Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда он жылдан бері салынып жатқан «сақалды» құрылыс жастардың суицид мекеніне айналған

0 539

Шаһардың Қ.Тұрысов атындағы көшедегі құрылысы аяқталмаған нысанның көзге шыққан сүйелдей болып тұрғанына 10 жылдан асты.

Соңғы жылдарда қараусыз қалған құрылыс тараздықтардың көңіліне қорқыныш ұялататын болған. Себебі қалқайып қаңқасы ғана тұрған нысанды жағалап, суицид жасағысы келетіндер көбейген. Бірер жыл бұрын сол жерден секіріп кетпек болған студент қызды сол маңдағы орталық мешіттің жанындағы медресе тәрбиеленушісі құтқарып қалған.

Емтиханнан төмен балл алып, өз-өзіне қол салмақ болған студентті де осы жерден тапқан мамандар да дер кезінде көмек қолын созған.

Мамыр айында Қаратай Тұрысов көшесі, 5 «В» мекен жайында орналасқан, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің артында орналасқан көпқабатты құрылыс жанынан мектеп оқушысының мәйіті табылды. Полиция жасөспірімнің жоғары қабаттан секіріп кеткенін анықтады.

Осындай келеңсіз оқиғалар көбейіп кеткен соң Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа жүгінген. Сот ғимаратты мердігер өз қаражаты есебінен бұзуы керек деген шешім шығарды.

«Нысан толықтай сүрілген соң, кәсіпкерге осы жер телімін қайта пайдалануға бір мүмкіндік беріледі. Ал егер мердігер 3 жыл ішінде жер учаскесін тағы бос қалдырса, ол жер аукцион арқылы сатылатын болады», – дейді Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Исабеков.

Біраз жылдан бері жауапты органдар бұл құрылыстың кімге тиесілі екенін анықтай алмапты. 2014 жылы тамызға дейін бұл нысан «Береке – 5» ЖШС-нің басшысы Наталья Багдановаға тиесілі болған екен. Кейін оны басқа кәсіпкер сатып алып, аумағы 5 589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне айналдырмақ болыпты. Бірақ құрылыс тағы аяқталмай қалған.

Айта кету керек, Таразда «сақалды» құрылыс деп танылған 35 ғимарат бар. Бүгінге дейін соның 15-інің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

 А.Сырымбет   

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.