Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразға тағы 40 жаңа автобус келеді

0 559
   Таразда қоғамдық көлік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде әлеуметтік желілерде тұрғындар автобустардың жүру кестесі мен қызмет көрсету сапасына шағымдарын жеткізуде. Санитарлық талаптар сақталмай, жүргізушілердің дөрекілік көрсетіндігі де жасырын емес.
Осыған орай облыс әкімі Б.Сапарбаевтың тапсырмасымен бүгін кеңес отырысы өтті. Аймақ басшысының орынбасары Рүстем Дәулет пен қоғамдық көлік тасымалдаушы мекеме басшылары қатысқан жиынды қала әкімі жүргізді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы қалада 34 бағыт бойынша 280-ге жуық автобус халыққа күнделікті қызмет көрсетуде. 1 қыркүйектен бастап жолаушылар ағымының көбеюіне байланысты автобус бағыттарының жұмыс уақыты ұзартылып, қосымша автобустар қосу арқылы олардың жүру аралықтары қысқартылуда.
Сондай-ақ, тұрғындардың сұранысына сәйкес 13 қыркүйектен бастап №8 автобус бағытын Көшеней, Сеңкібай, Сыпатай батыр көшелері арқылы «Бурыл» станциясына дейін ұзарту, ал 20 қыркүйектен бастап қатынауы тоқтап қалған №41 автобус бағытының жұмысын қайта жандандыру және №28 бағытты 15 мөлтек ауданына дейін жүргізу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, жиында қоғамдық көліктердегі электронды билеттендіру жүйесінің жұмысы да сарапқа салынды. Бүгінде 222 000 «TulparCard» көлік картасы шығарылған. Оның 199 850 картасы қолданыста болса, 22 150-і резервте. Сондай-ақ, «TulparCard» және tarazbus қосымшасын интеграциялау жұмыстары да жүргізілді. Енді тұрғындар «TulparCard» қосымшасы арқылы автобустардың қозғалысы мен бағыттарын бақылай алады.
Кеңес отырысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Р.Дәулет автопарк иелеріне халықтың арқасында тірлігін тіктеп отырғандықтан ең алдымен халықтың жағдайын жасау керектігін айтты.
Бүгінде қалада қатынап жүрген қоғамдық көліктерге қойылатын басты талап – тазалық, мәдениет, санитарлық талаптарды сақтау екендігін айтқан қала әкімі автобустардың жүру уақытын 20.00-ге дейін ұзарту мәселелсін тез арада шешуді ескертті.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қараша айында Таразға тағы 40 жаңа автобус келеді. Ал, жыл соңына дейін тағы 50 заманауи автобус қолданысқа берілмек.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.