Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз – Алматы әуе рейсі ашылды

0 283

«ЭЙР Астана» компаниясының «Fly Arystan» бойнгі ендігі жерде Тараз бен Алматы қалалары аралығындағы жол сапарлар мерзімін едәуір қысқартатын болады.

Арайлым Шабденова Суретті түсірген Ю.ЕФИМОВ

Аталмыш әуе рейсі 1 мамырдан бастап ашылды. Жолаушылар екі қала аралығында небары 40 минут қана ұшады. Сапардың біржақты билет құны әуежай алымдарымен қоса есептегенде 3 999 теңгеден басталады. Ал басқа да қызметтер мен қол жүктерін қоса есептегенде тарифтеріне қарай 5-6 мың теңге аралығында болады.

– Жолаушылар ең арзан бағаға ұшып баратын билетпен 5 келіге дейін жол жүгін тегін алып жүре алады. Қосымша жол жүгін алып барамын десе тағы да ақша төленеді. Мәселен, отыз келі жол жүгі 6 мың теңге болады. Былайша айтқанда, аса қымбат емес. 1 кісі қосымша ақша төлеп, 60 келіге дейін жол жүгін алып бара алады. Борттық тағамға тапсырыс беру бойынша алдын ала сайттан немесе ұшақта төлем картасымен жүзеге асыруға болады. Орынды таңдау, алғаш рет ұшаққа отырғандарға қажетті кеңестер беру секілді қызмет түрлері де қарастырылған. «Эйр Астана» әуе компаниясының департаменті болғандықтан, барлық инженерлік флот, ұшақ командирлері, борт серіктестері – тәжірибесі мол мамандар. Қауіпсіздік жағы толық қамтамасыз етілген, – дейді «Fly Arystan» әуе компаниясының директоры Жанар Жайлауова.

Тараздықтар мереке күні Алматыдан келген алғашқы рейсті «Әулие-Ата» халықаралық әуежайында салтанатты түрде күтіп алды. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова мен әуежай басшылығы және БАҚ өкілдері қатысты. Әуеден қонған ұшақты дәстүр бойынша екі жақтан арка жасап, ұшақтың үстінен су құйылды.

– «Алматы–Тараз–Алматы» бағытымен 180 орындық, заманауи «Airbus A320» ұшақтары күнделікті сапар орындайтын болады. Осылайша, жаңа әуе компаниясы аталмыш бағыт бойынша бір жылда 130 000-нан астам жолаушыны тасымалдауды көздеп отыр. Алдағы уақытта екі қала арасына ұшақтардың күн сайын ұшуы қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғындармен қатар, шетелден және өзге қалалардан келетін туристер санын арттыратыны сөзсіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Сәбитұлы.

Бұл күні Алматыдан 100-ге жуық жолаушы ұшып келді. Ал Тараздан Алматыға алғашқы болып тіркеуден өткен қала тұрғындарына компания арнайы сертификат пен сыйлық табыс етті.

– Тараздан Алматыға 40 минутта әуе арқылы жету – жағымды жаңалық. Бұған дейін пойыз, такси арқылы уақыт жоғалтушы едік. Қолжетімді бағада екі араны жалғаған компанияға алғыс айтамыз. Бүгін алғашқы рейс арқылы ұшып келдім. Ұшақтың іші таза, борт мүшелері барлығын түсіндіріп, әрбір жолаушыға жылы қабақ танытқаны көңілден шықты, – дейді тұрғын Мәрзия Амангелді.

Ұшақ Тараздан кешкі сағат 20:50-де жөнелтілсе, Алматыдан 19:20-да бері қарай ұшып шығатын болады. Айта кетейік, бұл іске «Золотой караван» туристік фирмасы атсалысуда. Тиімді бағадағы рейстер өңірдің туризм саласының дамуына да оң септігін тигізеді деп күтілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.