Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүк тасымалы жеңілдейді

0 19

Жамбыл облысы бірегей тауарлардың бірнеше түрін өндіретін аймақ ретінде сауда қатынастарын дамытуды жыл сайын үдете түсуде. Жүк тасымалын жүзеге асыратын рейс бағдарламасын орындау үшін қабылданған алғашқы шетелдік ұшақ бұл міндетті қалтқысыз атқаруға мүмкіндік береді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Юрий КИМ

Өткен аптада тараздықтар үшін айтулы оқиға орын алды. Халықаралық «Әулие-Ата» әуежайы өз базасына «Mongolian Airlines» әуе компаниясының жүк тасымалдайтын ұшағын қабылдады. Бұл ұшақ «SCAT» әуе компаниясымен бірлесіп, жүк тасымалын ұйымдастырушылар қатарында үздік атанбақ.
Тараз авиациясы жолаушылар тасымалы жөнінен көшбасшы емес. Дегенмен өңіріміздің жүк тасымалының күретамыры атануына мүмкіндігі мол. Көрші облыстардың ірі әуежайлары әртүрлі рейстермен бұрыннан бірлесе жұмыс істейді. Ал көрші елдер арасында тауар жеткізуді қамтамасыз ететін ірі жүк тасымалдау орталығына түрлі лайнерлерге лайықты қызмет көрсету міндеттеледі. Бұл алғашқы қадамның іс жүзінде жүк тасымалын одан әрі дамыту жолындағы маңызы жоғары. Бірінші кезекте электрондық коммерция тауарлары мен пошта жөнелтілімдерінің көлемін біртіндеп арттыра отырып, Ираннан, Түркиядан және Батыс Қытайдан жүк тасуды жолға қою мәселесі тұр.

– Жүк тасымалы мен логистика – экономиканың күретамыры. Қазақстан Республикасынан медициналық жабдықтар, автобөлшектер, техника, электроника сияқты тез жеткізуді талап ететін тауарларды импорттау мен экспорттау үшін көп мүмкіндіктер ашады, – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
«Әулие-Ата» халықаралық әуежайы – Еуропа, Орта Азия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы авиациялық қатынастардың ең жақын тораптарының бірі.
Бірінші моңғолдық ұшақты тараздықтар ерекше қарсы алды. Тараз әуежайына жаңадан қонған ұшаққа дәстүрлі түрде үлкен техникамен су шашты. Ал ұшқыштарды «Mongolian Airlines» авиакомпаниясының президенті мен әуежай басқармасының төрағасы күтіп алды.
– Біз бүгін қабылдаған жүк ұшағы біздің әуежайға тұрақты қонатын болады. Осы жерден рейстерге ұшады. Ынтымақтастық нәтижесінде Жамбыл облысы мен бүкіл Оңтүстік Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін, етті және тірі малды экспорттау көзделген. Кері бағытта Түркия, БАӘ, Моңғолия сияқты елдерден тауарлар импорты жоспарлануда. Келген ұшақ төрт-бес сағат ішінде 20 тоннаға дейін жүк тасымалдай отырып, шағын қашықтықта жұмыс істейді. Осы кеменің қалада орналасуы біздің әуежайдың мүмкіндіктерін көрсетеді, басқа компаниялардың қызығушылығын оятады. Өңірдің жүк тасымалының орталығына айналуға мүмкіндігі мол екенін осыдан аңғаруға болады, – деді «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Дәулет Хамзин.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.