Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда мыңға жуық терек отырғызылды

0 310

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталған болатын. Бүгінде айшықты науқан аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұған ел Президенті «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында кеңінен тоқталған еді.

– «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған акцияның уақытша науқан емес екенін де қадап айтты.
Осыған орай, облысымызда да ілкімді істер қолға алынып отыр. Айталық, көктемде бастау алған науқан күзде де жалғасын тауып, соның аясында Таразда мыңға жуық терек ағашы отырғызылды. Ы.Сүлейменов көшесінен «Ұлы дала» ықшамауданына өтетін жолдың бойында ұйымдастырылған шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, басқармалар мен департамент қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, кәсіпкерлер және жастар белсене қатысты.
– Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Туған жерімізді, туған өлкемізді аялау, оны көздің қарашығындай қадірлеу – ортақ іс. Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Біз үшін бүгінде «Тараз – жасыл қала» деген лайықты бағамызды сақтап қалу маңызды. Тек облыс орталығын ғана емес, аудандар мен ауылдардың да ажарын арттырып, абаттандыру – басты талап, – деген Ербол Шырақпайұлы акцияға атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы Тараз қаласы әкімдігіне абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізуді міндеттеді.
Жалпы ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастау алған тазалық шарасы барысында Тараз қаласының өзінде бүгінге дейін 10 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылып, талдарды балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру және күл-қоқыстарды тазарту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 153 іс-шара ұйымдастырылып, оған 17 151 адам қамтылды.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.