Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық көліктердің қызметі жіті бақылауда

0 219

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте келелі мәселелер қаралды.

Әуелі Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков шаһар бюджетінің 2023 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен болжамды орындалуы туралы баяндады. Келесі кезекте қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды.
Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде қаладағы құрылыс жұмыстарының барысын қатаң қадағалау қажеттігін ескертті.
– Қалада қазір құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Мұның көне шаһардың келбетіне әсер етері сөзсіз. Сондықтан құрылыс жұмыстары қатаң қадағалануы керек. Әсіресе оның сапасы басты назарда болуы тиіс, – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ қала әкімі қоғамдық көліктердің де қызметіне ерекше екпін түсірді. Айталық, ағымдағы жылдың наурыз айында «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес енді әлеуметтік маңызы бар жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауларда «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар мен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тегін жол жүре алады. Ал 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің жолақының толық құнының елу пайызын төлей отырып, жол жүруге құқығы бар. Осыған баса мән берген шаһар басшысы қоғамдық көліктердің қызметін одан әрі жақсартып, ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.
Аппараттық кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шаралары, көктемгі дала жұмыстарының барысы, қоғамдық-саяси ахуал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй қорын жаңғырту сынды мәселелер де назардан тыс қалмады.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.