Қалалық қоғамдық-саяси газет

Танысқым келеді менің сізбен

0 414

Құстың қос қанаты секілді адамдардың да жұп болып тіршілік кешіп, отбасылық өмірдің қызық-қуанышына бөленгені, сөзсіз, қажет-ақ. Ол үшін сыңарыңмен қай жерде һәм қашан танысқаның аса маңызды емес. Ең бастысы, табысқан өмірлік жарыңның сені сыйлап, екі адамның жарасып кеткені болса керек.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Теңін таба алмай жүргендерді жұбымен жарастыру ықылым заманда жеңгелеріміздің міндеті еді. Ал қазір оның түрлі тәсілі бар. Сондай тәсілдің бірі биыл оқырманға жол тартқанына 25 жыл болған «Jambyl-Taraz» газетінің беттерінде жарияланып тұрған екен. Отау тігу және танысу клубы 1996 және 2006 жылдар аралығында тұрақты жұмыс істеп, сүйгенін іздегендерге қалтқысыз қызмет етіп келіпті.

Отау тігу және танысу клубы

«Құрметті оқырмандар!
Сәлеметсіздер ме!
Бүгін және күнде біз
Сіздерменбіз.
Сенбедім сенің сөзіңе,
Көрінбей кеттің көзіме.
Қайтадан келші өзіме.
Тайбұрылдай тұлпарым,
Сұлуым менің сұңқарым.
Көз жетпес менің жұлдызым,
Қол жетпес менің құндызым.
Біз сіздерді күтеміз және сіздердің бақыттарыңыз үшін қызмет етеміз!».

Газетіміздің 2005 жылдың 25 қарашасындағы санында танысу клубының хабарландыруына жазылған бұл жолдар жалғыздық жанына жара салып жүргендердің жүрегінде жылулық оятатындай. Ол тұста газет арқылы танысу үшін бюроға хабарласып, бір-бірінің нөмірімен алмасқандар Тараздағы мәдениет үйлерінде кездесіп, танысып, білісіп, бірнеше кездесулерден соң отау құрған оқиғалар көптеп кездеседі. Оқырманға ширек ғасыр бойы қызмет етіп келе жатқан басылымның бойдақтардың басын құруына мұрындық болғаны қандай керемет. Газетке хабарландыру берушілердің дені орыс ұлтының азаматтары екен.

Бір қызығы, жар іздегендердің барлығы хабарландыру мәтініне міндетті түрде жұлдыз-жорамалдағы өз жұлдыз атауларын қосқан. Бұдан тоқсаныншы жылдардағы басылымдарда кең тараған үрдістің «Jambyl-Taraz»-да көрініс тапқанын, бұқараның жұлдызнамалардың сәйкестігіне көбірек сенгенін аңғаруға болады. Теңін іздегендердің талаптары бүгінгімен салыстырғанда қарапайым. Жай ғана тату-тәтті, айрандай ұйыған жанұя болу. Хабарландыру берушілердің жас ерекшеліктері біркелкі емес, 20-дағы бозбаладан 70 жастағы қарияға дейін жар табуда үміттері басым. Тағы бір аңғарғанымыз, өз өмірлерінде бір рет қателесіп, алғашқы жұптарымен жолдары екіге айырылғандар көбірек кездеседі.

Балалары барлары онысын жасырмайды. Әйелдер жағы өз ерлерінің баспаналы болуын талап тізіміне қосса, ерлер жағы әйелдерінің өздерін сыйлағанын және отбасылық өмірде өзінен бір саты төмен тұруын нақтылай кеткен. Феминизм мен гендерлік теңдік ұғымдары күн тәртібінен түспейтін бүгінгі қоғамда мұндай мәтінмен жар іздеу абсурд тудырар еді. Қалай болғанда да тоқсаныншы жылдар мен жаңа ғасырдың бастауында жар таңдаудағы ұстанымдар өзгеше болғанын оңай байқауға болады.

Газетке жарнама беруші клуб өкілдері танысуға хабарлама ұсынған бойдақтардың нөмірін жарияламаған. Жай ғана бюро нөмірін қалдырған. Онда азаматтар өздері хабарласып, таңдаған үміткерлерінің тұсына арнайы жазылған нөмір бойынша кездесуге ниеттерін білдірген. Бұл, бір жағынан, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен.

Ол кезде қарапайым халық үшін газет оқырманы болу ерекше нос-тальгия һәм романтика сыйлайтын үрдіс еді. Адамдар бір-бірін арбаудан аулақ, таза. Осылай танысып, үй болып кеткендер қаншама!

Таныстық түрлері
XXI ғасырда
Адам – нәзік жаратылыс. Арқа сүйер азамат, жаныңды ұғар жарсыз өмір сүру оңай емес. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деп те жатамыз. Бірақ әртүрлі себеппен сыңарын кездестіре алмай, дара күндерден дегбірі қашқандарға қайтпек керек? Олардың біразы бұрынғыдай апа-жеңгелеріне қолқа салғаннан гөрі ғаламтордағы арнаулы сайттарға тіркеліп, танысу агенттіктерінің қызметіне жүгінгенді тәуір көреді. Мұндай заманауи танысу һәм табысу құралдары арқылы арманындағы адамын тауып жатқандар да бар.

