Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздың бас жоспарына түзетулер енгізілуде

0 582

Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

Бұл – қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi кестесіне сәйкес әзiрленетiн негiзгi құжат. Яғни бас жоспар дегеніміз жобаның құрылыс объектісін жоспарлау және абаттандыру, ғимараттарды, көлік қатынас жолдарын, инженерлік жүйелерді орналастыру, шаруашылық және тұрмыс қызмет жүйелерін ұйымдастыру мәселелерінің кешенді шешімі бар бөлігі.
Құнды құжатта әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары, осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу, елдi мекеннiң құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы, жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар, аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi шаралар белгіленедi.
Еліміздегі қала құрылыстарының даму бағдарламасын және оның жүзеге асуы жөніндегі стратегиясы мен тактикасын айқындайтын бас жоспар мен сәулет саласы арасында тығыз байланыс бар. Тіпті, мұның екеуін бір-бірінен бөліп қарастыру еш мүмкін емес. Бас жоспарды тек қалалардың еншісіндегі іс деуге болмайды. Өйткені, үлкенді-кішілі кез келген елді мекен онсыз дами алмайды. Бір сөзбен айтқанда, бас жоспар адамдарға қолайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал мұндай орта оларға сапалы өмір сүріп, алаңсыз еңбек етуі үшін аса қажет.
Негізінен қаланың бас жоспарлары ұзақ мерзімге, нақтырақ айтқанда, алдағы 20-30 жылға болжамдар жасау арқылы әзірленеді. Айталық, Тараз қаласының бас жоспар жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысымен бекітілген. Осыған орай, бірегей мұраны сақтау, шаһардың сәулеттік-көркемдік келбетінің деңгейін жақсарту, дамыту үшін Тараз қаласының бас жоспар жобасына түзету енгізілуде. Бүгінде жобалаушы мекеме «Қолдау» ЖШС тарапынан бас жоспардың барлық жобалық құрамы даярланып, қалалық және облыстық мәслихаттарға ұсынылып, келісім алынды. Ендігі кезекте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитетіне кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу, одан кейін тиісті министрліктердің келісімдерін алу және ел Үкіметінің қаулысымен бекітіп, Тараз қаласының бас жоспарының жобасы негізінде шаһарды одан әрі дамыту жұмыстары жүргізіледі.

Айтқазы Қарабалаев,
Жамбыл облысы әкімдігі сәулет және қала құрылысы
басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.