Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоныс тойын тойлады

0 207

Мереке қарсаңында тараздық 60 азамат қоныс тойын тойлады. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үй кілттерін аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері иеленді. Салтанатты түрде пәтер кілтін табыстау рәсіміне жергілікті билік өкілдері мен жаңа қонысқа ие болғандардың туыс-туғандары қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Азаматтардың қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев пен шаһар басшысы Қайрат Досаев арнайы қатысты.

– Облысымызда «Нұрлы жер» бағдарламасына биылғы жылдың өзінде 30 тұрғын үйдің құрылысына 16 миллиардтан астам қаржы бағытталғалы отыр. Бұл үйлердің құрылысы басталып кетті. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесін көріп отырсыздар. Баспанаға ие болған барша отбасының шаңырағына ырыс пен береке тілеймін, – деді Еркебұлан Әбілханұлы.

Тұрғын үй 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Құрылысын мердігер «Бином» ЖШС жүргізген. Нысанда 3 бөлмелі – 30, 2 бөлмелі – 15, 1 бөлмелі 15 пәтер бар. Ондағы 3 бөлмелі пәтердің ауданы – 71, 2 бөлмелі – 58, 1 бөлмелі 40 шаршы метрді құрайды.

Бүгін пәтер алғандар қатарында 12 жетім бала, 31 әлеуметтік жағынан қорғалған, 17 мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкері бар.

Айта кететін жайт, пайдалануға беріліп отырған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалатын топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі. Әр пәтердің арендалық айлық төлем көрсеткіші – 5500-6000 теңгені құрайды.

Баспанаға ие болғандардың қуанышында шек жоқ. Жастайынан балалар үйінде тәрбиеленген Бекболат Серікбай жаңа қоныстың кілтін қолына алып, қолдау көрсеткен жергілікті билік өкілдеріне алғыс айтты.

– Бүгін мен үшін өте маңызды әрі бақытты күн. Қоғамда жетім балаларға көрсетіліп жатқан мұндай қолдауға алғыстан басқа айтарым жоқ. Осыған дейінгі арманым баспаналы болу еді. Міне, ойға алғаным орындалды. Алдағы уақытта оқуымды тәмамдап, білімді азамат болып, еліме қызмет еткім келеді, – деді Бекболат.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.