Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтар да «Асарлатып» қоныстойын тойлауда

0 325

Ежелден ата дәстүрден аттамай, ұлттық құндылықты дәріптеген қазақ халқында парасаттылық пен кісіліктің үлгісі қалыптасқан. Тіпті, сый  көрсеткенге жалғыз атын қиып беруге дайын атымтайжомарт елміз. Көшпелі халықтың кеңшілдігі – жайылымға ел болып көшіп, біріне-бірі демеу болуында. Бүгінде ұлтымыздың асыл қасиеттеріауылдық жерлерде өркен жайған «Асар» дәстүрімен үндескендей,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.

Осынау ата дәстүр елдімекендерде жалғасып, туған-туыстар мен ауылдастар жиылып мұқтаж жандарға көмек қолын созуда.Өңірде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ұлттың болмысында бар игі қасиеттерді қайта түлетуге мұрындық болған «Асарлатын үй салу» жобасы жемісін беруде. Жоба аясында қала, аудан және ауылдық жерде тұратын мүмкіндігі шектеулі, азқамтылған, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға көптің көмегімен «Асарлатып үй» салынуда. Бұл әрине «Рухани жаңғыру» бағдарламасының берекелі бастамаларының бір көрінісі  деп білеміз. Биыл осындай сауапты істен Тараз қаласының кең жүректі азаматтары да  қалыс қалмай, «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабынан қаралған жер телімінде 15 үйдің құрылысын қолға алған еді.

Бүгін аталған үйлердің жетеуі пайдалануға берілді. Ал қалған сегіз үйдің тұрғындары қоныстойын Тәуелсіздік күні қарсаңында тойламақ. Аумақта инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар толықтай аяқталған. Яғни, тұрғындарды көгілдір отын, су, газ, жол мәселесі алаңдатпайды. Жақын маңнан жаңа мектеп те бой көтеруде. Ондағы әр учаскенің аумағы сегіз сотық болған соң, көкөніс егуге де қолайлы. Үш бөлмелі әр үйдің ауласына брусчатка төселіп, дарбасазы да қойылған. Сонымен қатар әр бөлмеқажетті жиһаздармен  жабдықталып, тұрмыста қажетті заттармен қамтылған. Бұл өңірде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесінің жылдан-жылға тиімді шешіліп жатқанының бір айғағы екені анық.

Осынау игі шараға барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, үйлі болғандарға салтанатты түрде пәтер кілтін табыстап, жылы лебізін білдірді.

–Әр отбасының басты қажеттілігі – баспана.Сондықтан біз мемлекеттің көмегіне қарап отырмай демеушілердің, атымтай жомарт азаматтардың ықпалымен асарлатып үй салуды бастаған едік. Соғыстан кейінгі жылдары ата-бабаларымыз жұдырықтай жұмылып, біріне-бірі қарайласқан. Сонау ашаршылық жылдары қазақ қоғамы өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, көмек қолын созған. Біз сол салтты жалғастырауымыз керек. Асардың ерекшелігі тек үй салумен шектелу емес, қайырымдылық жасау арқылы халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру деп білеміз. Былтыр жоба аясында 99 үй салынса, биыл жыл соңына дейін 130 үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Жобаға қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге, құрылысшыларға алғыс айтамыз, – деді Бердібек Машбекұлы.  

Пәтер кезегіне тұрып үйлі болғандардың қатарында көпбалалы ана Гүлмира Ұзақбаева да бар. Ол қала әкімдігі мен демеушілерге алғысын айтып, қуанышын жасыра алмады.

–Үй кезегінде тұрғаныма 10 жылдан асыпты. Сол аралықта қаладан пәтер жалдадық. Осыдан бес күн бұрын жоба аясында үй берілетінін естіп, төбеміз көкке жеткендей қуанып қалдық. Үлкен балам 16 жаста болса, кенжем бір жастан енді асты. Үйдің қасынан 600 орынды мектеп салынуда. Білім ошағы келер жылы пайдалануға берілсе, ол да бір біткен іс болғалы тұр. Қала әкімдігіне демеушілерге алғыс айтамын. Жылдар бойы аңсаған арманыма жеттім,–дейді тұрғын.  

Тұрғын алқаптағы бір үйдің орташа құны 11 миллион теңге болса, ауданы 72 шаршы метрді құрайды. Енді Тәуелсіздік күні қарсаңында алқаптан тағы 8 үй пайдалануға берілсе, Асарлатып үй салу жобасы бойынша жоспар толығымен орындалмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.