Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде

0 530

Жол жағдайы – қай кезде де маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мәселенің бірі. Сондықтан да «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» дейміз. Расында, қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көрінісі осы жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдың көмегімен болары анық.

Бұл ретте тұрғындардың бар тілері – күнделікті өмірде қажетті дүниелердің, оның ішінде өзіміз жүріп жүрген жолдың жанға жайлы болуы. Аталған жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек екенін айтқан еді.
Бұл бағытта Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен Тараз қаласында да ілкімді істер қолға алынған. Аймақ басшысы, бұған дейін облыс орталығының жолдарының жай-күйімен танысып, қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын.
Ербол Шырақпайұлы шаһардағы бірқатар жолдардың нашар жағдайын ескере отырып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге, орташа жөндеу жұмыстарын 1,5 есе шамасында арттыруды, сапаны қатаң бақылауда ұстауды тапсырған еді.
Соған сәйкес, биыл Тараз қаласында 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған (2023 жыл – 87,5 шақырым). Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны (оның ішінде 117 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткелдер) жөндеу жоспарланған.
Қазіргі таңда 14 жоба бойынша жол жөндеу жұмыстары басталып, қызу жүзеге асуда. Бүгінге дейін 16 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Ұлттық сапа орталығының жылжымалы зертханасының мамандары жол жабындысының сапасы, қалыңдығы талапқа сай болуы үшін тексеру шараларын да кешенді түрде қолға алуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аудандарында да нәтижелі жалғасады.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.