Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздың іргесіндегі елді мекендер ауыз сумен қамтылады

0 365

Тараз қаласының іргесіндегі Құмшағал, Казарма, Шөлдала шағын аудандары мен 28 саяжай алқаптарына ауыз су тарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл  жобалар кестеге сәйкес, келер жылы аяқталуы жоспарланған. Алайда, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аталған елді мекендердің тұрғындарын тіршілік нәрімен қамту мәселесін биылдан қалдырмай шешу үшін қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын.

Аймақ басшысы Тараз қаласы №11 аумақтық округіндегі жұмыс сапары барысында Құмшағал, Казарма, Шөлдала шағын аудандары мен 28 саяжай алқаптарына ат басын бұрып, тұрғындардың өтінішін тыңдап, таза ауыз су тарту жұмыстарымен танысқан еді.

Бүгінде аталған аумақтарда құбыр жүргізу шаралары қызу жүруде. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС атқарып жатқан Шөлдалаға ауыз су тарту жұмыстары қазіргі кезде 87 пайызға орындалса, 28 саяжай алқаптары бойынша құрылыс 70 пайызға аяқталған.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала басшылығы аталған жұмыстарды ағымдағы жыл соңына дейін аяқтауға барынша ден қойып отыр. Ол үшін жауапты тұлғалар жұмыстың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстап, мердігерлердің өз міндеттерін тиянақты орындауын тұрақты қадағалауда.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығының 92,4 пайызы сумен қамтылған. Жер астынан су көтеру үшін 90 дана ұңғыма жұмыс істеуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.