Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтарды не алаңдатады?

0 173

«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалында шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар көкейде жүрген мәселелерін көтеріп, тұшымды жауаптар алды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Гүлайым Құсаинова 2017 жылы кәмелетке толмаған жиен немересі Ақботаға қорғаншы болып белгіленген екен. Ол қоғамдық қабылдауға Ақбота Нұрсұлтанқызының қамқоршысы екендігін растайтын құжатты жаңартуға, сондай-ақ жиен немересін басқа мектепке ауыстыруға қол ұшын беруді сұранып келді.

– Немерем 6 жаста. Әкесі қайтыс болған. Анасы басқа отбасын құрды. Өзім бағып, қорғаншылыққа алғанмын. Қазіргі оқып жүрген мектебі жаман болмаса да, Жамбыл атындағы №5 орта мектепте оқығанын қалаймын. Бұрын есепші болып жұмыс істеген едім. Бүгінде қан қысымымен ауруханаға жиі түсе бергендіктен, дәрігерлер маған мидың қызметін көп қажет ететін жұмыстан бас тартуды ұсынды. Бүгінде жұмыссызбын. Мені Жамбыл атындағы №5 орта мектепке тазалықшы немесе лаборант секілді өзімнің қолымнан келетін бір жұмысқа тұруға көмек қолдарыңызды созуларыңызды өтінемін. Аталған білім беру мекемесіне жұмысқа орналассам, немеремді сабағына да апарып жүрер едім, – деді Гүлайым Билиялқызы.

Өз кезегінде Ержан Жұматұлы Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің мамандарына Г.Құсаинованың мәселесін жұмыспен қамту орталығы арқылы бірлесіп шешіп беруді тапсырды.

Ал Тамара Покатилова болса, Төле би көшесіндегі тозығы жеткен №11 көпқабатты тұрғын үйдің мәселесі бойынша қайырылды. Ол шаһар басшысынан осы тұрғын үйді жөндеуден өткізуге және тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуына ықпал етуін өтінді.

– Сіз айтып отырған үй қазіргі уақытта ортақ мүлікті басқару, күтіп ұстау, техникалық қызмет көрсету нысаны ретінде тіркелмеген. Сол үшін алдымен тұрғындар заң нормаларына сәйкес басқару нысанын құруы қажет. Одан кейін барып ол үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін пәтер иелерінің шешімі шығарылып және қажетті комиссия құрылады. Аталған комиссия жағдайды зерделеп, оның мүшелері қандай жөндеу жұмысы қажеттігі жөнінде тиісті құжатқа қол қояды. Ары қарай жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынады. Жоғарыда көрсетілген құжаттар дайын болғаннан кейін ғана аталған үй жөнделетін үйлердің тізіміне енеді. Сол кезде қаржыландыру мүмкіндігіне қарай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады. Сондықтан ең алдымен аталған үйдің тұрғындарымен келісе отырып, өз араларыңызда басқару нысанын құруды қолға алыңыздар, – деді Ержан Жұматұлы.

Қала тұрғыны Галия Зайнудинова Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы және №15 ықшам аудандағы көппәтерлі үйлерде тұратын оқушылардың мектепке қатынау қиындығын мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ осы аймақты тұратын тұрғындар жолдың жөнделуін және қоғамдық көліктің уақытылы қатынауын сұранатынын жеткізді. Ал 75 жастағы өнертапқыш Марат Аюбаев өз қолымен жасап шығарған құрылғыларын мақтан тұтып қана қоймай, олардың жұртқа қажеттілігін атап өтті. Өнертапқыш бұл жолы өрт сөндіру машинасын құрастыруға, оны өндіріске енгізуге қолдау көрсетуді сұрады.

Е.Қашағанов көшесінің тұрғыны Назгүл Ибрагимова болса, 25/3 үй жағынан бұрынғы сыра зауытының аумағында үш қабатты тұрғын үй салып жатқан мекеме иелеріне шағым айтып келіпті. «Олар менің жеріме заңсыз кіріп кетті әрі құрылыс нормалары мен ережелерін, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын сақтамай отыр», – деп шағымданды тұрғын.

«Кірпіш зауыты» тұрғын алқабынан келген Бибіажар Сайлаубекованы жарық мәселесі, көше көркі мен жол жайы толғандырады екен. Ал тазалық мәселесін көтерген Тамара Крылова қоқыс шығаруға тиісті төлемді төлеп отырса да, қоқыстың уақытылы шығарылмайтындығына наразылық білдірді. Қоғамдық қабылдауға келгендердің барлығын мұқият тыңдаған Ержан Жұматұлы жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.