колхозшы» енді КП(б)К Орталық Комитетінің Жамбыл облысы бойынша ұйымдастыру бюросының және КСРО Ұлттар Кеңесі Төралқасының Жамбыл облыстық ұйым- дастыру комитетінің газеті ретінде шыға бастаған. Қараша айынан бастап облыстық газет мәртебесін алған басылымның алғашқы нөмірлеріне «редактордың міндетін атқарушы К.Сүгірбеков» қол қойып отырыпты.
Басылымның облыстық газет мәртебесін алғаннан кейінгі алғашқы санына қол қойған Күзембай Сүгірбековтің «Өткен күн еске түскенде» деген естелігінде аудандық оқу бөлімінде қызмет істеп жүрген жерінен облыстық партия комитетіне шақырылып, жаңа газеттің редакторлығына тағайындалғаны айтылады.

«Коммунист»
(8 наурыз, 1940 жыл – 7 қазан, 1944 жыл)

Облыс тарихында 1940 жылдың 3-7 наурызы аралығы Қазақстан Коммунистік партиясы Жамбыл облыстық партия конференциясы Пленумының ұйымдық мәжілісі өткен күндер ретінде қалды. Конференцияның жетінші мәжілісінде 45 адамнан облыстық партия комитетінің пленум мүшелері сайланды. Олардың бірі – «Колхоз жолы» газетінің бас редакторы Жайық Бектұров еді.
Конференцияда басылымның Жамбыл облыс- тық партия комитетінің органы болып табылатыны ресми түрде жарияланды. Газет атауы Жайық Бектұровтың ұсынысымен «Коммунист» болып өзгерді.
Газет атына сай партия жүргізіп отырған идеологиялық жұмыстармен елді хабардар етіп отырды. Беттерінде отаншылдық, қырағылық ұрандары жиі жарияланды. Халықтар достығы кеңінен насихатталды.
1941 жылдың 22 маусымында батыста соғыс өрті бұрқ ете қалғанда, «Коммунист» газеті де жұмысын қайта құрды. Соғыс жағдайына бейімделген облыс халқын ерлік пен еңбекке жігерлендірді.

«Сталиндік жол»
(7 қазан, 1944 жыл – 1 қаңтар, 1958 жыл)

8 қазан. №200 (1563). «Аса-Талас каналы құрылысын салу – бүкіл халықтық іс» деген ортақ тақырыппен мақалалар жарияланды. Осы канал құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Арыстан Өтеулиннің мақаласы да бар.
21 қазан. №209 (1572). Облыстық қазақ театр- ында М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» қойылымының премьерасы өтті. Газет негізгі рөлді Шәріпбай Сәкиев орындайтынын, театрдың осы қойылымға қоса көрермендеріне әзірбайжанның «Аршын мал алан» музыкалық комедиясын, Г.Мұстафиннің «От ішінде», Островскийдің «Мысыққа күнде той бола бермейді» пьесаларын дайындап жатқандықтарын хабарлады. Көркемөнер істері жөніндегі Одақтық Комитеттің қаулысымен театр республикаға қарасты театрдың екінші тобына көшірілгенін, бұл жоғары баға екенін де жазып, оқырмандарын қуантты.

«ЕҢБЕК ТУЫ»
(1958 жыл)

18 шілде. №143 (5175). КСРО Министрлер Кеңесі Қазақстандағы теміржолдарды бір орталықтан басқарылатын етіп Қазақ теміржолын ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады. Газет осы жаңалықты елге жеткізіп, жаңадан құрылған Жамбыл жол бөлімшесінің кестесін және түсіндірме мақала берді. Оның авторы – Жамбыл жол бөлімшесінің бастығы Байұзақ Пірманов. Республикада 14 жол бөлімшесі құрылған болатын.
25 шілде. №148 (5180). Сол кезгі жастардың беделді ұйымы – комсомолдың құрылғанына 40 жыл толуы қарсаңында газет «Жалынды жігер, тасқын қайрат, қажырлы еңбекпен» деген жалпы тақырыппен бет ұйымдастырды. Жарияланымдардың ішінде Жамбыл аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы Тұрсынхан Мүсірәлиевтің «Біздің тартуымыз» атты мақаласының айтары көп, сол кезгі ауыл жастарының ой-мақсаттарын, ұмтылыстарын жақсы жеткізеді. Мақала авторы кейін осы ауданның бірінші басшысы болып жемісті қызмет атқарды.
28 қыркүйек. №195 (5227). Газетте рухани салаға қатысты мәселелер де кеңінен жазылып тұрды. Бұл санында «Халыққа білім беру ісін жаңа сатыға көтерейік» деген топтама үлкен жүк көтерген. Осы топтамадағы Рақым Садықбеков- тің «Бүгінгі күннің талабы» мақаласы Калинин атындағы мектеп мұғалімдері туралы. Газеттің тұрақты авторына айналған оның хат-хабарлары, мақалалары, аудармалары жиі жарияланып тұрды.

