Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талай нәубет бастан өткен

0 180

Коронавирус індеті мемлекетаралық қарым-қатынасты ғана емес, адамдардың да апат жағдайындағы психологиялық бетпердесін ашып берді. Көп нәрсеге салыстырмалы көзқарас қалыптастырып, кісілерді ұмыта бастаған тәубесі мен шүкіріне қайтарды.

«Дүкендерде азық-түлікті талап әкетіпті», «42 500 теңгенің кезегінде адамдар арасында төбелес орын алыпты» деген алыпқашпа әңгімелерді естіп сенгің келмейді. Өтірік болып шықса екен деп тілейсің.
Талай тар жол, тайғақ кешуде мың өліп, мың тірілген халықты осындай ұсақтыққа қимайсың. Ғылыми-техникалық дамудың бастауында бел алған апаттар мен адам шығындары дәл қазір адамзат дамуының шарықтау шегіндегі, инновациялық нанотехнологияларды еркін меңгеріп отырған ғасырда орын алуының мүмкін еместігіне сенгің келеді. «Жалмауызға да жан керек» дегендей, капиталистер мен импералистер де ет пен сүйектен жаралған адамдар, баюға деген құштарлығы болмаса, өлуге деген ниеті жоғы анық. Ал біз болсақ, бұдан жаманымызда да тойға барғанбыз, ең бастысы дәл менің анам айтқандай жағдай болмасын деп тілейік.
Қайта-қайта мемлекетке ет пен астық салығын өтеуден елдің ығыры шыға бастаған. Бала болсақ та үлкендердің әңгімесінен «Әулиеатадан қарулы жасақ шығып, мемлекеттің салығын орындаудан жалтарып жүрген байларды кәмпескелейді екен, малын жасырып салықтан қашып жүрген бір екі танымал кісілерді «контра» деп итжеккенге айдатыпты» дегенді естіп қаламыз. Бұрынғыдай емес, колхозда да мал жоқтың қасы, астық егілмейді, тек малмен күнелтіп отырған ауылға жайлап аштық ендеп келе жатқан.
Он бір жастан асқан кезім. Ойық ауылында ашаршылықтан алғашқы адам шығындары болып, халық күйзеліп жатқан кезеңде ел-жұрт тамақ іздеп, босып қалаға қарай ауа бастады. Бір ағайынымыз ертерек көрші Қырғызстанға өтіп кеткен еді. Шаруасы оңдалып қалған екен, біздің жағдайымызды естіп, ат арбамен алып кетуге келген. «Шатура» даласындағы ат арба жолында жаяу жалпылап қалаға ағылған елде есеп жоқ. Жағдайы барлар ат арба, өгіз арбаға төсек орындарын, кәрі ата-аналары мен жас балаларын салып алған. Ересектеу балалар арбамен ілесіп жаяуласа, қалған жұрт арбамен қапталдасып ілесіп келеді. Анда-санда тоқтап, қолымызда бар жаужұмырдың тамырын ас етеміз. Оны да балалар мен қарияларға аз-аздап беріп қояды. Жолға, аштыққа шыдамаған кәрі-құртаң кісілер елеусіз қалып кетеді, бірақ оларға қарап жатқан ел жоқ, сәл-пәл күші бар әлділері өңмеңдеп алға ұмтылады. Әңгіме, сөз, күлкі деген ұмытылған, ел үнсіз тұнжырап, сазарған қалпы тоқшылыққа қарай өлекселерін сүйреп келеді. Екінші тәуліктен асқанда, әр жерде жол жиегінде қисайып жатқан адамдар сұлбасы көбейе бастады. Бұларға жақындағанда, үлкендер біздің басымызды тұмшалап, оларға қаратпауға тырысады. Тамақсыз екі-үш күн жүру оңай ма, біздің ағайындардың да біразы жүруге жарамай қалып кетіп жатты. Бірақ оларға қарайлап жатқан ешкім жоқ. Ашыққан балалар жылап, аналарының мазаларын ала бастаған. Әсіресе, әкем Нұрымбеттің жамағайыны Есіркептің жесірі Қатшакүлдің үш қызы қыңқылдауын қояр емес.
