Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таластан тарту

0 476

Әуезді ән, сұлу саз, шат көңіл. Осының бәрі таластық өнерпаздардың тараздықтарға ұсынған тамаша мерекелік шарасынан көрініс тапты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Шіліңгір шілденің ыстығынан аздап қажыған жұрт бұл күні «Жеңіс» саябағына жиылды. Мұнда соңғы бір айда Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына тарту есебінде облыс аумағындағы аудан өнерпаздары жұма сайын концерттік бағдарлама қоюды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы кезек Талас ауданының өнерпаздарына бұйырыпты.
«Жеңіс» саябағында орналасқан шағын сахнада өткен мерекелік шараға тараздықтар көптеп жиылды. Талас топырағы – әуелден-ақ қазақ даласына Серік Томанов, Нарша Қашағанұлы сынды дарынды ақындарды, Бейбіт Ыстыбаев, Жанқош Тұраров сынды толағай ұлдарды сыйлаған мекен. Осындай өлкеден шыққан өнерпаздардың Тараз халқын таңдандырып, жаздың самалды кешінде көтеріңкі көңіл сыйлауы таңсық емес-ті. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мұрындық болуымен «Жамбылым қандай тамаша!» деген атаумен өткен концертке Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының жас өнерпаздары атсалысты.
Мерекелік думанның шымылдығы «Әдемі-ай» би тобының орындауындағы қазақ биімен ашылды. Орталықтың күміс көмей әншілері ауданнан шыққан белгілі сазгерлердің, Шәмші Қалдаяқовтың, Кенен Әзірбаевтың әндерін шырқады. Көпшілік, әсіресе, Ықыластың «Аққу» күйін қобыз аспабында орындаған Еркеназ Сауранбектің өнеріне тәнті болып, ыстық ықыластарын қошеметпен білдірді. Дәстүрлі ән, өткен ғасырдың ең таңдаулы эстрадалық шығармалары орындалған кеште «Хастл дэнс» заманауи би тобының да өнері қатар ұсынылды. Бүлдіршін қыздар мен бойларында жастықтың алау оты маздаған жастардың көрсеткен өнері балғын көрермендерге ерекше ұнады. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әсем кеште шаттыққа бөленіп, мәре-сәре күй кешті.
– Мен осы маңдағы мөлтек ауданның тұрғынымын. Соңғы бір айда жұма сайын немерелерімді ертіп осы саябаққа келеміз. Әр ауданнан келген әнші-бишілердің өнерін тамашалап, кешкі салқынмен ойнап-күліп қайтамыз. Жаз мезгілінде көпшілікке осындай думанды кеш ұсынып жатқан ұйымдастырушыларға рақмет айтқым келеді, – дейді Тараз тұрғыны Ризакүл Махмұтова.
Ал мерекелік шараның ұйымдастырушысы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының директоры Кендия Пірман концертке жиылған қауымға көрсеткен зор қошеметтері үшін алғыс айтты.
– Бүгінгі шара Жамбыл облысының 80 жылдық тарихына, мәдениетіне тағзым. Тотыдай таранған Тараздың төрінде таластықтардың осындай көңілді кеш ұйымдастыруы зор мақтаныш. Тұрғындардың ілтипаты ерекше. Орталықтың жас өнерпаздары бүгінгідей қошеметтен соң үлкен шабыт алып қайтады деген ниеттемін, – деді Кендия Тәшімқызы.
Концерттік бағдарлама «Көңілашар» триосының орындауындағы Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған «Таласым» әнімен түйінделді. Тамаша кештің соңында көпшілік арнайы ұйымдастырылған отшашуды тамашалап, шат-шадыман күйде тарқасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.