Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ардагерлерге көмек – жастарға міндет

0 232

Тараздық еріктілер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында шаһардағы ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, шаруаларына қолғабыс етуде.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бұл жолы волонтерлер тобы 93 жастағы ҰОС ардагері Анна Беляеваның үйіне ат басын бұрды. Ерікті жастарды жылы қарсы алған қарт ана жасының ұлғайғанына қарамастан, ауласына өзі бас-көз болып жүргенін, жанашыр көршілері мен балаларының арқасында үй шаруасын жүргізу үшін көмекке қатты мұқтаж еместігін айтты. Дегенмен қала жастарының меселін қайтармай, талаптарына ризашылық білдірген ардагер әже еріктілерден бақшасын арамшөптерден тазартып, қыз балаларға үйін жиыстырып беруді өтінді.
Анна Павелқызы 1927 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы Жамбыл облысында өткен ардагер орта білімді шаһардағы №40 мектептің қабырғасында алған екен. 7-сыныпта сұм соғыстан хабар келіп, құрбыларымен бірге жеделдетілген медбикелік дайындық сыныбында оқиды. 1941 жылдан бастап майдан даласына әскери-санитарлық пойызбен аттанады. 4 жыл бойы қаптаған қалың оқтың ортасындағы жаралы жауынгерлерге медициналық көмек көрсетумен болған Анна әжейдің жастық шағы сұм соғыспен тұспа-тұс келді. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күнінен Мәскеудегі Жеңіс шеруіне дейін қатысып, ұрыс даласының ірі нүктелерінде болып қайтқан.
– Қазір айтсам, елге ертегі секілді естіледі. Рас, мен қолыма қару алып жауға аттанған жоқпын. Бірақ қолсыз, аяқсыз қалған жаралы жауынгерлердің өмірі үшін арпалысып, олардың шаңырағына оралуына себепші болып, қып-қызыл қанның ортасында 4 жылымды өткіздім. Майдан даласынан салқынқанды, ер мінезді болып оралдық. Менікіндей жастық шақты ешкімнің басына тілемеймін. Біздің маңдайымызға сол соғыс жазылған екен. Елге оралған соң көбіне сауда ісімен айналысып, бірнеше жерде қойма меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бүгінгі жастарға тек татулық, денсаулық тілеймін. Кез келген алмағайып шақта елді құтқаратын жалғыз нәрсе – бірлік пен татулық. Осыны біліп жүріңдер, – деп өсиет етті ардагер әже.
Сондай-ақ қария жастардың үлкендерге көрсетіп жатқан құрметі мен қолдауларына тәнті болып, риясыз ризашылығын білдірді.
Бүгінде шаһарда майдан даласында Отан үшін от кешкен 33 ардагер бар. Өкінішке орай, олардың саны күн санап емес, сәт санап азайып барады. Бейбіт дәуірде дем жұтуымызға себепкер болған ардагерлерге дер уағында құрмет яки қошемет көрсету – жастардың асыл міндеті, парызы. Бұл бағытта Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты қалалық жастар орталығының базасында 700-ге тарта еріктілер құрамы жасақталған. Аталмыш мекеме басшысының міндетін атқарушы Абзал Есіркепов ҰОС майдангерлеріне арналған еріктілер көмегі тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл бойы көрсетілетінін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.