Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда діни ахуал тұрақты

0 331

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің қатысуымен қала әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынды ашқан кеңес төрағасы Дәуір Рысбайұлы комиссия құрамын отырыстың күн тәртібімен таныстырды.

Бұдан кейін сөз алған Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова жалпы орта білім беру ұйымдарында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы баяндады.
– Облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығымен бірлескен кестеге сәйкес, оқу жылы басынан бері 9-11 сынып оқушылары мен педагогтардың діни сауаттылығын арттыру, дін саласындағы ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Дін істер басқармасының мамандарымен 49 дәріс сабақтары өткізіліп, түсіндіру жұмыстарына 2 678 оқушы, 69 педагог қатысты. Осы жылдың соңына дейін 13 білім мекемесінде 975 оқушының қатысуымен кездесу өткізу жоспарда, – деді Раушан Пернешқызы.
Сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің өкімімен діни экстремизм көріністерінің алдын алуға және оны болдырмауға, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық топтардың жұмысы жүйеленген. Бір ғана №2 ақпараттық түсіндіру тобы жалпы білім беретін мектептерде ағартушылық бағытта кездесулер ұйымдастырып, бүгінгі күнге дейін 25 білім нысанында жұмыс жүргізген. Жыл соңына дейін барлық 62 білім мекемесіне барып, 8 754 оқушы мен 112 педагогқа дәріс береді екен.
Сондай-ақ келелі кездесуде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Бұл бағыт бойынша Тараз қаласы полиция басқармасының экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы Бауыржан Танабаев баяндама жасап, саладағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша қала әкімдігінің бөлімдеріне діни ахуалды бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.