Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтарға «Жеңіс белгісі» таратылды

0 634

Еліміздегі ең елеулі даталардың бірі 9 мамыр – Жеңіс күні жақындап келеді. Жеңіс күні – сұрапыл соғыстың зардабын көрген халықтар үшін ортақ мереке. Бейбітшіліктің мәңгі жасампаздығын, ақтық демі қалғанша Отанын қорғаған жауынгерлердің айбыны, тылдағы жұмысшылардың ерен еңбектерінің мәңгі өшпейтінін дәлелдейтін белгі. Бұл күн – ата-бабамыздың табандылығы мен ерлігі, Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында қатал соғыстың нәтижесі жеңіспен аяқталған күн.

Отан үшін отқа күйген батырлардың ерлігін ұлықтау ендігі біздің еншімізде. Атаулы күннің мәнін, қасиетін жоғалтпай, келесі ұрпаққа жеткі- зу – бүгінгі жастардың үлкен міндеті. Соған байланысты әр жылы Жеңіс күніне орай мерекелік іс-шаралар өтіп тұрады. Осындай шараның бірі Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. «Жеңіс белгісі» аталған патриоттық акция аясында қала жастары халық көп жиналатын орындарға барып, тұрғындарға Жеңіс мерекесіне арналған лента таратты.
– Елінің жарқын болашағы, біздің бейбіт өміріміз үшін өз жандарын қиған ата-әжелеріміздің ерлігі ешқашан естен өшпейді. Бес жылға созылған соғыста жан аямай майданда ерлік көрсеткендерге қарыздармыз. Кейінгі ұрпақ та оны ұмытпайды деп білеміз. Жеңіс күнінде қала тұрғындарына төсіне Жеңіс белгісін көрсететін көк туымызбен түстес лентаны тағып жүрсін деп, арнайы акция ұйымдастырдық. Тараз жастары қаламыздағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, ірі сауда орындарына барып, кездескен кісілердің төсіне Жеңіс лентасын тағып беруде. Сол арқылы елін, жерін сүйіп, Отанын қорғауда аянбас ерлікке бастайтын патриоттық сезімді дәріптеуді көздедік. Бұл акция Тараз жастарының майдангерлерге құрмет көрсетудегі іс-шараларымыздың бір бөлшегі ғана. Үнемі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, соғыс жылдарында елде жүріп, Отан үшін шаруашылықтың ауыртпалығына жанкештілікпен төзіп, еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, тұрмыстық жұмыстарына көмектесіп тұрамыз. Бақытты күндеріміз үшін байтақ даламызды жау құрсауынан қорғап, бізге аманаттаған бабалар алдында қарыздармыз және аманатты қорғау парызымыз. Аға ұрпаққа көрсетер құрметіміз де ешқашан үзілмейді, – дейді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов.
Жеңіс лентасын төсіне тақтырған кісілердің ішінде соғысқа қатысқан өз аталары жайлы естеліктерімен бөліскендер де кездесті. Сондай-ақ жасы үлкен кісілер Жеңіс мерекесіне деген құттықтауларын елге амандық, бейбітшілік тілеген баталарымен жеткізді.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.