«АҚ ЖОЛ»
(1990 жыл)

3 сәуір. №62 (13.942). Осы санынан бастап газет «Ақ жол» атауымен шыға бастады. Бірінші бетіне «Сапарың оң болсын дейік» деген редакциялық мақала жарияланып, онда басылымның тарихы, жаңа атауға ие болуы туралы айтылды. Ал «Ақ жолға» – ақ тілек» топтамасында «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы Шерхан Мұртазаевтың, Қазақстан Журналистер одағы Басқармасының төрағасы, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы Камал Смайыловтың, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Талдықорған облыстық газеттерінің бас редакторлары Б.Мусин, Ә.Әлиев, Н.Уалиев, Н.Оразбеков, Т.Әбдуәлиевтердің құттықтаулары берілген.

«Aq jol» және «AULIEATA-MEDIA»

8 маусым. № 65 ( 18862). Бұл нөмірінде «Ажолтай хабар» айдарымен осы күннен бастап өңірдегі БАҚ саласында біршама құрылымдық өзгерістер орын алатынын оқырмандарына жеткізді. Облыстық «Aq jol» , «Знамя труда» және «Арай» жастар газеті «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бірікті. Жаңа серіктестіктің бас директоры – тәжірибесі қалыптасқан, белгілі журналист Нұрбек Бекен. Облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторлығына республиканың бас газеті «Егемен Қазақстанның» бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Оралхан Дәуіт тағайындалды. Ал «Знамя труда» және «Арай» газеттеріне бұрынғысынша Татьяна Борисенко мен Дәулет Төленді басшылық ете беретін болды.
12 маусым. № 67. (18864). «Жарқын жүздесу» айдарымен «Оқырман қауым өзгеріс күтеді» деген шағын хабар жарияланды. Онда жазылғандай, сәрсенбінің сәтті күнінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Баспасөз үйіне арнайы келіп, облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «Арай» жастар газетінің ұжымымен кездесіп, жаңа құрылымның мақсат-міндеттері хақында әңгіме өрбітті.
Заман талабына сай басылымдарды бір медиа құрылымына топтастырудағы басты мақсат – орталық қаржыландыруға оңтайлы жағдай жасау, осы арқылы журналистердің табысты жұмыс жүргізуіне, газеттердің жаңаша форматпен, үйлесімді безендіріліп шығуына мүмкіндік туғызу екені айтылды.
23 желтоқсан. №153. (19106). Бүл нөмірінде тұтас бет «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналды. Тоқсан төрт жасқа келген ақсақал, облыстың Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, облыстық газеттің 1965-1985 жылдардағы бас редакторы Баттал Жаңабайұлының «Талай талантты шыңдаған шаңырақ» атты мақаласының айтары көп. Газет тілшісі Есет Досалының «Балалар әдебиетінің бағбаны» аталатын мақаласы «Aq jol» газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен, екі рет бас редакторы болған жазушы Әлдихан Қалдыбаев жайлы. Сондай-ақ газет тарихынан сыр шертетін фотосурет, басылымның 100 жылдығына арналып Тараз өңірлік университетінде оқытушылар мен студенттермен өткен тағылымды кездесуден хабар берілген.

Шежіре-деректі дайындаған «Аq jol» газетінің ардагері
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.