Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда сенбілікке шығуды ұят санайтын мекемелер бар

0 1  260

Жыл сайын Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен шаһарда абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша күзгі екі айлық өтеді. Биыл да бұл үрдіс үзілмей, сенбілікке шаһардағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, ұйым мен кеңес мүшелері шығып, тонналап күл-қоқыс шығаруда. Алайда қаладағы кейбір мекемелер сенбілікке мұрын шүйіре қарап отырғаны іш қынжылтады.

Жасыратыны жоқ, сенбіліктің алғашқы күнінен-ақ аула тазалауға арналған құралдарын сайлап, жастар мен аға буын өкілдері көпке үлгі көрсетті. Қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері өздерінің оқу ғимаратымен қоса көшелерді тазалауға күш біріктірді. «Қала тазалығы–жан тазалығы» деген ұранды ұстанған жастар қоқысқа толған арықтарды, тіпті сай-саланың барлығын тазартты. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері таң ата жиылып, ардагерлер үйінің ауласын сыпырды. Нәтижесінде алғашқы сенбілікке қаладағы 11 аумақтық округтен 6400 адам мен 20 техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 144 тонна күл-қоқыс шығарды.
Екі айлық аясындағы бірінші сенбіліктен ұққанымыз қала тұрғындары айналасындағы тазалыққа әлі де болса ұқыпты емес. Себебі қоқыстың дені көше бойы мен тұрғын үйлер маңындағы арықтардан шығып отыр. Ал сенбілікке шаһардағы кейбір мекемелер шықпай, тазалық науқанына мұрын шүйіре қарағаны тіпті іш қынжылтты. Мәселен Достаевский көшесіндегі «Эскулаб» медециналық орталығы, Ниетқалиев көшесіндегі «Жамбыл гипс» акционерлік қоғамы, Тәуке хан көшесіндегі «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ, Сүлейменов көшесіндегі «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, облыстық ветеренария басқармасы, №3 автопарк, Привокзальная көшесіндегі«Қазақстан темір жолы» АҚ қызметкерлеріне сенбілікке шығу қиын шаруа болғандай. Сондай-ақ Тараз политехникалық колледжі, Парасат колледжі, Онкологиялық лобаратория, №01731, №2035 әскери бөлімдері, «Казсушар» МКК, Қазынашылық департамен-ті,«Қазгидромет»,«Каспий банк», «Нұрбанк», «Халық банкі»,«Қазпошта» АҚ, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, Әділет департаменті, «Таразкожобувь» ЖШС, «Лада-Тараз» техникалық қызмет көрсету орталығы, «Тараз құбыр зауыты» ЖШС, «Әулие ата» жанармай қоймасының басшылығы да қала тазалығына қатысуға құлықсыз екенін көрсетіп отыр. Бұл қатарда «Бек», «Арзан», «Нұралы» базарлары, жеке кәсіпкерлік нысандар мен бизнес орталықтары да бар. Қысқасы жастар мен ардагерлерлер алға шығып үлгі болған сенбілікте тазалыққа үн қосуға әлеуеті жетсе де «ақылы» жете қоймаған кейбір басқарма, мекеме мен кәсіпорын иелері екі қолды бос қойып қарап отырғаны қайран қалдырды. Осы ретте «Қазавтожол» ҰҚ» акционерлік қоғамына хабарласып сенбілікке шықпаудың себептерін білмек болған едік , телефон тұтқасын көтерген қызметкер сенбілік болатынын ешкім ескертпеді деп ақталды. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшылығының да берген жауабы осы тектес. Әкімдіктен біреу қоңырау шалып ескертпеген соң, олар өздігінен қозғалмаған көрінеді. Алайда мекеме басшылығы келер сенбілікте Байзақ батыр көшесімен қатар, қала аумағындағы стансаларда тазалық жұмыстарын жүргізетінін айтып, ант су ішті. Біз осыдан кейін-ақ басқа мекемелер мен кәсіпорындарға хабарласып, сенбілікке неге шықпағанын сұраудан пайда жоқ екенін түсіндік. Соңыра қала әкімдігінің ішкі саясат бөліміне мекемелердің берген жауабын жеткізген едік, бөлім қызметкерлері сенбілік болатыны туралы алдын ала барлық басқарма, кәсіпорын, кәсіпкерлік нысан иелеріне телефонограмма жолданғанын айтты.
Өткен аптадағы сенбілікке келсек, қала тұрғындары 183 тонна күл-қоқыс шығарды. Бұл күні алғашқы сенбілікке қатыспаса да, екінші сенбілікте үйлесімді іс тындырып, көзге түскен мекемелердің болғаны қуантты. Бірақ екінші мәрте ескертілсе де, сенбілікке шығудан қашқан мекемелер жоқ емес. Мәселен «Жамбыл гипс» акционерлік қоғамы, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ және «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайта «ақпа құлақтың» керін келтірді. Сондай-ақ қалалық ішкі істер басқармасы, облыстық қорғаныс департаменті, №1 емхана, «Мейірім» медициналық орталығы және «Таразкожобувь» серіктестігі де сенбілікке тағы шықпады.
Шындығына келгенде, басқа-басқа ардагерлер кеңесінің мүшелерінің өзі бірауыздан келісіп сенбілікке шығып жатқанда, басқа мекемелердің ақталуы ұят екен.
Әрине біздікі шынға таңылған сын. Ал одан қаладағы мекемелер сабақ шығара ма, әлде қоқыстың ортасында отыра бере ма, оны алдағы сенбіліктен көре жатармыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.