Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда «Ұлы Дала ақыны» халықаралық конференциясы өтті

0 514

Биыл «ХХІ ғасырдың Гомері» атанып, саналы ғұмырының 85 жылын өлеңге арнаған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы республика бойынша кең көлемде аталып өтіп жатыр. Ұлт жырауын ұлықтау мақсатында кешенді жоспар аясында еліміздің түкпір-түкпірінде айтыстар мен концерттер, конференциялар мен өзге де мәні мен маңызы зор жиындар көптеп өтуде. Бұл қатардан ғасыр ғұмырлы ақынның атын иеленген Жамбыл өңірі де қалып жатқан жоқ. Жыл басталғалы жыр алыбына арналған шаралар легін бастап кеткен әулиеаталықтар арда туған ақынның атын жас ұрпақ санасында жаңғыртуға барынша күш салуда.

Осы орайда бүгін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Ұлы Дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті. Ғасыр жырлаған жүрек иесінің мерейтойына арналған ауқымды шараға ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы қатысты.

Халықаралық жиынды алғысөзімен ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбылдың қазақ халқының ғана емес, көршілес қырғыз елінің, одан қалды бұрынғы кеңестер одағының құрамында болған мемлекеттердің әдебиеті мен мәдениетінде қалдырған өшпес ізі жайлы сөз қозғады.

– Халқымыз табиғатынан ақын халық. Есте жоқ ескі заманнан бергі ел тарихының көркем шежіресін жасаушылар да, оның сақтаушылары да сөз зергерлері – ақындар. Солардың ішінде бір ауыз сөзі мың жылдық мұраға айналған жыр алыбы – Жамбылдың да шоқтығы биік, тұғыры бөлек. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Бүгінгі ұрпақ та осындай асылымыздың кәусар бұлағынан сусындауға тиіс.

Биыл еліміз жыр алыбы – «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өтуде. Бұл ретте Жамбыл облысы да ұлт ақынының мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге барынша үлес қосуда, – деген аймақ басшысы бұл мақсатта өткізіліп жатқан шараларға тоқталып өтті.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев жалпы ұлт болып Жамбыл армандаған заманды орнату жолында жұмыс істелуі қажет екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы – жұртының дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгітілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті.

Жамбылдың рухани мұрасы бізге несімен құнды? Ең алдымен, Жамбылдың өнегелі өмірі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қызмет қылудың озық үлгісін айшықтайды. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым», – деп жырлаған ұлы ақын әрдайым жұртының жанынан табылып, қамын жеді. Ел басына күн туған сәтте жалынды сөзімен көпшіліктің рухын көтеріп, жігерін жаныды.

Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы Жамбыл – қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды, асқақ жаратылған алып өкілі», – деп тарихи бағасын берді. Бұл тұрғыдан алғанда, дала данагөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әрбір адамға үлгі-өнеге.

Жамбыл жырлары – отансүйгіштікті оятып, ұлттық деңгейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға айналған. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт…» – деген абыз бабамыз туған жерге деген сүйіспеншілікті, татулық пен бірлікті, адамгершілік асыл қасиеттерді жырына арқау еткен.

Дала Гомерінің отты жырлары қиын сәттерде тек бізге ғана емес, өзге де көптеген халыққа серпіліс сыйлады. Оның «Ленинградтық өренім» атты өлеңі Ұлы Отан соғысының бейресми әнұранына айналды десек артық айтпаймыз. Фашистік басқыншыларға қарсы күресіп жүрген әр солдат бұл жыр жолдарын жүрегіне жазып алған еді.

Осылайша жыр алыбы қазақтың асқақ рухы мен ерлік даңқын әлемге әйгілеп, ХХ ғасырдағы аса ауыр сынақтардан еңсесі түскен туған халқына үміт берді. Сол үміт аталарымыз бен әкелерімізді жеңіске жетеледі, ұлтымызды егемендікке бастады.

Жамбыл жырлары жалпы адамзатқа ортақ құндылықтармен үндесіп, әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Ақын шығармалары елуге жуық тілге аударылып, әлемдік әдебиет қорына қомақты үлес болып қосылды. Осы ретте Жамбылдың рухани мұралары әлі де болса қазақы түсінік тұрғысынан терең бойлап, егемен елдің көзімен қарауды, жан-жақты баға беруді қажет етеді. Азат көзқарастың бір тармағына ақынға сыртынан таңылған өлеңдер мен сөздерді анықтап, оларды саралау жұмыстары да жатады. Бұл – отандық жамбылтану саласының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі.

Тұтастай алғанда, Абай, Сүйінбай, Жамбыл сияқты халқымыздың біртуар перзенттерінің асқақ арманы – қазақтың іргеліде өркениетті ел болуы еді.  Енді қазір, Тәуелсіздіктің маңызды межесіне жеткен тұста ұлттың жаңа болмысының бабалар мирасына сай келуіне мән беруіміз керек деп есептеймін.

Осы ретте, әл-Фарабиден бастап бүгінге дейінгі ойшылдарымызға тән ортақ ұстаным бар. Ол – білім мен мәдениет ғұрпы. Құстың қос қанаты болса, адамды да биікке жетелейтін екі қасиет бар. Ол – білім және тәрбие. Біз білімді де мәдениетті ұлтқа айналуды басты идеология етіп ұстанғанымыз жөн. Жаңа ғасырдағы қазақ келбеті осы айтылған екі қасиетпен сипатталуға тиіс деп есептеймін.

Жамбылдан жеткен өнегелі өсиеттің де табан тірер тұғыры, тамыр тартар тереңі – осы айнымас құндылықтарда. Сондықтан Жамбыл мұрасын жаңғыртып, жан-жақты насихаттау ісі күн тәртібінен түспейді, – деді Дәурен Әскербекұлы баяндамасы барысында.

Жиын барысында халықаралық жиынға арнайы келген меймандар – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ел көлемінде Ұлы Дала ақынының мерейтойын атап өту мақсатында істелген жұмыстарға тоқталса, журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уалихан Қалижан жыр жампозы жайлы зерттеу еңбегінен үзінділер оқыды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Жамбыл жайлы 30 томдық жинақты дайындау барысы жайлы сөз қозғап, журналист, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жыр алыбының ешкімге бас имеген қайсар мінезі, мұндай қасиеттің әр қазақтың бойында болуы керек екені жайлы терең толғады.

Сондай-ақ, жиында қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, жазушы-драматург Елен Әлімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы да келелі ойлары мен тұшымды пікірлерін ортаға салды.

Бұдан бөлек, Қырғыз Республикасынан келген филология ғылымдарының докторы, Ч. Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері Келдібек Койлубаев пен ақын, «Манасшылар» театрының директоры Азиз Бимырза жыр алыбының қырғыздың әдебиеті мен мәдениетінде қалдырған орнын тілге тиек етті. Ал Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбылов ақынның мерейтойын кең көлемде атап өтуге үлес қосқан барша азаматтарға алғысын білдірды.

Жиын соңында конференция қатысушылары «Жамбыл жырау» кітабының тұсауын кесті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.