Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздық тұрғындардың талап-тілегі тұрақты назарда

0 617

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деген болатын.

Бұл межелі міндетті орындау мақсатында Тараз қаласында жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Айталық, «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, 2023 жылғы ақпан айы мен қазан айы аралығында қалалық мәслихатпен бекітілген кестеге сәйкес қала әкімінің 12 кездесуі өткізілген. Сондай-ақ тұрғындардың сұранысына орай қала әкімі кезектен тыс шаһар аумағында халықпен жүздесіп тұрады. Атап айтқанда «Шалғай Қарасу», «Ұлы дала» (15), «Шөлдала» шағын аудандары мен өзге де тұрғын алқаптардың тұрғындарымен 14 кездесу өткен. Аталған жүздесулерге 1500-ден аса қала тұрғыны қатысты. Басқосуларда қала әкімінің аумаққа жауапты бас инспекторлары өз есебін беріп, атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар кездесулер барысында қала тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Олардың уақытында жүзеге асырылуы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің тікелей бақылауында екенін ерекше атап өткеніміз жөн.

Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешімін тапқандары аз емес. Мәселен, тұрғындардың Молдағалиев көшесіндегі зираттың құжаттарын рәсімдеу, қоршау туралы ұсынысына сәйкес, жер телімі «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне беріліп, 2023 жылы келісімшарт құны 1,919 миллион теңгеге «ДМД» жеке кәсіпкерлігімен зират аумағын қоршау жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, №3 аумақтық округі тұрғындары тарапынан көтерілген Көшеней көшесі, №76 үйдің ауласына тынығу орнына самалжай (беседка) орнату мәселесі де толығымен қанағаттандырылған. Сонымен қатар Сухамбаев көшесінің 2-бұрылысы үйлерінің кешкі уақытта жарық қысымының нашарлауы бойынша мәселе де назарға алынып, Тараз қалалық электр жүйелерінің станциясы (ТГЭС) тарапынан тұрғын үйлердің басым бөлігі бір фазаға қосылғандығы анықталып, 3 фазаға бірдей бөлу жұмыстарын жүргізілді. Қазіргі таңда жарық қысымы қалпына келтірілді.

Халықпен кездесулерден бөлек Тараз қаласының әкімі тиісті кестеге сәйкес, тұрғындарды жеке мәселелермен де қабылдайды.

Жалпы, 2023 жылы 63 жеке қабылдау өтіп, шаһар басшысы 1148 азаматты қабылдаған. Қабылдауға келген азаматтар 1456 мәселе көтерген. Іс-шаралар жоспарындағы мәселелердің орындалу барысы тұрақты бақылауда және халықпен кездесулер алдағы уақытта да кестеге сәйкес жүргізілетін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.