Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда туған Елбасының «немересін» білесіз бе?

0 1  900

«Балаңның атын ұлық қой, көтере алса ұлық болсын» деген аталы cөз бар. Расында, қай ата-ана болмасын баласы «атына заты сай болсын» деген пейілмен құрсақта жатқан құлынына ізгі есім іздеп, жақындары шарқ ұрады. «Ұлыларға ұқсасын» деген ниетпен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімінен жамбылдық отбасы қыздарына НұрӘбиНаз деген есім бергенінен ел хабардар. Алайда қазір НұрӘбиНаз қайда жүр? Ұлт көшбасшысымен ұштасқан есім оның өміріне қаншалықты әсер етті?

Әр ата-ана балаға ат қоюға ежелден ерекше мән берген. Бірі қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызса, енді бірі құрметке лайық адамның есімін баласына береді. «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады» деген наным-сенім бағзыдан бар. Расында, әрбір ата-ана баласына есім берерде өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, оған сақтықпен қарап, он ойланып, жүз толғанып барып қана жүрегі қалаған есімін жаңа туған сәбиге қояды. Өйткені есімдердің адам өміріне ықпалы өте ерекше екенін ғалымдар да растап отыр. Сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі екен.
Қай ата-ана болмасын өз шаңырағында сәби дүниеге келгенде, оған ең жақсы есімді қоюға тырысады. НұрӘбиНаз дүниеге келерде де отбасының үлкендері жақсы есім қою үшін түрлі есімнің құпиясына қанып, еліне еңбегі сіңген елеулі азаматтарға ден қойып, «болмаса да, ұқсап бақса екен» деген ниетпен әбден ізденеді. Сөйтіп, қыз балаға қазақ халқының маңдайына біткен тұлға Тұңғыш Президенттің аты-жөнінің алғашқы буындарын алған екен. Осылайша НұрӘбиНаз есімі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деген ұғыммен үндескен.
– НұрӘбиНаз – екінші қызымыз. Отбасылық үрдіс бойынша әр перзентіміз дүниеге келерде әсіресе әкелері есіміне үлкен мән береді. Жан-жағына шуағы шашылған мейірімді, адал болсын деген ниетпен ұл-қыздарымыздың есімін нұрмен байланыстыруды жөн көріп, үлкен қызымыздың есімін Нұршапағат деп қойғанбыз. Дүние есігін ашқан екінші қызға да ат таңдауда ел танитын абыройы асқақ тұлғаларды қарастырып, жазып шықтық. Дүние есігін жаңа ашқалы жатқан қызымызға ат таңдап, түрлі есімдерді тізіп, қағазға түсірдік. Есімдердің алдыңғы қатарында Ұлт көшбасшысы «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» деп жазылып тұрды. Сөйтіп, Елбасының өз аты мен тегінің бірінші буындарының алдыңғы үш сөзін жалғап көрдік. Сөйтіп, Нұрсұлтан сөзінен «Нұр», Әбішұлы сөзінен «Әби», Назарбаев сөзінен «Наз» деп бөліп алып, НұрӘбиНаз деген ерекше ат ойлап таптық. Қызым 18-ші көктеміне аяқ басты. Қылықты қызғалдағымның бойынан барлық жақсы қасиеттерді аңғарамын. Бақытты болса деген тілегім бар, – дейді НұрӘбиНаздың анасы Мунира Мырзабекова.
НұрӘбиНаз бала күнінде аурушаң болыпты. Ата-анасы табан тоздырып, дәрігер мен молдалардың есігін жағалаған. Сонда көбісі «НұрӘбиНаз деген өте ауыр есімді арқалап жүр. Атын ауыстырыңдар» деп кеңес берген екен. Сол сөзге құлақ асып, бүгінде НұрӘбиНазды отбасындағылар Әбіш деп атап кеткен.
Ата-анасы үміт еткендей, НұрӘбиНаз кез келген ортаға сіңімді, қылықты да талантты қыз болып өседі. Бастауыш сыныпқа барғанда өлең шығарып, ақындыққа да жақындығын танытқан. Сонымен қатар бала күнінен өз есімін мақтан тұтып, тіпті өзін «Мен Елбасының немересімін» деп айтатын көрінеді.
– Есімім өзіме қатты ұнайды. Төртінші сыныптан шығарма мен өлең жазғанды жаным қалады. Қазір әңгіме жазып жүрмін. Орыс тіліндегі мультфильмдерді қазақ тіліне аударып, дубляж жасап, «Instagram» парақшама жүктеп отырамын. Билеймін, сурет те саламын. Менің бойымдағы барлық қызығушылықтарым өнерге келіп тіреледі. Мектеп бітірген соң, журналист болуды арман еттім. «Жамбыл» телеарнасында кастинг жарияланды. Ол кезде жасым небәрі 16-да болса да, менің дауысым, табиғи болмысымды ұнатып, қабылдады. Бірақ кәмелеттік жасқа жетпегендігіме байланысты заңды жұмысқа қабылданбасам да, 9 ай көлемінде телеарнада жүрдім. Қазіргі таңда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде «Журналистика» мамандығында білім алып жатырмын. Мен дүниеге келгенде ата-анам Елбасына хат жолдап, қыз балаға НұрӘбиНаз есімін бергенін айтады. Кейін «Сәбидің бауы берік болсын, үлкен азаматша болсын!» деген мәтінде жауап хат келген екен. Ол хат әлі күнге сақтаулы. Ал менің бала күнімнен ең үлкен арманым – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесу, – дейді НұрӘбиНаз Мырзабекова.
Біз де қаракөзіміздің асқақ арманына жетуіне тілектестік білдіреміз. Ең бастысы, НұрӘбиНаздың жолы ашық, болашағы баянды болғай!

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.