Әлден соң бір жерге демалуға тоқтадық, әр жерде алқа-қотан отырған ел. Жағдайы барлар жер ошаққа бірдеңе пісіріп, кейбіреулері қолдарына түскенді азық етуде. Біздің көште ауызға басар ештеңе қалмаған сияқты, жан-жағымызға қарамай үнсіз демалып отырмыз. Қыздары қыңқылдап қоймаған соң, Қатшакүл екі кішкентай қызын маған қалдырып, ересектеу қызын жетектеп кеткен. Бие сауымдай уақыт жоқ болып кеткен Қатшакүл жалғыз оралды. Қызы жоқ, маған үнсіз ғана «үндеме» дегендей белгі жасады. Көп ұзамай ары қарай кеттік, Қатшакүлдің қызын іздеген ешкім болмады.
Арып-ашып Қырғызстанға, Жуантөбеге жеттік. Әкем колхоздың қойын бағуға шықты. Елдегідей емес, шыр бітіп, тоғайып қалдық. Қатшакүл жеңгем анаммен бірге колхоздың жұмысында. Бірақ бұрынғыдай емес бұйығы, ашылып сөз айтпайды. Томаға тұйық жұмысына барады, содан соң ес біліп қалған екі қызын маған қалдырып, ауыл аралап кетеді. Ерте есейдік қой, зерек көңілім қызын іздеп жүргенін сезеді. Інім Құдайбергенді арқалап, колхоздың жұмысына кеткен ата-анам мен үлкендерді жоқтатпай әрі Қатшакүл жеңгемнің екі қызына қараймын.
Жақын ауылдарды аралап шыққан Қатшакүл енді елден ауып келгендер орналасқан алыс ауылдарға шығатын болды. Сансырап түнде келеді, ерте тұрып жұмысына кетеді. Өзі азып-тозып, өлерменге айналды. Бірде анам: «Әй, Қатшакүл, «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген бар. Үмітіңді үз, мына екі қарашығыңа қара, қызың тірі болса бір жерден шығар», – деп ұрысып тастаған. Содан бері Қатшакүл бұрынғыдай ауыл аралағанды қойды, бірақ денсаулығы сыр бере бастаған.
Біраз жылдан соң соғыс басталды, әкемізді еңбек майданына алып кеткен. Өңкей қатын-қалаш күндіз-түні майдан үшін еңбек еттік. Есейіп қалған бізді де қалдырмай масаққа алып кетеді, күндіз-түні жұмыс. Осы тірліктің ішінде сүлдесін сүйретіп Қатшакүл жеңгем де жүретін. Дегенмен әбден әлсіреген денсаулық қойсын ба, бір күні Қатшакүл өтті өмірден. Жаназалап жерге берген соң, екі қызын нағашылары алып кетті. Жерлеп келген күні анам: «Бейшара қызынан тірідей айырылғанын көтере алмай құсадан өлді-ау, әйтпесе жап-жас емес пе?», – деп ауыр күрсінді. Сонда анамның сөзінен ұққаным: сол ауып келе жатқанда «еш болмаса ересектеу ғой, осы қызым аман қалсын» деп қазан асып отырған бір топ адамдардың ортасына білдірмей тастап кеткен екен. Қайран ана, шарасыздықтан істеген әрекеті ақыры өзіне ажал болып жабысты. Қазір ойласам, Қатшакүл сол кезде небары 25 жаста екен.
Міне, ашаршылықтың зардабы. Анам дастарқан үстіндегі нан қоқымын ұқыппен жинап, аузына салып, жаулығының етегімен дымқылданған көздерін сүртіп қойды. Ал мен қазіргі жағдай мен сол жайды салыстыра отырып, өзіме де, еліме де тәубе, сабыр, төзім тіледім.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ,
прокуратура ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.