Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала сыртына ағаштар егіп, «жасыл белдеу» жасау керек

0 699

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы

Тарихы кемел Тараз қаласы еліміздегі табиғаты көркем, ауа райы жанға жайлы, тал-дарағы, гүлзарлары мен субұрқақтары, көркем жасыл аллеялары мен саябақтары мол, тазалығы көз тартар көрікті қалалардың бірі. Әсіресе соңғы жылдары тотыдай таранып, шаһар келбеті құлпырып, жағымды да орынды өзгерістер орын алып келе жатқаны көпшілікті сүйсіндіреді. Әрбір келген жаңа жыл өз қуанышымен, өз жетістігімен, жаңа леппен, жаңа өзгерістермен қаланы бірте-бірте өзгертіп жатқанына қала тұрғындары, келген қонақтар куә болып отырмыз. Қаланы одан әрі көрікті етуге билік иелері де құлшынып, барынша аянбай біраз тірліктерді іске асырып отыр. Сүйсінетін жайт көп. Жайнай берсін, жасара берсін ару қаламыз!
Қаланың көп жылғы тұрғыны ретінде көңілде жүрген бірнеше ұсынысыммен бөліскім келеді. Бірінші, соңғы жылдары қалаға қосылған бірнеше ауыл мекендері көзден сырт қалып отырғаны жасырын емес. Олардың тұрғындары да кәдімгі қалалықтар сияқты сезініп, мәдениетті тұрғысы келеді. Сондықтан ол аймақтарда да саябақтар, мәдениет ошақтары болғанын алдын ала, қазірден бастап жоспарлау керек. Екінші, қала сыртынан Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндей ағаштар егіп «жасыл белдеу» жасау керек. Сонда егіндіктің, даланың шаңы күзде, жазда бұрқырап қалаға енбей, қала ауасы таза болып қалар еді. Үшінші, қала шетінде ағып жатқан суы мол Талас өзеніне (Тараз-Алматы автотрассасы өткен жерге) тоспа-тоған жасап, оның екі жағасын бетондап, көрікті жағажай жасауға мүмкіндік мол. Келешекте оның бергі жағасына тұрғыны көп №14 ықшам аудан түседі деген сөз бар. Жағажай келе-келе Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей, Павлодар қаларындағыдай абаттандырылса, тоған суына қайықтар, катамарандар жіберілсе, қала тұрғындарының тынығуына, демалуына көп пайдасы тиіп, шаһар келбеті де өзгере түсер еді. Табиғаттың өзі ұсынып отырған мүмкіндікті тиімді пайдалану парыз. Әрине, айтуға оңай шығар. Оған біраз қаржы керек, күш керек, уақыт керек. Десе де қолдан келетін шаруа.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.