Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарифтер тағы өсе ме?

0 346

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде жылу беру және бөлу қызметтерімен айналысатын «Таразтрансэнерго» кәсіпорыны мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның өңірлік филиалы 2021-2025 жылдарға жоспарланған тарифтер бойынша жария тыңдау өтті.

Сәндібек Піренов

Жиынды Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Көрпебаев ашып, баяндамашыларға кезекпен сөз беріп отырды.

«Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қала орталығының басым бөлігін жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жуырда аталмыш мекемеге темір жол бекеті аумағына қызмет көрсететін «Теміржолжылу» кәсіпорны да қосылды. Ал тарифті көтеру мәселесіне тоқталсақ, оның бірнеше себебі бар. Белгілі болғандай, шығындарға байланысты жылу энергиясының бағасы үш есеге дейін өсуі мүмкін деп күтілуде. Ал «ТаразЭнергоОрталығы» АҚ болжамы бойынша келер жылы гигакаллория 12397,57 теңгені құрайды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2002 жылы құрылған. Компания қызметі газ тарату желілері арқылы тасымалдауға, халықты, коммуналдық-тұрмыстық, өнеркәсіптік кәсіпорындарды үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге және газ тасымалдау инфрақұрылымын басқаруға бағытталған. Компания балансында жалпы ұзындығы 53 мың километрден асатын магистральдық және тарату желілері бар. Осы арқылы 11 өңірде жалпы 1,95 миллионнан астам тұтынушыны газбен қамтамасыз етіп отыр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ да жоспар бойынша тарифті көтереміз дегенді айтады. Бұған материалдық қажеттіліктер, басқа да мекемелердің бағаны көтеруі және 2021-2025 жылдарға арналған жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру себеп болып отыр. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру кезінде газ тасымалдау көлемінің ұлғаюы және газ құбырларының өсуі күтіледі. Бүгінде газ құбырларының жалпы ұзындығы 5 203 км, оның ішінде 4 114 км филиал балансында және 726 км филиалға сенімгерлік басқаруға берілді, 363 км басқа да тұлғаларға тиесілі екен. Сонымен 2021-2025 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру барысында 141 км газ құбыры, 127 ШРП және 7 газ қысымын реттегіш құрал, сондай-ақ 34 шкафтық пункт орнатылады. Қысқасы, бағдарлама іске асса тұрғындар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз етуге зор мүмкіндік тумақ. Жобаны іске асыру кезінде тариф – мың текше метр үшін 11 390,82 теңгені құрайды деп күтілуде.

Жалпы, келер жылы тарифтердің өсуіне кәсіпорын мен мекеменің шығындары түрткі болып отыр. Бұдан бөлек елдегі коронавирус пандемиясының әсері тағы бар. Бірақ, өндірістегі жағдай белгілі деп, бағаны аспандатып жіберуге де болмайды. Не де болса баға шекті деңгейден асып кетпесе дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.