Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда ағымды жол жөндеу жұмыстары басталды

0 226

Жол – қала тіршілігінің күретамыры. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген қанатты сөз де бар. Сондықтан шаһар тұрғындарының жайлылығы үшін жол үнемі қалыпты және жақсы жағдайда болуы керек. Бұл сырттан келетін туристерге де жағымды әсер сыйлайды. Сондай-ақ көлік апаттарының басты себебі, сапасыз салынған жолдар екенін арнайы зерттеулер де көрсетуде. Осыны жете түсінген Тараз қаласы әкімдігі қалаішілік автожолдардың ағымдағы жай-күйін мұқият және егжей-тегжейлі зерделеп, оларды жөндеу бойынша кеңейтілген бағдарламақабылдаған болатын. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен қажетті арнайы қаражат қарастырылды.

Мәселен, 2023 жылы Тараз қаласының көшелерін ағымдағы жөндеуге бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша, жеңімпаз болып «Нұрлы жол-7» ЖШС анықталған. Соған орай мердігермен 164 миллион теңге сомасына тиісті келісім-шарт жасалған.

15 наурыздан бастап мердігер өз міндеттерін орындауға кірісіп, жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Сонымен қатар 29904 шаршы метрді ағымдағы жөндеу бойынша өндірістік жұмыс кестесі 15 маусымға дейін жасалғанын да айта кеткен абзал. Оның ішінде наурыз айында – 5 мың, сәуірде – 10 мың, мамырда – 10 мың, маусымда – 4904 шаршы метр жол жөнделетін болады.

Айта кетейік, биыл Саңырақ батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтеді. Сонымен қатар, Мәмбет батыр көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары жалғасатын болады. Оған қоса қаладағы 118 көше мен бұрылыстар орташа жөндеуден өтеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.