Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зайырлылық – қоғамдық құндылық

0 14

Зайырлылық сөзінің мағынасы өте ауқымды. Қазіргі заманғы зайырлылық ең алдымен адами құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ождан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық діни дүниетаным мен құндылықтарды мойындамауды немесе олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын кемсітуді білдірмейді. Зайырлылық пен мемлекеттің зайырлы сипаты дінді жоққа шығармайды.

Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін мойындай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін, яғни плюрализмді мойындау. Ал зайырлы мемлекет осы көптүрліліктер арасындағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Зайырлылық қазіргі әлемдегі көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарының бірі болып саналады.
Саяси-құқықтық тұрғыдан зайырлылық мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қатынастарды реттеудің діни құқық нормаларынан ажыратылғанын білдіреді. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар атеистік дүниетанымның және басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.

Заманауи мағынадағы зайырлылық қағидасы Еуропада пайда болған. Тарихнама тұрғысынан алғанда зайырлылықтың отаны Франция болып саналады. Дегенмен діннің мемлекеттен бөлінуі Ежелгі Антикада байқалған.

Зайырлы үлгідегі діннің мемлекеттен ажыратылу қағидатының саяси-құқықтық мағынасы төмендегідей:

  • ар-ождан бостандығы – ол тек діни таңдау бостандығы емес, одан кеңірек – дүниетанымдық, соның ішінде діни емес таңдау. Осы таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) қалдырады және оның шешімімен келісуге, қабылдауға, оны қорғауға міндеттенеді;
  • мемлекет азаматтармен қарым-қатынастарда олардың діни көзқарастарына емес, азаматтық-құқықтық жағдайына сүйенеді. Осылайша, зайырлы мемлекетте азаматтық қағидатты бәрінен де жоғары қояды;
  • мемлекет іс жүзінде барлық діндер, конфессиялар мен азаматтардың құқықтық теңдігін, қауіпсіздігін жүзеге асыруға ұмтылады. Осы қағидат дүниетанымдық бірлік негізінде азаматтар құрған қоғамдық бірлестіктерге де таралады;
  • діндер (әлеуметтік институттар, көпшілік-құқықтық қатынастардың субъектілері ретінде) мемлекеттік саясатты жасау мен жүргізу үдерісінен алыстатылады. «Діни мәселе» саяси арнадан қоғамдық өмірге, азаматтардың жеке өмірі салаларына, яғни әрбір азаматтың жеке таңдау құқығына өтеді;
  • мемлекет өзінің ішкі және сыртқы саясатында діни қағидаттарға сүйенбейді және олармен басшылық жасамайды;
  • мемлекеттік және діни құқықтар бір-бірінен ажыратылады. Қоғамдық-құқықтық және азаматтық салалардағы мәселелерді шешуде біріншінің үстемдігі жарияланады. Діни құқықтың әрекет ету аясы негізінен діни институтпен шектеледі.
    Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды. Мұндай қатынас түрін сепаративтік деп атайды. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл қатынас түрі Қазақстан, АҚШ-тың және т.б. елдердің заңнамаларында көрініс табады.
    Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделе отырып, ал зайырлы мемлекеттілік заңдылық пен құқыққа негізделе отырып, аталған қауіптерден арылуға мүмкіндіктер ашады. Осы негізде зайырлылық – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры болып табылады. Мемлекеттегі зайырлылық принципінің айқын көрінісі ретінде көптеген сенімдер мен ұлттардың ұйтқысы болып Қазақстан Республикасын нық сеніммен айтуға болады.

Ұлана Сламбекова,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.