Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда көгалдандыру жұмыстары қарқын алды

0 384
Тараз – ортақ үйіміз болғандықтан, оның көшелерінің таза болуы әрбір тұрғынның жан дүниесінің көрінісі іспетті. Өз тұрғын үйіңіздің маңын, ауласын, көшесін жинап, шашылған қоқыстарды белгіленген орынға тастау арқылы қоршаған ортаның тазалығына атсалысу баршамыздың айнымас міндетіміз десек, қателеспейміз. Бұл тұрғыда Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, 2024 жылғы наурыз-мамыр айларында кестеге сәйкес, қала аумағында 4 100 дана жабық тамырлы 1-ші санаттағы әртүрлі ағаштар түрін отырғызу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі саябағы, әуежай сквері, Арбат 1, Теміржол бекеті, Саңырақ батыр скверлері жасыл желекпен көмкеріледі.
Қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл отырғызу көзделуде. Оның 5000 шаршы метріне сәуір айында отырғызылмақ. Бұған қосымша 627 шаршы метр қазандыққа гүл егіледі. Сондай-ақ көпжылдық гүлдермен қоса 15 мың дана раушан гүлі Абай, Төле би көшелеріне, Жамбыл даңғылына, Ниетқалиев, Сейфуллин көшелеріне және үлкен көше қиылыстарына отырғызылмақ.
Сонымен қатар қала көшелері мен скверлеріндегі 25 мың дана қылқан жапырақты және жапырақты ағаштарды мезгілдік жұмыс жоспарына сәйкес, әр түрлі ауруларға қарсы пестицидтермен дәрілеу жұмыстарын жүргізу және аталған ағаштардың түбіне минералдық және органикалық тыңайтқыштар беру жоспарланып отыр. Бұған қоса қала аумағында отырғызылған 30 мың дана көпжылдық раушан гүлдердеріне күтім жұмыстары жүргізіледі.
Қала аумағындағы көшелердің бойына 9 мың шаршы метр көгалдар сеуіп, өсіру жоспарлануда. Яғни, олар Абай, Жамбыл, Төле би көшелеріне және Әйтиев көшесінің бойына егіледі.
Мекеме тарапынан біржылдық гүлдерді көктем мезгілінде көшеттеу үшін өз теңгеріміндегі жалпы ауданы 3 500 шаршы метр болатын жылыжайға 1 миллионға жуық түрлі гүл ұрығын егіп, өсірмекші. Қазіргі таңда 350 мың гүл ұрығы егіліп өнді. Алдағы уақытта апта сайын бұл көрсеткіш 70-80 мың гүл ұрығына дейін жеткізілмек.
Қала аумағында отырғызылған жасыл желектерді, көгалдар мен гүлдерді суғарып, күтіп баптау мақсатында 22 дана суқұйғыш арнайы автокөліктері және 40-қа жуық су ұңғымалары жұмылдырылады. Аталған жұмыстарды орындау үшін биылғы жылы қосымша 12 дана су ұңғымалары орнатылады.
Бұл жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС зор үлес қосуда.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.