Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз төріндегі алғашқы мультимедиалық шоу

0 271

Күні кеше облысымызда өткен «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде гала-концерт ұйымдастырылды.

Салтанатты шара басталмас бұрын облысымызға келген қонақтарға өңірдегі тарихи орындар таныстырылды. Әуелі «Тараз – шеберлер қаласы» атты көрмеге барған келушілер жамбылдық қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Түрлі түстерді үйлестірген құрақ көрпелер мен көрген адамды тамсандыратын әшекей бұйымдар, ұлттық тұрмыстық құрал-жабдықтарға сүйсінген кей туристер ұнатқан дүниелерін сатып алып жатты.
Еліміздің өзге де облыстарынан келген меймандар Ақыртас кешеніне барып, ондағы тарихи деректермен қанықты. Ақыртасты зерттеген ғалымдардың дәлелдеген мәліметтерін сол нысандағы жәдігерлерді көрсете отырып баяндаған «АРК ғылыми ұйымы» ЖШС директоры Ескендірбек Төрбеков бұл аяқталмаған құрылыс екенін атап өтті.
– Бұл форумды ұйымдастырудағы мақсат – Жамбыл облысына әлеуетті инвесторларды тарту. Сондай-ақ инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдау туралы кеңінен айту, тарихы тереңнен тамыр тартатын көне Тараздың, киелі Жамбыл өңірінің туристік орындарын көрсете отырып, ел экономикасын дамытуға үлес қосу тетіктерін қарастыру маңызды. Шетелдік туристерді алып келген туроператорларға да қаржылай қолдау көрсетіледі. Себебі шетелден келетін әр турист орташа есеппен 300 мың теңге алып келеді деген болжам бар. Ол тұрақтайтын қонақ үйге, тамақтанатын орындарға, сатып алатын бұйымдарына төлейтін ақшаларымен мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдаудың орны толығады. Туризмді дамыту халыққа жаңа жұмыс орындарын ашуға да оң ықпалын тигізе-ді, – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков.
Облысқа келген қонақтардың бірі түркістандық «Sultan TRAVEL TURKISTAN» туристік компаниясының бас менеджері Акида Еркінбаева Таразға алғаш рет ат басын бұрыпты.
– Бүгін Жамбыл облысына алғаш рет келіп, туристік орындарымен арнайы таныстым. Табиғаты сұлу, көнеден қалған тарихи орындары көп екен. Енді өз компанияммен туристерді Жамбыл облысына, тарихы терең Таразға алып келетін арнайы турлар ұйымдастыруды жоспарлап отырмын, – дейді ол.
Ақпараттық тур «Айша бибі», «Тектұрмас», «Қарахан» тарихи-мәдени орындары мен «Көне Тараз» археологиялық паркінде жалғасты.
Бұдан кейін форум қонақтары облыс әкімі Нұржан Нұржігітов және шаһар басшысы Бақытжан Орынбековпен бірге концерттік бағдарламаны тамашалады.
Кеш барысында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның шығармашылық тобының орындауында қазақстандық композиторлардың және халық әндері шырқалып, жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ Тараз төрінде алғаш рет өткізілген 3D мэппинг мультимедиалық шоу инсталляциясы да кештің көркін қыздыра түсті. Лазерлік шоу арқылы көне Тараздың бай тарихынан бастап бүгінгі даму кезеңі жан-жақты суреттелді.
Бұдан бөлек, осы күні «Шашлык fest» фестивалі ұйымдастырылып, жиналған қауым түрлі кәуаптардан дәм татты.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.