Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талантты жастар – ел болашағы

0 616

Кез келген қоғамның қозғаушы күші – өсіп келе жатқан жас буын. Жастары белсенді, талантты, озық ойлы елдің келешегі де кемел болмақ. Себебі талантты жастар жаңа Қазақстанның жарқын болашағының қалыптасуына өз үлестерін қосады деп сенеміз.

Жастар мәселесі Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған емес. 2019 жылы жарияланған Жастар жылы жастарға қолдау көрсетіліп, олардың бойындағы талантын тану мақсатында көптеген игі бастамалар қолға алынды. «Елінің болашағын білгің келсе, жастарына қара» деген Президенттің бастамасымен қазақстандық жастарға қамқорлық көрсету, оларды түрлі теріс бағыттардан қорғау, таланттарына қолдау көрсету, жастардың озық идеяларын жүзеге асыру мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, нақты істер жасалуда. Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып, кәсіби маман атанып, мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге дағдылануы жоспарлы жұмыстардың сапалы жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Себебі елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастарға артылар міндет ауқымды, жүктелетін жұмыс жеткілікті.
Дана халқымызда: «Асыл тастан, ақыл жастан шығады» деген нақыл сөз бар. Отандық жоғары оқу орындарында тәрбиеленіп жатқан бүгінгі жастар ертеңгі күні Отанымызға қызмет ететін адал қызметкер болып қалыптасары анық. Жастардың бойындағы табиғи таланты мен дарынын танып, қолдау көрсете білгенде ғана олардың арасынан жалынды да жасампаз тұлғалар іріктеліп шығатыны белгілі.
Көк туымыздың биік желбіреуі үшін әр салада ізденіп жүрген жастардың легі күн санап өсіп жатқандығы болашаққа деген сенімді нығайта түседі. Тіліміз бен ұлттық өнерімізді әлемге танытқан жас жұлдыздардың ішінде Димаш Құдайбергеннің жарқ етуі – біз үшін үлкен қуаныш.
Қазақтың қасиетті аспабы қара домбыраны шебер тартуымен де Димаш жастарға үлгі. «Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да бола алмайды, жеміс те бермейді», – деп Бауыржан Момышұлы атамыз қазақтың ән, музыка өнерін, олардың адам өмірінен алатын орнын керемет суреттеп берген еді.
Осы кезде айтарымыз, тараздық өнерлі жастар да көптеген халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, туған жерімізді халыққа танытып жүр. Мысалға алсақ, «Қазақстан дауысы» тележобасының финалисі Айлун Заушева,«Бурабай Фест» халықаралық өнер фестивалінің, Анталияда өткен халықаралық өнер байқауының бас жүлдегері Саят Әлихан, көптеген халықаралық, республикалық би байқауларының жеңімпазы «М-арт» би студиясы, «Euro talents» ІІІ халықаралық өнер фестиваль-байқауының І орын иегері Гүлсезім Алпысбай, Мәскеу қаласында өткен көп жанрлы өнер және шығармашылық фестиваль-конкурсының лауреаты Бекмұхамед Ғазизжанұлы, халықаралық «Золотые таланты» шығармашылық фестивалінің жеңімпазы, биші Сабина Төленова, республикалық «Farabi Land» өнер фестивалінің жеңімпазы Бақытжан Тұрсынбай және өзгелерді мақтанышпен айта аламыз.
Осыған қарап, егемен елімізде талантты, өнерлі буын өсіп келе жатқанына көз жеткіздік. Әрине, өнерлі ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Өнерлі ұрпағы бар ел өркениетті ел болары сөзсіз. Еліміздің ертеңіне айналар өнерлі балалар мен жасөспірімдер жезтаңдай әншілігімен, күмбірлеткен күйшілігімен, мың бұралған бишілігімен, сөз қадірін түсінген шешендігімен елімізді әлемге танытатындарына сенімдіміз.

Б.Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.