Бүгін «Ақ жол» партиясынан Тараз қалалық мәслихатына сайланған депутат, белгілі кәсіпкер Руслан Мырқалықов, партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова тараздық марафоншы Жақсылық Мамырбекұлының шаңырағына арнайы барып, «Отбасы күнімен» құттықтады.
Сейсекүл Дүйсебайқызы жастайынан спортпен шұғылданып, зейнетке шықса да жүгіруді тастамай, жастарға салауатты өмір салтын насихаттап жүрген қарияға ризашылығын жеткізіп, «Ақ жол» партиясы еңбекте адал, өмірі өнеге жандарды қолдап, дәріптейтінін атап өтті.
Депутат Руслан Мырқалықов қарияның отбасына бүгінгі мерекеге орай «Айрылмас» сауда орталығынан отбасына кез келген керек-жарағына қолдануға болатын 50 мың теңгелік сертификатын табыс етті.
«Мен бұл кісінің түрлі марафондарда жеткен жетістіктерімен жақсы таныспын. Жақсылық Мамырбекұлы осыдан үш жыл бұрын Қырғыз елінде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сатымқұл Жұбаназаров атындағы халықаралық марафонда 42 шақырымды 4 сағат 7 минут 5 секундта еңсеріп, жеңіске жеткен болатын. Ол жарысқа 35 елден келген желаяқтар қатысқан.
Бұл кісі немерелеріне қамқор болып, оларға дұрыс тәрбие беріп, өз ісімен өнеге көрсетіп отыр. Сондықтан, «Отбасы күніне» орай көпке үлгі болған ақсақалға құрмет көрсетіп, азын-аулақ сый жасауды жөн деп таптым», – дейді Руслан Мырсапарұлы.
Бүгінге дейін Орта Азия елдерінде өткен бірнеше халықаралық марафонда топ жарып, жүлдегер атанған. Сондай-ақ еліміздің 12 қаласында өткен жарысқа қатысқан. Жақсылық ақсақалдың ұстанып отырған салауатты өмір салты өзі тәрбиелеп отырған немерелеріне ғана емес, барша қазақстандықтарға үлгі.
Алдыңғы