Кез келген әлеуметтік желілерде («Facebook», «ВКонтакте», «Instagram», «WhatsАpp», т.б.) басы бос азаматтар мен арулардың шоғырланатын арнаулы топтар бар. Бұлардың атауы да әрқилы: «Танысу алаңы», «Кел, сырласайық», «Сені іздеймін», «Танысу бұрышы». Барлығында да өмірлік жарын іздегендер аты-жөні мен жасын, бойы мен салмағын жазып қалдырады. Ғаламтор арқылы танысудың шарапатын көріп, шаңырақ көтергендер расында аз емес. Сол сияқты, әсіресе орыс тіліндегі газет-журналдарға хабарландыру беріп, серік іздейтіндердің саны біршама екен. Барлығы дерлік телефон нөмірін қалдырыпты. Жасы негізінен 45-тен жоғары екені де көрсетілген. Оған осы материалды дайындау барысында қанық болдық. Десе де, олардың адами сезімдерін талқыға салып, қызықтағандай әсер қалдырмайық деп сөзге тарта қоймадық.

Бұдан бөлек, мұндай топтағылар үшін танысу һәм тақырыптық кештер ұйымдастырылады екен. Әсіресе, біз айтып отырған басқосулар Алматы қаласында көптеп өткізіледі. Тараз шаһарында бұл анда-санда көрініс табады. Асылы, ақылы негіздегі кездесулердің басы-қасында жүріп, талапқа сай өтуіне мұрындық болатындар тапшы және онда қандай адамдардың жиналып, соңы қалай аяқталатыны да белгісіз. Бұл әлеуметтік желілердегі таныстыққа да қатысты. Солай болса да, «Үмітсіз шайтан» деген жалғызілікті жандар қайткен күнде де өз бақытын табуға тырысады. Әйтпесе, белгілі әнде айтылатындай, «іздемеген жігітке қыздар қайда?».

Алаяқтардан сақтаныңыздар!
Жақында 30 жасар Пол Брукс есiмдi жiгiт австралиялық 21 жастағы Карой Брукс деген қызбен шаңырақ көтердi. Екеуiнiң тегi аттас болғаннан кейiн қызға күйеуiнiң фамилиясын алу мәселесi де туындаған жоқ. Екеуiнiң таныстығына да себеп болған жеңгетай-интернет баяғы. Жас жұбайлар интернет, телефон арқылы 9 ай бойы сөйлесiп, көзқарастары бiр жерден түйiскеннен соң қосылуға бел буады. Бірақ интернет арқылы танысудың барлығы «хэппи эндпен» аяқталмайды. Алаяқтар арбауына түсіп қалып жатқандар да аз емес.

Бұрынғы танысу: «Көрші ауылға бойжеткен келіпті» дегенді естіген бозбалалар сұлудың үйінің маңайын торуылдап, жүзін көруге зар болып, тек құлақпен оның сұлулығын, тәрбиелігін естіп, тамсанып жүруші еді ғой. Ал бойжеткенді көрген қаншама ерлер сөйлеуге сөз таппай, тілдесе алмай арманда кететін. Иә, бұрынғы кезде солай еді. Ал қазір ше? Қанша шақырым болса да 1-2 секунд ішінде зып еткізіп смс-ті жіберіп, тоқтаусыз сөйлесіп жатады. Кейін телефон арқылы тілдесіп, «Skype», «Viber» арқылы түрлерін көріп те сөйлеседі. Тіпті желі арқылы танысып, табысып, қосылғандар да жетерлік. Өкініштісі сол, мұндай таныстықтың ақыры көбіне бақытсыздықтарға ұшыратып жатады. Таяуда ғана ақпарат құралы мектепте оқитын қыздың ғаламтор арқылы танысып, тұрмысқа шыққандығы, оған үйленген бозбаланың бір айдан кейін оны талақ етіп, басқа қызға үйленгені жайында жазды. Ата-анасы сегізінші сыныпта оқитын қыздарының біреуге тұрмысқа шыққанынан да, талақ болғанынан да бейхабар екен. Жалпы ғаламтордың бүгінде адамдарға, оның ішінде ақыл-ойлары әлі толысып үлгірмеген жастарға тигізіп жатқан залалын осылайша тізе беруге болады.

P.S: Бүгінде «Ақ босаға», «Замана» сынды басылымдар танысу клубтарын әлі күнге дейін жүргізіп келеді. Он жыл бойы «Jambyl-Taraz» да бақытын іздегендерге сеп болған екен. Осы таныстықтарды қайта жаңғыртудың қажеттілігін көріп жүрміз. Алайда бәрі тағдырдың еншісінде. Ең бастысы, жүрегіңіз алдамасын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.